Кейінгі жылдары Атырау облыстық балалар ауруханасында күрделі операциялар жиі жасалып жүр. Аурухана директоры Нұрғабыл Айтмұханбетовтің дерегіне сүйенсек, былтыр 11 айда – 3 480, оның ішінде 1 933 (55%) операция шұғыл түрде жасалған.
Өткен жылы мұнда «Шұғыл балалар хирургиясы» жобасы іске қосылды. Жақында аталған жоба аясында академик С.Долецкий атындағы Ресей медициналық үздіксіз кәсіптік білім беру академиясының кафедра меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы Юрий Соколов науқас балаларға күрделі бес операция жасады. Ресейлік хирург бұған дейін Алматы, Ақтау, Семей қалаларында шеберлік сағатын өткізген екен. Ал Атырауға алғаш рет келуі.
«Шеберлік сағаты күрделі операцияларды заманауи технологияның көмегімен жасау, жергілікті мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында өткізілді. Мұнда заманауи медициналық жабдықтар бар. Бес операция жасадым. Атыраулық дәрігерлерге әр операцияның күрделілігі, маңызы жөнінде тәжірибеммен бөлісіп, толық ақпарат бердім. Жалпы, медицина саласы жаңашылдықты талап етеді. Алдағы уақытта ауруханалар жаңа технологиялармен толықтырылып, дәрігерлер білімін ұдайы жетілдіргені жөн», дейді Ю.Соколов.
Облыстық балалар ауруханасының директоры Н.Айтмұханбетовтің айтуына қарағанда, ресейлік балалар хирургі емдеу тәсілдерін жергілікті дәрігерлерге үйреткен. Операцияның бәрі сәтті болған. Қазір операция жасалған балалардың жағдайы қалыпты, дәрігерлердің жіті бақылауына алынған.
«Күрделі операция 3-15 жастағы балалардың асқазан-ішек жолдары диагнозымен жасалды. Бір баланың гемолитикалық анемиясы бар. Операция кезінде көкбауыр кистасы алынып тасталды. Тағы бір балаға өт жолдарының ақауы диагнозы қойылған. Балалардың бәрі операциядан кейінгі оңалту кезеңінен өтіп жатыр», дейді балалар ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі Гүлмира Мерғазиева.
Ал «Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының медициналық орталығы» ауруханасының дәрігерлері, кардиохирург Әлібек Тойбаев, кардиоанестезиолог Ақерке Бексейітова және перфузиолог Жәнібек Әшіров шеберлік дәрісін өткізді. Елордалық дәрігерлер MIDCAB әдісімен бес операция жасады.
«МIDCAB – жүректің алдыңғы қабырғасында орналасқан үлкен коронарлық тамырдың бітелуіне байланысты қолданылатын әдіс. Бұл операция кеудені түгел ашпай, жүрек тұсынан тесу арқылы жасалады. Коронарлық тамырдың бітелуі – жүрек талмасына ұшырататын негізгі себептің бірі. Ал МIDCAB әдісімен операция жасалған науқас бірнеше күннен соң тез қалпына келеді», дейді Ә.Тойбаев.
Оның айтуынша, МIDCAB әдісі күнделікті тәжірибеде қолдануға жеңіл әрі науқастардың стационарда ем алу уақытын қысқартады. Сондай-ақ күрделі кардиологиялық операциялардан сақтануға мүмкіндік береді.
Атырау облысы