«Атамекен» ҰКП Атырау облыстық филиалы кәсіп бастағысы келетіндер арасында бірнеше жобаны іске асырып келеді. Сондай жобаның бірі – «Кәсіпке бағыт». Бұл жобаға қатысқан 57 адам үш ай білімін жетілдіріп, кейбірі өз ісін бастады.
Махамбет ауданындағы Еңбекші ауылының тұрғыны Тоқтар Төлегенұлы кәсібін кеңейту үшін 1 миллион 380 мың теңгенің грантына ие болған. Ол бес жылдан бері бие ұстап, қымыз сатуды қолға алған.
«Қымызды дайындаудың қиындығы көп. Мұны осы істі кәсіп еткендер жақсы біледі. Грант қаржысына қымыз пісетін, күбі ыстайтын құрылғылар, бір бие сатып алдым. Мәселен, бұрын сауылған бие сүтін күбіге құйып, қолмен кемінде 3-4 мың рет пісу керек еді. Сол кезде қымыз дайындау уақыты төрт сағатқа дейін созылатын. Ал автоматты күбі құрылғысын алғалы бері қымызды бір сағатта дайындайтын болдым. Күбіні ыстамаса, қымыздың дәмі келмейді. Әр күбіні ыстауға біраз уақыт жұмсалады. Енді күбі ыстайтын пеш бар», дейді Тоқтар Төлегенұлы.
Қазір оның иелігінде 4 бие бар. Жыл сайын ауылдастарына, өзге де тұтынушыларға дертке дауа болар қымыз ұсынады. Саумалға сұраныс көп түседі. Бес жылдан бері Атырау, Құлсары, Ақтау қалаларынан, шалғайдағы Құрманғазы ауданынан тұрақты тапсырыс берушілер бар.
Тоқтар Төлегенұлы қымызды базарға, не дүкенге өткізбейді. Бұл – оның айнымайтын ұстанымы. Өйткені делдалдыққа бет бұрғандар қымызға су қосуы мүмкін. Ал су ұлттық сусынның дәмін бұзады.
«Менің таңдауым ұлттық тағамдарды дайындауға түсті. Бұл кәсіпті бастағаныма бес жыл болды. Биелерге сүті құнарлы болуы үшін арпа, қара бидай мен кебек, жоңышқа беремін. Жем-шөптің бағасы да қымбат, айналада мал жайылатын жайылым тарылып барады. Осы мәселе қиындау болып тұр», дейді Т.Төлегенұлы.
Оған жары Мөлдір Сисенова қолдау көрсетіп отыр. Ерлі-зайыптылар биенің санын 10-ға жеткізуді ойластырып жүр. Сиыр сауып, айран, құрт пен қаймақты саудаға шығарады.
«Алдағы жылдары балаларға ұлттық салт-дәстүрді насихаттайтын этноауыл ашқым келеді. Өйткені қазір балалар бос уақытын телефонға телмірумен өткізеді. Бұл олардың халқымыздың салт-дәстүрінен, әдет-ғұрпынан алшақтауына әсер етеді. Балалар бір мезгіл алтыбақан теуіп, садақ атып, асық ойнағанын қалаймын. Аға буын өкілдері этноауылда балаларға ұлттық құндылықтың қадірі, жөн-жоралғысы туралы ұлағатты әңгіме айтып отырса, қазақы қалпымызды жоғалтпас едік», деп ол ойында жүрген жоспарын жеткізді.
Атырау облысы