Балық шаруашылығы – Маңғыстауда кең қанат жаймаса да, өзіндік тыныс-тірлігі бар сала. Өңірдегі 169 балық бригадасында 811 балықшы бар. Балық аулауға арналған 33 аймақ Түпқараған мен Қарақия аудандарында орналасқан. Балық шаруашылығында түйткілді мәселе де бар. Сол себепті өңірдегі балықшылар мәселелері, саладағы кадр тапшылығы өңірлік кәсіпкерлер палатасында арнайы ұйымдастырылған семинарда талқыланды.
Амангелді Бексариев балық шаруашылығымен жастайынан айналысады. Ол төрт ай бұрын Атыраудан бекіре тұқымдас балықтардың шабақтарын арнайы алып келіп, Маңғыстауда өсіруді көздеген екен.
– Қарақия ауданының Құрық ауылы маңындағы Сарша жерінде балық шаруашылығын бастап жатқан жайым бар. Тұщы суда тіршілік еткен балықтардың Каспий теңізінің суына бейімделуін бағамдау үшін 100 данасын әкелдім. Осы бағытта ісімді жалғастыруға ниеттімін – деді ол.
Сондай-ақ басқосуда балық шаруашылығы саласын жетік меңгерген білікті мамандардың аздығы сөз болды. Білім мен ақпараттың жетімсіздігінен өңірдегі 800-ден астам балықшы мемлекеттен берілетін субсидияға қол жеткізе алмады. Сондықтан 30 жылдық тәжірибесі бар балықшы А.Ниматов әріптестерін үш күн оқытуға келді.
– Гранттар балық шаруашылығы мамандықтарына бөлініп жатқанымен, балықшы мамандығына сұраныс аз. Сол себепті, көп грант кері қайтарылды. Біз семинарлар, курстар ұйымдастырып, институттардың жанынан қысқа курстар ашып, маман даярлауымыз керек. Кадрсыз балық шаруашылығы дамымайды, – деп атап өтті А.Ниматов.
Маңғыстауда Каспий теңізінен 100 мың тонна балық аулау жоспарланды.
Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Рашит Мұстапаевтың айтуынша, 2021-2030 жылдарға арналған балық өсіруге арналған Үкімет қаулысы негізінде ауқымды шаралар қолға алынып отыр. Балықшыларға шаруашылықтың қыр-сыры үйретіледі. Палатадағылардың айтуынша, балық үш жылда уылдырық бере бастайды десек, балық кәсіпшілігінен де мол қаржы тауып, шығынды өтеуге болады.
Маңғыстау облысы