Қазақ-Британ техникалық университетінде жатақхана және спорт кешені ашылды. Тоғыз қабатты жатақханада студенттерге сапалы білім алуға қолайлы жағдай қарастырылса, шамамен 200 орынға арналған үш қабатты спорт кешенінде үстел теннисі, бокс, күрес, футзал, волейбол, баскетбол, гандбол және басқа да спорт түрлері, бұған қоса хореография сабақтарын өткізуге арналған жаттығу залдары жұмыс істейді.
Университет ректоры Маратбек Ғабдуллиннің айтуынша, қазіргі кезде студенттерге жағдай жасау мақсатында игі істер жалғасын тауып жатыр. Осыған орай жалпы ауданы 14 мың шаршы метрден асатын екі жаңа ғимаратта 980 орындық жатақхана мен спорт кешенінің құрылысы аяқталды. Осылайша, оқу ордасы студенттердің тұрғын үй қажеттілігін қамтамасыз етіп отырған университеттер қатарына қосылды. Жатақхана жоспарланған мерзімінде тапсырылып, құрылыс жұмыстары университеттің жеке қаражаты есебінен жүргізілген. Мердігер – BI-Group құрылыс компаниясы. Университеттегі студенттік басқарманың жетекшісі Диана Серікбаева жаңа жатақхана академиялық отбасы үшін білім, ғылым саласында дамуға ықпал етіп, студенттердің құтты үйіне айналатынына сенім білдірді.
Алматыда жатақхана тапшылығын азайту мақсатында былтырғы жаздан бері Жобалық кеңсе жұмыс істеп келеді. Қала әкімі Ерболат Досаев 2025 жылдың соңына дейін 12 мың, 2030 жылдың соңына дейін 20 мың орынмен қамтамасыз ететінін айтқан болатын. Қазіргі кезде жобаны қолдауға 114 әлеуетті инвестор өтініш білдіріп отыр. Қазақстан-Британ техникалық университеті осы бағытта Алматы қаласы әкімдігімен, Ғылым және жоғары білім министрлігімен тығыз байланыста. Жатақхана мәселесінің өзектілігін ескере отырып, басқа қаладан келіп оқитын барлық студентті қамтамасыз ету мақсатында заманауи талаптарға сай жаңа ғимараттар салу туралы шешім қабылдаған еді.
Университеттің Ақпараттық технологиялар және инженерия мектебінің магистранты Симон Нутсуглоның айтуынша, жатақхананың ашылуы – университет үшін ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен келген студенттер үшін де маңызды оқиға. Ал жаңа ғимарат жаңа идеялар мен жаңа жетістіктерге жетелейді.
Жатақхана корпустарында оқу, демалыс, ас бөлмелері, 120 орындық акт залы, 70 орындық асхана, киім жуатын орындар, төсек-орындарды қабылдайтын және тапсыратын бөлмелер қарастырылған. Сондай-ақ жеделсаты, бейнебақылау камералары мен Wi-Fi қосылған.
АЛМАТЫ