Бүгінгі заманауи әдебиет туралы айта бастасақ, аузымызға Айтматов түсе кететіні неге? Отқа оранған ойым Шыңғыс шығармаларына оралатыны қалай? Оралмасқа амалым да жоқ сияқты көрінеді.
Әлбетте, Айтматовтың әдеби әлемінің актуальділігі, Айтматов көре білген адамзат әлемінің ақиқаттығы. Өйткені ол – кешегі мен бүгінгі бұлыңғыр күннің тап басқан тамыршысы, жаңаша өзгеріп жатқан заманның, жаңарған уақыттың арасын жалғап жатқан алтын көпір, бірегей тұлға. Айрықша жазушы, ерекше шығармашылық иесі. Оның орнықты ойлары мен сергек сөздері, терең таныммен ұштасып кеткен ұшқыр интуициясы қазіргі әлемді жайлап алған ойран-топан қоғамдық қозғалыс пен дүр-дүмпулерге барынша жауап бере алатын, аумалы-төкпелі уақыт сынына төтеп беретін іргетас секілді.
Дәл қазір Батыс пен Шығыс текетіресі өзгеше тұрпатта көрініп, өзгеше градуста көтеріліп, өзгеше меридианда өлшеніп, атомдық қару қолданарлықтай өршіп тұрған күрделі кезеңде, қауіпті болжауларды бастан кешіп отырған шақта бізге Айтматов сияқты тұлғалардың тың ойы мен білікті пікірі жетіспей-ақ отыр. Әлемдік масштабта ойлай алған, әлемдік орбитада сөзін көркем әдебиет қуатымен жеткізе білген Айтматовтай тұлғаның көлеңкесіне зар болып қалғандаймыз. Бәлкім, Айтматов бағзы Манас бабасындай «Шоң Шыңғыс» болып «Ыстықкөл форумынан» немесе Брюссель мінберінен саңқылдай дауысы естілгенде, әлемдік ойшылдар үн қосар ма еді? Өзінің сүйікті «Жәмиләсін» алғашында «Әуен» деп атағанындай, айпара әлемді Айтматов әуені Алатау самалындай сергіте желпіп, өзгеріске ұшырап жатқан әлем саясаты басқаша әуенге бет бұрар ма еді?
Әлқисса! Айтматов әуені қай әуен? Қырғыз баласы ретінде айтқан Айтматовтың алғашқы әуені Жәмилә мен Даниярдың 1957 жылы «Новый мир» журналында бірлесе салған әні еді. Ол ұлы махаббат әуені еді... Жиырма тоғыз жастағы жас қырғыз жігітінің адам баласына әлемге қарата шырқаған әуенді үні, әуенді дауысы, әуенмен жеткізген кіршіксіз махаббаты еді.
Айтматов адамзатқа деген осы ұлы махаббатынан өле-өлгенше айнымай өтті. Сол жолда қаламын жүрек қанына суғарып, тек жалын жүрек пен салмақты сананың сөзін айтумен кетті.
Ал Айтматовтай жампоздың жал-құйрығы күзелмей, сөзі түзелмей оқырманына жетіп жатты ма? Ақиқатында солай ма? Ол үшін әр жаңа шығармасын тудырған сайын соцреализм цензурасын айналып өтуде сана мен сезімге салмақ салған қаншама қиямет-қайым үдеріс болғанын екінің бірі біле бермесі анық.
Әп-бісміллә деп бастаған «Бетпе-бет» повесі «Ала-Тоо» журналында 1957 жылы басыла салысымен жазушыға «ақ жол» ашқаны рас. Бірақ түрлі жерде «Совет солдатын «сатқын» деп жазатындай бұл кім сонша?» дейтін күңкіл соңынан ергені тағы шындық...
Рухани жақтан өзіңді-өзің тұмшалатқан, санаңды еркін ойлауға, сезіміңді көсіле сілтеуге кедергі жасатқан қызыл қоғам алгаритмі қол-аяғын тұсауға тырысты. Міне, осындай салдуарын сәтте жазушы атаулыға білім және білікпен қоса шеберлік көмекке келетіні шындық. Ең бастысы, ұлтшыл қазақ жазушылары айтатындай цензураны адастырып, асты-үстіне түсіре астастырып жіберетін шындық пен ерлік керек.
«Бетпе-бет» повесі арқылы «совет солдаты сатқын емес, бізде сатқындар жоқ» деп келген сталиндік цитадель-догмаға 1957 жылы жасқанбастан, үрейленбестен қарсы шыққан, социалистік жүйе қалыптастырған мызғымас фундаментті ырғап, сөккен жап-жас Шыңғыс Айтматов еді!
Жазушы суреттеген Смайл сатқын арқылы совет қоғамы шындығын әйгілеп қана қойған жоқ, аз ғана халықтың ар-намысы мен махаббатын Сейде әйелдей семсер-ана арқылы паш етті. Қоғамда қалыптасып қалған коммунистік қатал көзқарасқа қарсы айтматовтық көзқарасын ашық айтты, анық білдірді. Сейдедей ананың ұлы махаббаты арқылы Смайлдай күйеуінің сатқындығын әшкерелеу ол кездегі социалистік әдебиет әлемінде кездеспеген образ болды.
Айтматовтың сатқын образы – совет әдебиетіндегі соцреализм сеңін бұзып, алғашқы мұзжарғыш кеме сияқты болды. Бұл – шындық.
Ал «солдат сатқындығы» туралы мақталып жүрген, сол үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығын алған беларусь жазушысы Василь Быковтың «Сотников» повесі кеш – 1969 жылы жазылды... 1970 жылы ғана жарық көрген болатын. Сол сияқты совет әдебиетінің классигі атанған, сібірлік орыс жазушысы Валентин Распутиннің «Живи и помни» повесі де тек 1974 жылы жарияланған еді. Ол да жарық көре сала мемлекеттік сыйлыққа ие болған.
Ал аты да ауызға іліге бермейтін, айтыла да қоймайтын қырғыз баласының ғажап повесі «Бетпе-бет» кеңестік әдеби үдерісте жаңаша жазу, қорықпай, үрікпей жазу дейтін батылдық пен батырлық жол, әдіс пен айлалы шеберлік соқпағын салғаны ақиқат. Осыдан-ақ Айтматов уақыттан озып, өз сөзін айтқаны, азаматтық позициясын айқын танытқаны анық.
Осы бір соқтықпалы, соқпақты жолдан сүрлеу тауып даңғылға шығып кетуді жас Шыңғысқа нұсқаған кім деген ой келеді бүгінде. Әлбетте ұлы ұстазы сияқты болған, алғаш «Жәмиләсін» қолжазба күйінде оқыған, әлемге танытуға жол ашқан, ағалық ақылын айтқан, тұңғыш рет сол кездегі ең үлкен бас сыйлыққа үкілеп қосқан, онда да дүйім марғасқалардың алдында қорғап сөйлеген, ақжол тілеген Әуезов еді...
Айдай әлемге әйгілі Мұхтар Әуезов жас Айтматовқа 1958 жылдың қоңыр күзі – қазан айында «Литературная газета» басылымында «Путь добрый» – «Жолың болсын» деп абыздық ақ батасын беріп қана қоймай, 1961 жылы 6 сәуір күні Лениндік сыйлық беру жөніндегі Мемлекеттік комитет алдындағы комиссия мүшелеріне: «Сіздер авторды әлі жас, шығармасы шағын деп отырсыздар. Бұл – үстірт, жаңсақтау пікір. Ол осы шығармасының өзімен-ақ үлкен марапат, мәртебеге әбден лайық. Келешегі бұдан да айдынды», деп әулиелік сөзін айтқан болатын. Ұлы жазушы ұстазының бұл сөзі жерде қалған жоқ, 35 жасар жас Айтматов 1963 жылы аламан бәйгеде топ жарды. Әдебиет әлемін дүр сілкіген қаншама тың тұрпатты, соны да жонды, жаңашыл шығармалар әкелді.
Жас Айтматовтың қуатты қаламы Сейдедей жас әйелдің отбасына, Отанына деген махаббаты сатқын синдромын әшкерлеп, совет әдебиетінде бетбұрыс ағым тудырса, Жәмиләнің адами махаббаты Орталық Азия мен шығыстық әдебиетке әйел махаббатының қаншалықты қымбат, құндылығын көрсетті. Ең асыл сезімнің бірегейі махаббат жолында қырғыз әйелінің бас еркіндігі – дала мен түркі мәдениетінде орын алып келген қыз бала еркіндігі, әйел бостандығы деген ұлағатты салтты қайыра жаңғыртып, әлем әдебиеті алдында паш етті.
Бәлкім, Айтматов ерлігінің бір сыры мен қыры осында жатса керек.
Меніңше, әйел махаббатына, ана махаббатына деген айтматовтық шексіз жазушылық махаббатының дүниені тербеген әуені әлі күнге ұлы сарын болып естілуінде, жадымызда жаңғырып жатуында терең сыр бар деймін. «Құс жолы» повесіндегі Толғанай ананың мифтік Жер-ана дауысымен ұлан-ғайыр дүниеге дауыс айта шағымдануында да ана дауысы жатыр. Ол Алатау биігінен саңқылдайды, сырнайдай сызылады, ой-бауырымдап жоқтайды!..
«Тау мен дала повестері» жинағымен совет империясының бас сыйлығын қанжығасына байлап, миллиондаған оқырманын аузына қаратқан жас Айтматов шығыстан шыққан шебер көркемдік әлемге найзағайдай түскен еді. Ол «Қош бол, Гүлсарыға» қанат бітіріп, жер шары оқырманын тамсанта беруге көшті. Мұнда да ол соғыстан келген Танабай тағдыры арқылы майдандағы адам баласы шындығын, адамдық асыл қасиеттің алмастай өткірлене беретініне мән беріп, соны соқпаққа түрен салды.
Бүбідей сұлу әйелдің ер-азаматқа адал сүйіспеншілігі мен Танабай жылқышының серілігі мен перілігін, салқам ерге тән жүрісін, сүю мен махаббат үшін бәріне де бас тіккен азаматтық кредосын шырқау биікке көтереді. Танабай мен Бүбі махаббаты Гүлсары жүйріктің жалынан ескен желдей әуен боп әуелейді. Ол әуен де қазіргі айнымалы әлемді аралап кетіп еді.
Көп өтпей-ақ құбылмалы әлем мен әлемдік оқырман Айтматов әуені арқылы Момын шал мен алты жасар баланың Марал-анаға оянған мұңлы да, сырлы махаббатымен қайта қауышты. Айтматов әлемі бұл жолы мүлде өзгеше мінез көрсетті.
Мыңжылдық заман толғауын Марал-ана мифімен тербеп, әлемге моральдық-этикалық негіздің әлсіреп, адам баласы болмысының сабындай бұзылып, рухани құлдырап бара жатқанына жаңа заман мен уланған уақыт адамдарының адамгершілік тұрғыдан әлсіреуіне әкеп тірейді. Миф қабатының мәңгілік тұрақтылығына сүйене отырып, қоғам мен әлем тұрақсыздығына астармен ой тастайды. Ақ арманға толы бала жаны пәк күйінде ақ кемелі Ыстықкөлдің тереңіне батып, жан тыныштығы мен рух қуатын сол терең су қабаты астына көмеді. Бала сәби көңілімен сенген тірі пенделер өмір сүріп жатқан мазасыз дүние опасыз болып шығады.
Айтматов нәзік бала жанының тазалығы мен қаусаған шалдың сәулелі жан сарайы арқылы сұлу әлемнің бала тағдырындай кез келген сәтте өрмекшінің жібіндей шорт үзіліп кететініне, дүние оңай өзгере салатынына жазушылық пәк көңіл, балалық махабатпен оралады. Жазушы шығармалары осы «Ақ кеме» повесін өзі алғашқыда «Ертектен соң» деп атағанындай, мүлде өзгеше әлемге – миф пен шындық өмір қос қабат өрілетін көркем кеңістікке бет бұрды.
Кешікпей суреткер санасында «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» повесі туды. Жазушылық қиял байлығы мен ежелгі нивх аңызы астарласқан адам тағдырлары тағы алдымыздан шығады. Ұшы-қиыры жоқ теңіз үстінде тұман кешкен жандар өмір ұшқыны үшін жанталасады. Тағы да адам тағдыры тезге салынып, адам жаны сынға түседі.
Мұнда да бала жаны мен бала тағдырына қайыра оралды. Бұл жолы бірақ Айтматов мүлде өзгеше кеңістікте тіл қатты. Өзіне етене таныс тау мен дала табиғаты аясында емес, құрлық пен теңіздің бетпе-бет келіп, бір-бірін құшып-сүйіскен, құмары тарқамаған мәңгі ғашықтардай алапат стихия аясындағы адам баласының жан дүниесі, тағдыр-талайы, қуанышы мен қасіреті туралы туынды тудырды.
Ұрпақ үшін, жалғыз да болса бір тұяқ аман қалсын деп өздерін құрбандыққа шалатын – өлім ұйығына батыратын ата, аға және әке әрекеті жан дүниеңді астан-кестен етеді. Бір әулеттің үміті үзілмесін, келешегі кесілмесін, осымен адамға тән өмір атты қасиетті құбылыс тұйықталмасын дейтін есті сезім бойыңды шымырлатып әкетеді. Өмір әуені әлдилеп, ұлы теңіз бетінде, қалың тұманда аман қалған Кириск тағдырына жан тәніңмен ортақтаса бересің.
Бәлкім, оқырманға жеткізер жазушы мақсаты да осы болар, бәлкім, бұдан да зор ескерту айтты ма екен... Меніңше, солай сияқтанады да тұрады. Қанмен орнаған қызыл қоғамның – Россияның отаршыл озбыр саясаты «нивх» секілді саны мүлде аз ұлттардың дүниеде азайып, соқыр саясаттың кесірінен тұманды әлемге жұтылып бара жатқанын Айтматовтай ғажайып суреткердің ескертуі деп ұғынуға да болады.
Адам баласы ғасырлар бойы ұлы соғыстар мен кіші қақтығыстардан мыңдап-миллиондап қырылып, өзін-өзі жойып келе жатқанына Айтматов тұңғиық сана, терең таным тұрғысынан мән бере отырып, осы катаклизмнің тамыры пенде қатігездігі мен мәңгүрттігі, ана мен балаға деген махаббатының сөнгендігі деген ордалы ойға табан тірейді. Жазушыны ұшқыр ойы мен болмысына бағзыдан біткен білігі Найман-ана махаббаты мұңына батырады.
«Ана, – дейді Айтматов ғазиз анасы Нағима туралы, – «ақ сүтімен сіңген ар-ұят». Осы сөзде жазушының анаға деген махаббаты да, анаға деген иманы мен жүрек сөзі де таңбаланған. Сондықтан да «Ғасырдан да ұзақ күн» романы арқылы Найман-ана сырына оқырманын барынша қанықтырады. Ғасырлар қойнауынан тірілтіп алған айтматовтық Найман-ана мифі оқырман жүрегіне адамшылық дәнін егеді.
Алғаш қолына қалам алып, жаза бастаған жас шағында сомдаған «Бетпе-бет» повесіндегі Смайл сатқынның қылмысынан да қауіпті анасын атқан «мәңгүрт» Дөненбай образы жер бетіндегі ойлы оқырман жүрегін дір еткізгені, ой-санасын ойран еткені шындық. Айтматовтық «мәңгүрт трагедиясы» тудырған қиямет әуені әлемді әлі шарлап келеді.
Айтматов ескерткен мәңгілік мәңгүрттік әр толқын бедерінде түрліше көрініс тауып, бүгінде жер бетін сағымдай суғара кезеді. Сол баяғы соғыс... Сол баяғы қызыл қан төгу... Жазықты-жазықсыз қантөгіс жайлап барады біздің әлемді. Сол баяғы анасын өлтірген «мәңгүрт» ұрпақтар шімірікпестен соғыс «ойынын» ойнап жатыр. Құдіреті жетсе, жер шарын қақпақыл ойнағысы бар.
Жалпы, біз – адамдар «соғыс синдромынан» арылмай, әлемде тыныштық сақталмай, адам баласының дамуы кенжелей береді. Мыңдаған жылғы мәдениеті мен әдебиеті де зор зардап шегеді. Зорлық болған жерде «мәңгүрт» қана өмір сүреді, «мәңгүрт» қана билік құрады. Ал мәңгүрттік, яғни санасыздық – адам баласын жер бетінен біржолата жойып жіберуге алып келетін құбыжық құбылыс. Соғыс та адам баласының санасыздығынан, мәңгүрттігінен туындайды.
Ұлы әлем де, сол әлемді жырлаушы әдебиет те Құдай жаратқан әуенді жаратылыс. Сол жаратылыстың нәзік әуенін үзіп алмайық... Осы бір Құдай берген нәзік әуен жүрегімізді тербесін!
Иә, біздер – адамдар айтматовтық «Кассандара таңбасы» таңбалаған, биік «Тау құлаған» («Когда падают горы») алапат заманда – өзгеріске толы «Жанпида» уақыт сындарында өмір сүріп жатырмыз. Тек айтматовтық Жәмиләден бастау алғандай жаңаша «Әуен» туа қойған жоқ. Адам баласына берілген адамдық сезімге толы махаббат әуені естілмейді. Құлағымыз керең.
Асқар АЛТАЙ,
жазушы, Франц Кафка алтын медалінің иегері