• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Субсидия 11 Қаңтар, 2024

Субсидияның өзекті мәселелері

240 рет
көрсетілді

Өткен жылы өңірдің ауыл шаруашылығы еңбеккерлері үшін аса қолай­лы бола қоймады. Қазір көктемгі егісті ойлап, көңіл күпті. Шаруаның шырайын келтіріп тұрған субсидия болатын болса, шағын шаруа қожалықтарына бұйырмай тұр. Тапшылық шамамен 20 миллиард теңге деңгейінде.

Ақтылы мал бағып, ақық дән өсіріп отырған ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен тілдесе қалсаңыз, қос қолтықтарынан демеп, жебеп отырған мемлекеттік қолдау екендігін айтып, ағынан жарылады. Өткен жыл жалпы диқан қауымы үшін ырысы кем, ырыздығы аздау маусым болды. Ала жаздай аспаннан нәр тамбады. Есесіне қоңыр күзде сылбыраған ақ жауыннан көз аша алмай қалды. Салдарынан дән сапасыз, нандық қасиеті кем, баға төмен.

– Қазір көптеген ауыл шаруашы­лығы құрылымдары мемлекеттің көмек-қолдауының арқасында ғана күнел­­­тіп отыр, – дейді «Құлан» шар­уа қо­жа­лығының жетекшісі Құлан Болатов. Егер дәл осындай көмек болмаса, әлдеқашан банкрот болып кетер ме едік. Тек бір өкініштісі, субсидияны ірі шаруашылықтар алады да, шағын ша­руашылықтарға бұйыра бермейді.

Бұл пікір ел аузында айтылып жүр­гелі қашан. Мәселенің мәнісін же­те білмегендіктен, сырттай тон пішу тәрізді. Ақ-қарасын облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бас­шы­сының орынбасары Еркеш Әле­нов айтып берді. Түптеп келгенде, түйіннің бәрі өтінімді дұрыс толтырмаудан туындап жатады екен. Ірі шаруашылықтардың штатында заңгер бар. Олар өтінімді тәртіпке сай толтырады. Тиісінше субсидияға ие болды. Ал шағын шаруа қожалықтарында заңгер жоқ. Субсидия алудың талабын тайға таңба басқандай етіп түсіндіргенімен, өтінімдер дұрыс толтырылмайды. Сол себепті қайтадан түзетіп әкелген кезде тізімнің соңына шегеріліп қалады. Орынсыз өкпе-наздың туындайтын жері де – осы.

Өткен жылы өңірдің ауыл ша­руа­шы­лығы құрылымдары 55,8 мил­л­иард теңге субсидия алған. Жетіс­пейтін қаражат көлемі жоғарыда айтқа­нымыздай, 20 миллиард теңге шамасында. Бұл орайдағы тапшылық жылда қайталанып тұрады.

– Өткен жылы субсидия алмаған шаруаларға үстіміздегі жылы қаражат алғашқы кезекте төленетін болды. Ол үшін белгілі бір соманы сұрау немесе жоспарлау мүмкін емес. Өйткені шаруалардың өз жоспарлары мен міндеттері бар. Әдетте өткен жылмен салыстырғанда, қаржыны көбірек сұраймыз, – дейді Еркеш Әленов.

Субсидия алуға берілетін өтінім саны жыл сайын көбейіп келеді. Егер 2022 жылы тыңайтқыштар алуға 6 мың өтінім түссе, келесі жылы 15 мың­ға жеткен. Әйтсе де, субсидия алу – оңай шаруа емес. 2023 жылдың наурыз айында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер Qoldau жеке платформасына көшті. Жаңалық жағымды болғанымен, кемшілігі де бар екен. Мәселен, өтінімдерді қабылдау, субсидия көлемін есептеу, сондай-ақ өтінімдердің қайталануы туралы ақпараттардың болмауы қиын­­дық туғызып тұр. Түсінікті болу үшін сәл ғана таратып айтатын бол­сақ, бір өтінімнің екі рет қара­лып, екі рет ақша төлеу қаупі бар. Одан өзге де олқылықтар аз емес. Бір ғана мысал келтіре кетелік, 2022 жы­лы «Гормолзавод» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігі өңдеуші кәсіп­орындардың шығындарын субсидия­лауға 11 өтінім берсе, 2023 жылы жаңағы өтінімдер көлемі 847-ге жеткен. Міне, осындай кемшіліктерден арылтып, бір жүйеге келтірмей бол­май­тын сыңайлы. Қазіргі күні ауыл ша­руашылығы құрылымдары басшы­лы­ғының тарапынан шағымның кө­бейіп кетуінің бір себебі – осында. Ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары шаруалар рәсімдеген құжаттарда көрсетілген мәліметтерді қайта тексеруге мәжбүр. Бұл арада екпін түсіріп айта кететін бір жай, келіп түскен әрбір өтінімді мұқият қарастыра отырып, алдыңғысының соңына нүкте қоймай, келесісін өңдеуге кірісе алмайды. Өтінімдер саны өсе түскендіктен, бұл кәдімгідей қиындық туғызып отыр. Өтінім көлемі өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 2,2 есе көбейген соң, бөлімді күшейтуге тура келген.

Шаруаның шырайын келтіріп тұрған субсидия екендігін жоғарыда айттық. Басқасын былай қойғанда, қысқа жіп күрмеуге келмей тұрған биылғы көктемгі дала жұмыстарына дайындық дер кезінде басталуы тиіс. Қаражат бюджеттікі болғандықтан, қаңтар айының екінші онкүндігінде төлемдердің заңдылығы тексеріледі. Жүйенің жетілмеуіне байланысты орын алып отырған қателіктерден арылу әзірге мүмкін емес деген алаң­даушылық та бар. Басқарма басшысы орынбасарының айтуына қарағанда, Ауыл шаруашылығы министрлігіне және бағдарлама әзірлеу­шілерге хат жолданыпты. Сан рет көтерілген бұл мәселе жөнінде өзгеріс боларынан үмітті. Әйтеуір елдің дастарқанын ырыздыққа толтырар шаруаның мой­нындағы жүк жеңілдесе екен дейсің де.

 

Ақмола облысы