Ел Президенті таяуда «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру, құндылықтар жүйесін жаңғырту қоғамдық жауапты іс екенін баса айтты. Бұл – Мемлекет құраушы мәртебеге тікелей қатысты мәселе. Әлемде 2 мыңнан аса ұлт, халық болса, солардың 193-інің ғана әлемдік қауымдастық мойындаған ресми мемлекеті бар. Демек мемлекет құраушы ұлт болу – жер шарындағы әрбір он халықтың біреуіне ғана тиесілі зор бақыт.
Әр халық саны аз болсын, көп болсын мемлекетін өз жерінде құруды армандайды. Осы ұлы арман жолында зор күрескерлік көрсетеді. Мемлекет құруда шешуші рөл атқарған ұлт, сол аумақтағы барлық басқа халық өкілдерін біріктіріп мемлекет құраушы ұлтқа айналады. Неміс, француз, қытай, орыс, ағылшын секілді ұлттар өздеріне тиесілі жерлерді біріктіріп, қуатты мемлекет құрды. Іргеміздегі көршіміз қытай ұлты мемлекеттілігінің 5,5 мың жылдық тарихы бар.
Халықтар тәуелсіз мемлекет болу жолында күреседі. Сондықтан әлемдік әлеуметтік-саяси ойда мемлекет құраушы ұлт ұғымы объективті шындық ретінде қабылданған. Бұл құбылыс – әлемдік үдеріс. Барлық мемлекеттерге тән шындық. Мысалы, АҚШ-ты жаңа құрлықты игеруге келген түрлі халық өкілдері бірлесіп құрап отыр.
Тәуелсіздік алғаннан бергі 30 жылдан астам уақытта еліміздің саяси ойы мен билік қатынастарында мемлекет құраушы қазақ ұлты екені айшықталып айтыла бермейді. Бұрынғы билік қазақ халқының мемлекет құрушы миссиясын көргісі келмеді. Қазақ ұлтының бірегейленіп, тас түйін әлеуметтік күшке айналып кетуінен қауіптенді. Осылай болуын өз билігіне қауіп деп есептеді. Мемлекет құраушы миссия қазақ ұлты емес, Қазақстан халқына телінетін ниет ұдайы бірінші кезекке шығып тұрады. Бұл – қазақ ұлтының тарихи миссиясын, кеңестік жүйе күйрегеннен кейінгі егемен мемлекет болудағы шешуші қайраткерлігін тұмшалау, қоғамдық-саяси шындықты бұрмалау.
Бұрынғы билік белсенді, саналы, мемлекет құраушылығы жасампаз қазақ ұлтының топтасуын қаламады. Билікке аморфты, шашыраған, бірлігі нашар Қазақстан халқын қуаттау, ортақ ұлтсыз әлеуметтік топты қолдау пайдалы болды. Себебі Қазақстан халқы полиэтностық, поликонфессиялық әлеуметтік құрылым ретінде ортақ мақсат-мұраттар платформасында қазақ ұлты сияқты біріге алмайтын еді.
Билік қазақ ұлты өзінің мемлекет құраушылық функцияларын толыққанды орындай алмауы үшін оны ішінен бөлшектеуге тырысып бақты. Олигополиялық топтар әлеуметтік поляризацияны қуаттаса, ұлттық бірегейленуді әлсіреткен діни бөлініске қатал бөгет қойылмады. Түрлі субмәдениет жастарды тоздырды. Халықтың санасын әлсірету мақсатында оған нашарланған бұқаралық мәдениет таңылды. Халықтың біршама бөлшегі ресейшіл, біршамасы батысшыл, біршамасы қытайшылдық саясатты жақтай бастады. Діни радикалистік ағымдар ислам тазалығы идеясын жалаулатып, дәстүрлі қазақи дүниетанымға, мәдениетке шабуылын күшейтті.
Еліміз қазіргі жаңаша даму кезеңінде қазақ халқының мемлекет құраушылық міндеттерін, функцияларын толықтай іске асыруына мүдделі болуы шарт. Бұл қадам – ел дамуының жаңа тынысын ашады. Елдегі басқа халықтар, диаспоралар – барлығы қазақ ұлтының мұрат-мақсаттары, ұлттық құндылықтары мен ұлттық идеялары платформасында топтасқанда ғана ел халқы тас түйін, жасампаз, қуатты әлеуметтік күшке айналады.
«Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп данышпан Абай бекер айтпаған. Бұл сөзде үлкен салмақ пен зор жауапкершілік бар. Абай «қазақ, жік-жікке бөлінбе, ортақ ұлттық мақсаттармен топтаса біл» деп отыр. «Дінмен, тілмен, таппен, мәдениетпен бөлшектенген халық ешқандай табысқа жетіп, мемлекеті гүлденбейді» деп отыр. Демек мемлекет құраушы ұлт болу үшін қазақ халқының тілдік, мәдени, діни, әлеуметтік бірегейленуі, ортақ ұйысуы қажет.
Мемлекет құру мұратын орындау жолында қазақ ұлты қалай топтасып, біртұтас күшке айналады деген заңды сұрақ туындайды. Ең алдымен, тілдік бірегейлену мақсаты орындалуы керек. Қазақстандағы 20 млн халықтың 13 млн-ға жуығы қазақ, олар ел халқының 70 пайыздан астамы. Демократия қағидаттарына сүйенсек, мемлекет халқының басым көпшілігін құрап отырған қазақ халқының тіліне қоғамдық қатынастардың барлық саласында басымдылық берілуі – әділеттілік. Өкінішке қарай, еліміздің ақпарат пен мәдени саласында «орыс әлемінің» тегеуріні басым. Халық қазақша, билік орысша сөйлесе олар қалай бірігіп ортақ күшке айналады? Мемлекеттік тілдің толыққанды түрде өзіне тән барлық функциясын дамытатын кезі келді. Бұл үрдісті тежеуге болмайды. Қазақ тілінің дамуын тежеу – Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде дамуына тежеу болатынын түсінсек керек. Қазақ тілінің орта мектептер, жоғары оқу орындары, банк жүйесі, басқаруда толыққанды қолданылуы ел халқының тілдік топтасуын күшейтеді. Қазақ тіліне қарсылықтың, менсінбеушіліктің қандай да болсын түрлеріне шек қою керек.
Мемлекет құраушы ұлттың дінге бөлінуі – үлкен қауіп. Бұл –Қазақстанды бағындырып ұстауды көздейтін сыртқы күштер үшін пайдалы құбылыс. Діни алауыздық күшейген сайын қазақ халқының рухани топтасуы, бірігуі әлсірей береді. Ол біртұтас, сыртқы жауға қарсы тұратын әлеуметтік күш болудан қалады. «Бөлінгенді бөрі жейдінің» кебін киюіміз әбден мүмкін. Сондықтан халықты бөлшектеп отырған вахабистік, салафиттік, тәңіршілдік, т.б. діни ағымдармен тиімді мемлекеттік күрес қажет. Қол қусырып отыра берсек, діни ағымдар халықты бір-бірімен жауықтырып тынары анық. «Домбыра харам» деген сөзді қазақ қызы айтып отырса, мұны біз үлкен қауіптің нышаны деп түсінеміз. Ұлттық құндылықты мұндай қорлау бұрын-соңды болмаған шығар. Осының барлығы – діни бөлінушіліктің кесірі. Көп қазақ өз дәстүр-салттарынан безініп отырғаны ақиқат.
Мың жылдан астам ұлттық дәстүрмен үйлесімді кіріккен ата дініміздің жолын қазақ қоғамы қолдауы қажет. Біздегі діни дәстүр қазақ домбырасын, әнін, аңыз-әпсаналарын, ұлттық ойындарын, салт-санасын, дүниетанымын мансұқтамаған. Бабалардың осындай тамаша рухани жетістігі бүгін де орайлы жалғасуы керек. Бізге саясиланған емес, дәстүрлі мұсылмандық қажет. Дәстүрлі дін қазақ халқына ізгілікті құндылықтармен жарасымды өмір кешуді үйреткен. Қаншама қиындықты, аштықты бастан кешкен қазақ халқы кеңестік репрессияға ұшыраған қаншама халықты қабылдап, құтқаруы ұлттық құндылықтармен үндесуінің арқасы екені ақиқат.
Қазақ халқында әзірше «америка халқының ұлттық мүддесі» деген сияқты АҚШ халқын топтастыратындай ортақ психологиялық сезім қалыптаспай тұр. Өкінішке қарай, Қазақстан халқының әлеуметтік-саяси топтасуы нашар. Мемлекет құраушы ұлттың азаматтары отаншыл, патриот болуы маңызды. Қазіргі кезеңде халықтың көбі жеке басының қамын ғана ойлайтын дәрежеге түсті. Жастар елін тастап, шетелден жақсы өмір іздеуді көбейтті. Ел болашағы үшін билік осы тағдыршешті мәселенің күрмеуін табуды ойластырғаны жөн. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер болмайтыны» ақиқат. Сондықтан билік қала мен ауылда жастарға қамқорлық жасаудың кешенді шараларын қолға алуы керек. Бизнес ашуға жеңіл кредиттер беру, оқудың ақшасын төлеу, жас отау тіккендерге үй беру, нәрестелерге көрсетілетін жәрдемақыны өсіру сияқты шаралар жастардың еліне, Отанына, мемлекетіне деген құрмет пен сенімін күшейте түсетіні белгілі. Мұндай игі істерден қаржыны аямау керек. Себебі бұл шаралар ел болашағына жұмыс істейді.
Халық отыз жылдан астам созылған авторитарлық билікке жағынудан, оны үздіксіз марапаттаудан моральдық деградациялану деңгейіне түсті. Қоғамдағы сөз бен істің алшақтануы, кедейлік пен байлық жігінің тереңдеуі, халықтың тең жартысының кедейленуі рухани маргиналдану үдерісін күшейтті. Жаңа Қазақстанда осы ауытқу құбылыстарын ауыздықтайтын шаралар жүйесін іске асыруымыз керек. Отбасылық кланның, олигархтар мен олигополиялық топтардың халық байлығын тонап, шетке шығарған қаржыларын елге қайтарып, қоғамның өзекті әлеуметтік мәселелерін шешуге бағыттау, сөз жоқ, қазіргі билікке абырой әкеледі. Жүз миллиард доллардан астам ұрланған ақша елге қайтарылса, әділетті Қазақстан құру іс-шараларының маңызды бастамасы болар еді. Халық әлеуметтік әділеттілік қағидаттарының үстем болатынына сене бастар еді. «Қайтқан малда қайыр бар» демекші, қайтарылған қомақты қаржы халықтың билікке жоғалтқан сенімін орнықтырар еді.
Мемлекет құраушы ұлт болу үшін қазақ халқы әлемдік экономикалық тәртіптерден өз орнын табатын жағдайға келуі міндетті. Неміс экономисі, социологі Клаус Шваб Батыстың дамыған мемлекеттері төртінші индустриалдық революцияны басынан кешіп жатыр деп есептейді. Постиндустриалды қоғам тұжырымдамасының негізін салушының бірі Арнольд Тоинби ХХ ғасырдың 70-жылдарынан бері қарай дамыған елдер постиндустриалды қоғамда өмір сүріп келеді деп баға береді. Мұндай қоғамдардың басты ерекшеліктері адам факторы (білімі, кәсіпті меңгеру шеберлігі, жаңашылдығы, тәртібі, т.б.) негізгі пайда көзіне айналады. Экономикалық, әлеуметтік инфрақұрылым жетістіктерін халықтың басым көпшілігі пайдаланады. Мұндағы шешуші әлеуметтік топ – орта тап. Орта тап ел халқының, 40-70%-ын құраған жағдайда тұрақты әлеуметтік-экономикалық даму болады. «Халықтық капитализм» қоғамы дегеніміз – осындай қоғам.
Бәсекеге қабілетті мемлекет құру жолында елімізде осы тұрпатты экономикалық құрылым болуы керек. Мемлекет құраушы қазақ халқының алдындағы экономикалық міндет – постиндустриалды қоғам құрып, индустриалдық революцияның төртінші сатысына көтерілу. Басқаша болған жағдайда Қазақстан әлемдік өркениет көшінің соңында қалып, дамыған елдерге шикізат пен арзан жұмыс күшін беруші болып қала береді. Экономикалық бәсекедегі жеңілістер түбінде мемлекет тәуелсіздігіне қатер төндіруі әбден ықтимал.
Билік те, халық та экономиканың шикізаттық сипатын жеңіп, өндіруші экономикаға айналдыруға мүдделі болуы міндетті. Қазақстан әлемдік нарыққа сапалы астық өнімдерін, етті, сүтті, майды ұсынуға қабілетті. Агрокешен өнімдерін дамыған елдердегі сапа деңгейіне көтеру барысында еліміз постиндустриалды қоғам орнату міндеттерін де шешуге қабілеті болады. Қазақстан барлық өнім түрін өндіре алмайды. Сондықтан экономиканы тұрақтандыру барысында нені өндіре алатынын нақты шешіп алуы керек.
Постиндустриалық қоғам құру міндеті тек экономиканы дамытумен іске аспайды. Еркін экономикаға тән еркін саяси жүйенің құрылуы шарт. Олар бірін-бірі толықтырып, ықпалдасумен ғана алға жылжып отырады. Авторитарлық саяси жүйелердің экономикаға тұсау болатын тұстары жетерлік. Сондықтан мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақ халқы конституциялық міндет – демократиялық, құқықтық, әлеуметтік және зайырлы мемлекет құру үдерісіне ерекше белсенділікпен атсалысуға міндетті.
Елдің ішінде де, сыртта да қазақ ұлтының мемлекет құраушы рөлін толыққанды атқаруына қарсы күштер бар. Олар тас түйін болып саяси-әлеуметтік топтасқан қазақ халқынан қорқады. Өзара бақталас, діни, тілдік бөлінген әлсіз, топтаспаған қазақ халқының табиғи байлықтарын, ресурстарын тонап, мүддесін аяққа таптау оңай. Көршілес басым державалар қазақ халқының ұлттық, экономикалық мүдделері жолындағы күрескерлігін қаламайды. Сондықтан қазақ халқының саяси мәдениетінің күшеюі, ұлттық бірегейленуінің нығаюына қарсы түрлі қитұрқы шара мен әрекет жасала беретінін бір сәт естен шығаруға болмайды.
Мемлекет құраушы ұлт мәртебесі – аса жауапты міндет. Қазақ халқы тәуелсіз даму барысында осы ұлы миссияны өз қолына алды. Мемлекет құраушы миссиясы саясат, экономика, мәдениет пен әлеуметтік жүйеде барлық саланы қамтиды, ықпал етеді. Халқымыздың ұлттық бірегейленуі, тілдік, діни, саяси, идеологиялық топтасуы арқылы мемлекет құраушы миссиясын, өзіне жүктелген осы ұлы істі дұрыс атқарса, еліміз әлемдік қоғамдастықта дамыған мемлекетке айналады.
Сайын БОРБАСОВ,
Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, саяси ғылымдар докторы