Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кең көлемді сұхбаты қоғамдық ойға қозғау салып, қызу талқыға түскенін әлеуметтік желіден де байқап отырмыз. Қоғамға түсініксіздеу көрінген көп жайттың беті ашылды. Қаңтар оқиғасының себеп-салдарын бұрмалап көрсетудің қажеті жоқтығы, оған «халық көтерілісі» деп баға бергісі келетіндер қылмыстық әрекеттерді ақтау үшін ғана айтылғаны белгілі болды. Мемлекет басшысы күрделі кезеңде мүдделі топтар «екі кабинеттің ортасында» жүгіріп жүріп, есебін түгелдеп алғысы келгендер туралы пікірін білдірді.
Президент айтып өткендей, «Қалай десек те, қоғамда үлкен және кіші президент деген болмауы керек. «Кеттің бе – қайырылма!» деген ұстаным болашақта ел тізгінін ұстайтын азаматтар осы жағдайдан сабақ алып, мұндай нәрседен қашық болуға және тек қана мемлекеттің мүддесі мен қоғамның береке-бірлігін ойлауға тиіс» деген қағида – бүгінге де, ертеңге де сабақ деп санаймыз.
Мұндай ұстанымның ашық айтылуы қоғам мен биліктің арасын жақындатады.
Осыған дейін де қоғамдық сананы жаңа сатыға көтеруге бағыттайтын мемлекеттік шешімдер қабылданғанына куә болғанбыз. Экономикамыз нарықтық дамудан өзге заңмен, олигархтардың өздері кесіп-пішіп алған заңымен жүріп келгені, бұл дамуға кедергі болғаны Мемлекет басшысының осыған дейінгі Жолдауларында да айтылған. Бүгін Президент пәрменінің қалай орындалып жатқанына назар аударғымыз келеді. Тәуелсіз сарапшылар Мемлекет басшысының халыққа Жолдауларының жүзеге асырылуын қадағалайтын құзырлы орындар болуы керек деген пікірді жиі айтады. Бұрын бұл міндет Президент Әкімшілігінің құзыретінде еді. Олар министрлердің орынбасарларымен тікелей байланысқа шығып, істің барысын қадағалап отыруға құзыретті еді.
Нарық заңы масылдықты көтермейді. Біз мұндай көзқарастың жерсініп кеткенін, тіпті мұның мемлекеттік деңгейде қалыптасып қалғанын көріп-біліп отырмыз. Мемлекеттік саясат 30 жыл бойы бизнеске түрлі жеңілдік арқылы жағдай жасады, мемлекет құраушы компаниялар деген желеумен екінші деңгейлі банктерге, ірі компанияларға демеу қаржы бөлінді. Тіпті түрлі деңгейдегі мораторий арқылы өз бетінше дамуға, нарық заңына бейімделуге мүмкіндік берілді. Мұндай шешімдер – бизнесте масылдық көзқарастың қалыптасуына себепкер. Қазір табысын жасыру, мүмкіндік болса, «көлеңкеге кету» бизнес үшін қалыпты жағдайға айналды. Мұны халықаралық қаржы институттары да жиі ескертіп жүр. Салық заңын халықаралық талаптармен үйлестіру туралы мәселе мемлекеттік деңгейде көтерілгелі бері әртүрлі топтың қарсылығы әр-әр жерден естіліп жатыр.
Бизнеске салық мәдениетіне мойынсұнатын, өзінің әлеуметтік жауапкершілігін сезінетін кез келді. Ендігі жерде әлеуметтік нысандардың, жатақханалардың жобасына бизнесті жұмылдыру керек. Олар бар тапқанын бауырына басып емес, жан-жағымен бөлісіп отыруды үйрену керек.
Мемлекет басшысы азық-түлік қауіпсіздігін агрофирмалардың көмегі арқылы шешуге болады деген ұсынысты жиі айтады. Бізде агрофирма дегенде, меншігінде 4-5 мың малы, 500 гектар жайылымы бар ірілендірілген шаруашылықтарға назар аударылады. Бүгінге дейін саясат солардың жағдайын көтеруге бағытталып келді. Бірақ олардың азық-түлікпен қамтамасыз ету тәрізді күрделі міндетті орындай алмағанын көріп отырмыз. Қазақстандағы ірі малдың 90 пайызы жекенің қорасында байлаулы тұр. Жайылымдық жерлердің аздығынан ауылдағы ағайын малын қорада байлап бағуға мәжбүр болғаны айтылып та, жазылып та тұр. Ал жекеменшіктегі немесе игерілмей жатқан жерлер анықталды, мемлекет меншігіне қайтарылды деген Үкімет тарапынан жиі айтылады. Бірақ қайтарылған жердің кімге берілетіні туралы мәселе көтерілген емес. Ендеше, аудан, ауыл әкімдіктері арқылы мемлекетке қайтарылған жер көлемін нақтылап, оны мал өсіруге немесе егін егуге ниеттеніп отырған ауылдастарға ұзақ жылға жалға беру мәселесін қайта көтеру керек.
Мемлекет басшысы кешегі сұхбатта азаматтарымыздың қарызға белшеден батқанына қатты алаңдайтынын айтты. Бұл мәселе біздің қоғам үшін Ахилестің өкшесімен бірдей болып тұр. 2019 жылы Президент ретінде қол қойған алғашқы құжаттың бірі – қиын жағдайға тап болған азаматтардың борышын азайту туралы Жарлық бойынша 500 мың адамның кепілсіз алған несиесі кешірілді. 2023 жылы жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң күшіне енді. ЕДБ өкілдері халықтың қарызға батуынан ешқандай қауіп төнбейтінін жиі айтады. Ал біз әлемде бірде-бір мемлекет жоғарғы пайызы арқылы өз халқын тонауына жол берген емес дегенді айтар едік. Банктер жағдайының қандай екенін жылдың алғашқы жартысындағы табысы көрсетіп тұр.
Жақында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов 56 пайыздық несие қандай көрсеткіштерге сүйеніп заңдастырылғанын ашып айтты. Қазір ҰБ немесе ҚНДРА тарапынан оны 40 пайызға дейін төмендету туралы ұсыныстар тек талқылану деңгейінде ғана. Егер ЕДБ құрылтайшыларының ғана емес, ірі-ірі компаниялардың құрылтайшыларының жауапкершілігі туралы мәселені нақтыласақ, банк несиесі пайызын төмендетуге де, бизнес арқылы нарық заңын қалыптастыруға да мүмкіндік туады.
Қорыта айтсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының 2019 жылдан бергі Жолдаулары мен сұхбаттарынан бір-бірімен сабақтасып жатқан әлеуметтік-экономикалық, саяси реформалардың желісін көреміз.
Президент пәрменінің айтылған жерде қалмауы Үкіметтегі тұлғалардың біліктілігіне байланысты. Демек «іс тетігін маман шешеді» деген байырғы қағидат қазір де өзектілігін жойған жоқ. Бізде барлық салада қырағылық қажет.
Атамұрат Шәменов,
экономика ғылымдарының докторы, профессор