29 ақпан мен 12 наурыз аралығында Италияның Бусто-Арсицио аймағында бокстан Париж жазғы Олимпиадасына лицензия үлестіретін турнир өтеді. Әлемдік іріктеу додасында жартылай финалға шыққан боксшыларға жолдама беріледі, деп хабарлайды Egemen.kz Ұлттық олимпиадалық комитетке сілтеме жасап.
Бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов алты салмақта былтырғы жылдың соңында өткен жазғы Спартакиаданың чемпионы атанған үздіктер баратынын айтты. Тек 63,5 келі салмақ дәрежесінде нақты кімнің баратыны түпкілікті шешілмеген.
Бас бапкер Париж жазғы Олимпиада ойындарының жолдамасын былтыр Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен жазғы Азия ойындарында олжалаған аса ауыр салмақтағы саңлақ Қамшыбек Қоңқабаевты жаттығу жиынына жіберу жайы талқыланып жатқанын айтты.