Өткен сенбі күні Тайваньда Президент сайлауы өтті. Елдегі саяси додаға үш үміткер қатысты. Қай-қайсы да билік тізгінін қолына алуға барын салды. Тартысқа толы сайлауда Лай Циндэ көпшілік дауыспен жеңіске жетті.
Тайваньның бұған дейінгі президенті Цай Инвэнь осыған дейін екі рет сайланғандықтан, биылғы додаға қатыса алған жоқ. Сол себепті Цай ханым өзінің орнын «Демократиялық прогрессивті партиядағы» жақтасы, вице-президент Лай Циндэге берді. Дауыс беру нәтижесінде, Лай мырза 40 пайыздан астам дауыс жинады. Ол 2023 жылы партия төрағасы міндетіне кіріскен-ді. Енді ел тізгінін қолына ұстап отыр. Осы орайда айта кеткен жөн. Тайвань 1996 жылы демократиялық жолды таңдағаннан кейін алғаш рет елде бір партия өкілі қатарынан үшінші рет президент лауазымына кірісіп отыр.
Бұдан бөлек, сайлауға Кэ Вэньчжэ (Тайвань ұлттық партиясы) мен Хоу Юи (Гоминьдан) қатысты. Тиісінше, олар 33,49 және 26,46 пайыз дауыс жинады. Хоу Юи жеңілгенін мойындап, Лайды жеңісімен құттықтады. Сондай-ақ жақтастарынан Демократиялық прогрессивті партияға тосқауыл бола алмағаны үшін кешірім сұрады. Ко Вэньчжэ де жеңілгенін мәлімдеді.
«Мен Тайвань халқына демократиямыздың жаңа тарауын жазғаны үшін алғыс айтқым келеді», деді Лай Циндэ жеңіске жеткені белгілі болғаннан кейін. Сондай-ақ қарсыластарын жеңіліске ұшырағанын мойындағанына ризалығын білдірді. «Біз халықаралық қоғамдастыққа демократия мен авторитаризмнің ішінен алғашқысын таңдағанымызды ашық мәлімдеймін», деді.
Қытаймен сындарлы және конструктивті диалог жүргізуден үміттенетінін жеткізді. Тараптардың қадір-қасиет пен теңдік ұстанымын қолдай отырып, келіссөздер жүргізгісі келетінін қайталады. Дегенмен Қытайдың қытығына тиетін сөз айтып қалды. Мәселен, халықтың сыртқы күштердің ықпалына ұшырамағанын, лайық қарсылық таныта білгеніне назар аударды. Бейбітшілікті жақтайтынын және Бейжіңмен шартты түрде араласуға ашық екенін, сонымен бірге елдің қорғанысын күшейтуге уәде берді.
Естеріңізге сала кетсек, Тайвань – БҰҰ тарапынан мойындалмаған мемлекет. Заң жүзінде Қытайдың меншігі саналады, бірақ іс жүзінде тәуелсіз ел. Қытай билігі әлі күнге дейін Тайваньды өз аймағы санайды. Сол себепті «бір ел – екі жүйе» бастамасын қолдауды көздейді. Бірақ тайваньдықтар мұндай жобаға мүлдем қарсы.
Жер-жаһандағы небәрі 15 ел ғана Тайваньнның тәуелсіздігін мойындаған. Оның көбі – Тувалу, Палау секілді Тынық мұхитындағы аралдарда орналасқан шағын мемлекеттер. Әлемдік аренада ықпалы бар бірде-бір ел Тайваньнның егемендігін таныған жоқ. Тіпті, аталған елдің тағдырына алаңдайтын АҚШ та оларды азат ел деп есептеген емес. Тайвань мәселесін жиі көтеретін Еуропалық одақ елдері де оны тәуелсіз ел деп санамайды.
Лай мырзаның сайлауда жеңіске жетуіне қатысты пікір білдірген Қытайдың Ұлыбританиядағы елшілігі Тайваньдағы сайлау жергілікті және өз елінің ішкі істері екенін жеткізді. «Нәтижеге қарамастан, Тайвань – Қытайдың бір бөлігі болып қала береді. Әлемде бір ғана Қытай бар деген негізгі фактіні өзгертпейді», деді елшіліктің баспасөз хатшысы.
Қытайдың Тайвань істері кеңсесінің өкілі Чен Бинхуа Синьхуа мемлекеттік ақпарат агенттігіне берген сұхбатында Тайвань Қытайға тиесілі екенін мәлімдеген. «Тайвань мәселесін шешуге, «біріктіруді» жүзеге асыруға қатысты ұстанымымыз тұрақты. Шешіміміз берік», делінген хабарламада. Мәлімдемеде Қытайдың бір Қытай принципін ұстанатыны және «Тайвань тәуелсіздігіне» бағытталған сепаратистік әрекеттерге, сондай-ақ «шетелдік араласуға» табанды түрде қарсы тұратыны жазылған.
Сарапшылардың айтуынша, Лай Циндэ мырзаның президент болып сайлануы Тайваньдағы ахуалды ушықтыруы мүмкін. Біріншіден, Бейжің билігі оны мүлдем жақтырмайды. Мәселен, Лай Циндэні азаттықты аңсайтын саясаткер санайтынын талай мәрте ымдап та, тікелей де жеткізген. Қытайдың мұндай пікір білдіруі бекер емес. Жаңа сайланған президент 2017 жылғы сөздерінің бірінде Тайвань азаттығын ұран еткенін ашық айтқан-ды. Бұл сөз Бейжің билігінің қытығына тигені анық. Тіпті, Қытай басшысы Си Цзиньпин 2021 жылы оның есімін атамаса да, әбден сынға алды.
Екіншіден, Л.Циндэнің ұлықтау рәсімі 20 мамырға белгіленген. Сарапшылар алдағы төрт айда аралдағы саяси градус көтеріліп кетуі мүмкін екенін алға тартады. Сайлау алдында Қытай тарапы Тайваньға шпиондық әуе шарларын жіберген көрінеді. Сондай-ақ сауда мәселесінде де Бейжің айтарлықтай қысым көрсетуге көшті. Тайвань билігінің мәліметіне сүйенсек, елдің Қытай мен Гонконгқа экспорты былтыр 2022 жылмен салыстырғанда 18,1 пайызға төмендеген. Керісінше, Тайваньнның АҚШ пен Еуропаға экспорты 1,6 пайызға және 2,9 пайызға өсіп, рекордтық деңгейге жетті. Қытайдың қисаюы билікті жаңадан қолына алғандарға ұнауы екіталай. Ендігі мәселе жаңа президенттің қандай қадам жасайтынына байланысты.
Үшіншіден, президент сайлауымен бірге Тайваньда жалпы сайлау да өтті. «Демократиялық прогрессивті партия» мемлекет басшысын анықтауда оза шапқанымен, депутаттарды анықтауда есе жіберіп қойды. Нәтижесінде, «Құқықтық Юаньда» небәрі 51 мандат иеленді. «Гоминьданға» 52 орын бұйырды. «Тайвань ұлттық партиясы» 8 депутатпен шектелді.
Парламентті жеке-дара басқару үшін кез келген партияға көпшілік 57 мандат керек. Бірақ додаға түскендердің бірде-бірі бұл межеден аспағандықтан, коалиция құрылатыны түсінікті. Ендеше, Қытайға бүйрегі бұратын «Тайвань ұлттық партиясы» азаттықты аңсайтын «Демократиялық прогрессивті партиямен» тізе қосуы екіталай. Демек, Л.Циндэні алда үлкен сынақ күтіп тұр.
«Парламенттің бөлінуі қорғаныс саласына жағымсыз әсер етуі мүмкін. «Гоминьдан» қорғаныс шығындарын бұғаттай алатынын бұған дейін дәлелдеп үлгерді. «Тайвань ұлттық партиясы» да бұған күш салып, демократ әріптестеріне барынша кедергі келтіруге тырысып, ахуалы күрделендіруге қауқарлы», дейді Азия-Тынық мұхиты тұрақтылық және инновациялар орталығы төрағасы Сяру Ширли Лин.
Тайваньда батысшыл демократтың билікке келуі Қытай мен АҚШ арасына қайтадан сына қағуы да ықтимал. Бұған дейін әлемнің екі алпауыт елі талай мәселеде сөзбен шекісіп, сауда соғысын күшейткені мәлім. Бірақ Ақ үй тізгінін Джо Байден ұстағалы екіжақты қарым-қатынас біршама жақсарған-ды. Ендігі бүкіл мәселе жаңа президенттің қабылдайтын қадамдарына байланысты.