• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 16 Қаңтар, 2024

Диагнозы қойылмаған дерт

145 рет
көрсетілді

«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының «Әділдік» екінші платформасын қолдау мақсатында құрылған болатын.

2021 жылдың қыркүйек айынан бастап барлық өңірде бірлестік филиалдары ашылып, жұмыс істей бастады. Мемлекеттік сатып алулар не­гізінде мемлекет қаржысын жымқыруды анықтап, алдын алып, жолын кесу бағытында тәп-тәуір тәжірибе жинақтап қалған бірлестікке ел үміт­пен қарап отыр. Қоғамға ден­деп еніп, диагнозы қойыл­маған дертке айналған жем­қор­лықтың жолын кесіп, жемқордың желкесін үзеді деген үлбіреген үміт бар. Жалпақ жұртқа жария болған жұмыс нәтижесіне қарап, ел сенімі де нығайып келеді. Облыстық филиал өткен жыл­дың 11 айында сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл де­партаментіне алты материал жіберген. Оларға байланыс­ты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп келеді. 29 әкімшілік хаттама толтырылыпты. Мемлекеттік сатып алу порталына облыс бойынша жүргізілген мониторинг қорытындысы негізінде филиалдың араласуымен 1 миллиард теңгеден астам бюджет қаржысы үнемдел­ген. Тіпті жазатайым жаңы­лысқаннан емес, әлдебір арам ниеттің құлағы қыл­тиып тұр деп айтуға да бола­тындай. Мәселен, Көкше­тау қаласының әкімдігі қала­ны абаттандыру үшін 500 орындық пен қоқыс жәші­гін сатып алуға жалпы көле­мі 112,5 миллион теңге бө­ліп­ті. Әуелі филиал 500 орын­дықтың қажеті бар ма, олар қайда орнатылмақ, дайын сұлбасы әзірленген бе деген сауалдар төңірегінде зерттеу жүргізген. Екіншіден, жұмсалатын қаржы тіпті орта деңгейден де жоғары. Мә­се­лен, Степногор қаласы­ның әкімдігі сатып алған осын­дай бір орындық пен қо­қыс жәшігіне 112 мың теңге жұмсаса, Көкшетау қала­сын­да көлемі де, сипаты да дәл осындай орындық пен қоқыс жәшігін сатып алуға 225 мың теңге жұм­сал­мақ. «Әділдік жолы» рес­пуб­ли­ка­лық қоғамдық бірлес­тігі­нің облыстық филиа­лы­ның сарапшысы Самира Тәйте­нованың айтуына қара­ған­да, тиісті орындарға хат жолданғанымен, шара қолда­нылмаған. Осы арада қандай қорытынды шығаруға болады? Мемлекеттің қыруар қар­жы­сын тиімсіз жұмсау өз алдына, адалдықтың кірпік қақ­пас күзетшісі болуға тиісті мем­лекеттік орган қоғамның пікі­рін ескеріп, өздерінің өрес­кел қателіктерін түзетуге тіп­ті де дайын емес болып шық­­ты. Өкініштісі де осы. Осы­­лайша, дерт дендеп-ақ тұр.

Оң шешімін тапқан мысалдар да бар. Мәселен, жедел жәрдем қызметі 42 миллион теңге қаражатқа 80 бейнетіркегішті сатып алуды тоқтатты. Егер бұл жұмыс жүзеге асырылғанда, әрбір бейнетіркегіш бюджетке 500 мың теңге шығын әкелер еді.

Осы арада тағы бір мысал келтір­сек, артық болмас. «Бурабай» ұлттық табиғи паркі аң-құсқа беріле­тін дәнді дақылдарды қалыпты баға­дан екі есе қымбатқа сатып алмақ бо­лып әрекеттенген. Сәл ғана таратып айтатын болсақ, мемлекеттік ме­кеме 206 тонна сұлыны 32,2 миллион теңгеге сатып алмақ. Яғни әр тоннасы 156 250 теңгеден айналып отыр. Биыл өңірдегі астық ылғал­ды болуына байланысты сапасы болғандықтан, құны да арзан. Сұлының әр тоннасы 55 пен 75 мың теңге аралығында. Айырмасын есептей беріңіз. Аң-құстың тілін білетін парк басшылары арпаның бағасын білмей қалды дегенге кім сенер. Дегенмен ұлттық табиғи парктің баспасөз қызметінің мәлімдеуіне қарағанда, сұлы өткен жылы осындай бағаға сатылған екен. Биыл да сол бағамен алмақ. Филиалдың атынан «Бурабай» ұлттық табиғи паркіне хаттама жол­дан­ған. Конкурстың хабарламасы өз күшін жойды.

Бұл – бірер ғана мысал. Бюджет қаражатына, ел игілі­гіне ие керек дейтініміз де сондықтан. 

 

Ақмола облысы