Қызылордадағы облыстық тарихи-өлкетану музейі ел қолында сақталған талай жәдігерді жарыққа шығарып, ортақ игілікке айналдырып келеді. Жуырда музейде қазақ еліне Ислам дінін таратушы тұлғалар жайлы шежіренің қазақшаға аударылған нұсқасы таныстырылды.
«Сыр бойындағы діни-ағартушылар мұрасын кешенді зерттеу» атты жиында исламның сопылық бағытында Қожа Ахмет Ясауиден кейінгі екінші тұлға Мәдіқожа ұрпақтарының шежіресі жайлы пікірлер айтылды. Әзіреті әліден басталып Мәдіқожа бабадан тарайтын Қожжан әулетін тарататын шежіре музейде сақталса, тағы бір баласы Қылыш қожадан өрбитіндердің насабнамасы ұрпақтары қолында.
Облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы Асхат Сайлаудың айтуынша XIX ғасырдағы Қоқан билігі тұсында қожаларға шен беріп, билік ұсынғандықтан шежірені қолдан жасағандар да бар. Сондықтан да өткен тарихтан дерек беретін кез келген құжатты мұқият зерттеген жөн.
Қылыш қожаның үшінші ұлы Смайыл Әздер ұрпақтарының қолындағы насабнама шамамен ХVІІІ-ХІХ ғасырларда араб және түрік тілінде жазылған. Музей қызметкерлерінің бастамасымен алғаш рет аударылып отырған насабнама ислам әлемінде «Шахмаруан Муртада» деп аталған төртінші халифа Әли ибн Әбу Талиб және оның ұлы Мұхаммед Ханафиядан бастау алып, ХVІІІ-ХІХ ғасырда Алаш жұрты құрметтеген, Құлболды ишанның ұстазы, атақты Смайыл Әздер Қылышқожаұлының балаларымен аяқталады. Одан кейінгілер туралы мәлімет там-тұм болып тұр.
Насабнама өткен ғасырдың алпысыншы жылдары өмірден өткен Тұрымбет қалпе арқылы кейінгілерге жеткен. Қазір қалпенің немере інісі Жанболат Әлиакпаровтың қолында сақталып тұр. Үзындығы 2,45, ені 13 сантиметр. Ал Қожжан қожадан өрбитіндер шежіресі ислам әлемінде өзіндік орны бар Құлболды ишан немересімен түйінделеді.
Смайыл әздер XVIII ғасырда өмір сүрген ер Сейітпенбеттің тұстасы. Мәңгілік мекен тапқан жері Жетікөл ауылының маңайындағы Қожжан баба қорымында. Жетпісінші жылдары ұрпақтары бейіт басынан ескі көктас тауып, одан «Исмағил уфат» дегенді анық оқыған.
– Құлболды ишанның ұстазы атанған Смайыл бабамыз Бұқарадағы Мір-Араб медресесін бітірген рухани ілімді жалғастырған үлкен тұлға болған. Біз ол кісінің мұрасын зерттеуде тегімізді айтып бөлінуді емес, қайта діннің дүдәмәл тармағына түсіп кеткендер көбейіп тұрған бүгінгідей уақытта бабаның рухани ілімін қайта жаңғыртып, дәстүрлі жолымызды насихаттауды көздеп отырмыз, – дейді ұрпағы Серікбай Нұртазаев.
Смайыл әздер туралы алғашқы дерек Палман шайыр мен қыпшақ Бұдабай ақынның шығармаларында кездеседі. Осы күні әйгілі ақын Шортанбай Қанайұлы баба ұрпағының бірі деген дерек зерттеліп жатыр. Бабадан қалған аса таяқ пен тақия кезінде қолды болған екен. Тіпті бір қаскүнемдер шежірені жалғастырған тізімді де жоқ қылып, өртеп жіберген. Қазір ұрпақтарының қолында бабаның тасбихы, ол оқыған Құран кітабы, жайнамаз сақтаулы тұр.
«Сыр бойындағы діни-ағартушылар мұрасын кешенді зерттеу» жобасы аясында жасалған насабнаманың электронды көшірмесі музейге тапсырылды.
Қызылорда