Бұған дейін Ашық ХҚА порталында еліміздің Жол қозғалысы ережелерінің 16-тармақшасына өзгеріс енгізуді көздеген жоба жарияланған еді. Алайда аталған өзгеріс қоғам тарапынан қолдау таппады. Ол қандай өзгеріс және енгізілмеуінің себебі неде?
Бұл сұраққа ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясы Әкімшілік-құқықтық пәндер кафедрасы басшысының орынбасары, полиция подполковнигі Әсем Қырғызбекқызы жауап береді.
– Бұған дейін ІІМ қоғамдық талқылауға Жол қозғалысы ережелеріне, Көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерге өзгерістер енгізу жобасын ұсынған болатын. Құжатта «Бағдаршамның жасыл түсі жанған кезде жаяу жүргіншілер жол қиылысында қозғалысын бастап қойған көліктерге маневрін аяқтау мақсатында жол беруге тиіс» деген тармақ қарастырылған.
Қазіргі ереже бойынша жаяу жүргінші бағдаршамның жасыл түсіне өту кезінде қиылыстағы бұрылып жатқан көліктерге қарамайды, көліктер адамдарды өткізуге міндетті. Жаяу жүргіншілер айналасындағы көліктердің бар-жоғына қарамағандықтан, салдарынан көше қиылыстарында жол-көлік оқиғалары жиі болып жатады. Полиция осыны ескеріп, жаяу жүргіншілер өздеріне жасыл түс жанып тұрғанына қарамастан, қиылыстағы маневрін бастап қойған көліктерді алдымен өткізіп барып, жолдан өтсе, апаттар орын алмайды деп пайымдаған болатын.
Алайда аталған өзгерістерді енгізу қоғам мен сарапшылар тарапынан қолдау таппады, сондықтан жобадан алынды. Елімізде сервистік полиция моделіне сәйкес полиция қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін қоғаммен бірлесе отырып шешеді және қоғам пікіріне әрдайым құлақ асады.