Оқушылар арасында өтетін әдеттегі олимпиада, байқаулардың қорытындысы жарияланған соң, кейбір баланың ата-анасы мен жетекшілері тарапынан орынды-орынсыз реніштер туындайтыны үйреншікті нәрсе. Бірақ таяуда Қостанайда өткен республикалық олимпиаданың қалалық кезеңінде көрініс берген өрескел жағдайды балаға көпе-көрінеу жасалған қиянат демеске лаж жоқ. Ұйымдастырушылардан кеткен қателіктің кесірінен барлық тапсырмасын қатесіз орындаған талапты баланың тауы шағылып, келесі кезеңге өте алмай қалды. Баланың анасы әділдік іздеп шарқ ұрып әлек.
Әсіресе, жыл бойы кітап кеміріп, жанын салып жарысқа дайындалған балаға обал-ақ. Білімі лайықты бағаланбаған шәкірттің асқа да, сабаққа да зауқы жоқ. Томаға-тұйық күйзеліске түскен. Ата-анасы баламыздың жүйкесіне жүк түсіп, денсаулығына зиян келмесе екен деп алаңдап отыр.
Мәселенің мәнісі былай, өткен жылдың желтоқсан айында облыстық білім басқармасы мен «Дарын» ғылыми практикалық орталығы ағылшын тілі пәнінен өткізген республикалық олимпиадаға Қостанайдағы «Qazbilim» ұлттық лицейінің 10-сынып оқушысы Ақбота Түкенова да қатысқан. Білім жарысында әр балаға бір-біріне қыстырылған 4 парақ, әр парақта бір тапсырмадан берілген. Ал Ақботаға 3-ақ парақ, яғни бір тапсырма кем беріледі. Соңғы тапсырма бойынша оқушы эссе жазуы керек. Үш тапсырманы орындап, бірнеше рет қайта тексеріп болған соң, біраз уақыт бос отырып қалған бала айналасындағы оқушылардың «сен, эссе жаздың ба?» деп өзара сыбырласып жатқанын құлағы шалып қалады. Өзіне жақын отырған баладан тапсырма үшеу емес, төртеу екенін, төртінші тапсырма бойынша эссе жазу керек екенін сұрап білген Ақбота кураторды шақырып, өзіне эссе жазу туралы тапсырма берілмегенін айтады. «Значит ошибка произошла» деген куратор басқа баланың төртінші парағын жұлып алып, Ақботаның алдына тастай салған. Уақыттың аяқталуына отыз минуттай қалған. Бала қосымша уақыт сұрайды. Бірақ куратор барлығына талап бірдей, сен үшін қосымша уақыт берілмейді деп қысқа қайырған. Осылайша, тапсырманы бәрінен кеш алған оқушы жанталасып эссе жазуға кіріседі.
Баланың біліміне баға беретіндей пән маманы емеспіз, бірақ жетекші мұғалім мен ата-ананың айтуынша, Ақбота осы олимпиадаға өте жақсы дайындықпен келген.
– Балам соған қарамастан, 90 ұпаймен 3-орынға ие болды. Бірақ келесі кезеңге өте алмады. 1-орынды 92 ұпай жинаған орыс мектебінің оқушысы алған. 2-орынды да 91 ұпаймен орыс мектебінің оқушысы иеленіп отыр. Әрқайсының арасы – 1-ақ ұпай. Ал 86, 87, 88 ұпай жинаған орыс сыныбының оқушылары менің баламмен бірге 3-орынға ие болды. Сол күні Астанада жұмыс сапарымен жүр едім. Кешке видеобайланыс арқылы хабарласқан баламның өксіп жылап, сөзі тамағына тығылып, сөйлей алмай тұрғанын көріп, зәрем ұшты. «Маған үшінші орынды берді, тапсырманың бәрін қатесіз орындап шықтым. Төртінші тапсырманы кешіктіріп берсе де, эссені үлгеріп жазып шықтым», дегенді өксіп әрең айтты. Баламның қан қысымы көтеріліп кеткен соң, әкесі дәрігер шақыртқан. Осы жағдайды көріп, сыртта жүрген менің де қан қысымым көтеріліп, таңға дейін көз ілмей шықтым. Олимпиадасы құрысын, баламның денсаулығына зиян келмесе екен деп тіледім, – дейді оқушының анасы Әсел Ерменбаева.
Келесі күні сынып жетекшісі мен ағылшын тілі пәнінің мұғалімі баланы ертіп аппеляция беруге барады. Алайда қалалық «Дарын» орталығының басшысы Бағытжан Исетова оқушының аппеляциялық шағымын қабылдамай қойған. Біздің тараптан қате кеткенін көрсетпеңдер, шағымның орнына өтініш жазыңдар дегенді талап еткен. Бірақ ағылшын тілі пәнінің мұғалімі ол талаппен келіспеген. Сол жерде екі тараптың арасында дау туады. Мәселе ушығып бара жатқан соң, Бағытжан Исетова оқушыны осы жолы облыстық кезеңге өткізіп жіберерміз деп өтірік айтып, баланың телефон нөмірін жазып алып қалған.
– Баламның жетекшісі де, ағылшын тілі мұғалімі де Бағытжан Исетованың үлкен басымен облысқа өткіземіз дегеніне сеніп, кері қайтады. Жазып апарған аппеляциялары ақыры қабылданбайды. Ал өтінішті электронды түрде жіберіңдер деген соң, баламның жетекшісі мен ағылшын тілі мұғалімі мектепте өтініш жазып, Бағытжан Исетованың WhatsApp нөміріне жібереді. Алайда ол тіркелмеген. Шын мәнінде, оны қабылдағанына күмәнім бар. Мен Қостанайға желтоқсанның 28-і келдім. Келе сала, «е-otinish» арқылы облыстық білім басқармасының басшысы Айман Ибраеваның атына екі тілде арыз-шағым жібердім. Алайда білім басқармасы арызымды «закрыто как дубликат» деп жаба салған. Осылайша, Әкімшілік рәсімдік-үдерістік кодекстің 64-бабын өрескел бұзған. Ал қалалық білім бөлімі арыз-шағымды да, өтінішті де қабылдап, оған орындаушы белгіледі. Үшінші қаңтарда олимпиада ұйымдастырушылардың бірі Марина Попова қоңырау шалып: «Бізден қате кеткен жоқ, балаңыз өзі қателескен» деп баламды кінәлі етіп шығарды. Оған қоса, шағымның дер кезінде берілмегенін алға тартып, баламның жетекшілерін, мені кінәлап шықты. Бұл жерде «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» заңының 4-бабына сәйкес, баланың теңқұқықтылығына нұқсан келіп отыр. Балама олимпиада уақытында тең құқық берілген жоқ, сонымен қатар аталған заңның 5-бабына сәйкес баламның құқықтарын шектеп отыр, – дейді баланың анасы.
Бізді таңғалдырғаны, аталған олимпиадаға қатысқан 25 баланың алтауы ғана қазақ мектебінде оқиды. Қалғаны түгел орыс тілінде білім алады. Баланың білімін әділ бағалайды деп сенген қазылардың да дені орыс тілді мұғалімдер. Осыдан келіп, «Неге осындай маңызды білім жарыстарында қазақ мектептері мен өзге тілді мектептердің теңдігі сақталмайды?», деген заңды сұрақ туады.
– 5 қаңтарда қалалық білім бөлімінде осы мәселе жөнінде отырыс өтті. Отырысқа қатысқандардың бәрі баламның эссесін өте жоғарғы деңгейде жазылғанын бірауыздан растады. Алайда басқа тапсырмалардан қате жіберген дейді. Бірақ маған қай жерден қандай қате кеткенін көрсетпеді. Яғни баламның қате жібергені туралы дәлел ұсынбады, – дейді Әсел Ерменбаева.
Олимпиаданың облыстық кезеңі әлдеқашан өтіп кетті. Жергілікті жерден әділдік таппай ашынған ана енді республикалық «Дарын» орталығына жүгінбек.
Қостанай облысы