Алматыда математика, физика және информатика пәндері бойынша ХХ халықаралық Жәутіков олимпиадасы мәресіне жетті. Дәстүрлі білім додасына әлемнің 10-нан астам елінен 700-дің үстінде оқушы қатысып, бақ сынасты.
Олимпиада жеңімпаздарын құттықтаған Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев еліміздің білім саласы үшін айтулы іс-шараның кейінгі 20 жыл ішінде дарынды жас математиктер буынының қалыптасуына ықпал еткенін атап өтті. «Халықаралық Жәутіков олимпиадасы талантты оқушылар үшін білім бәсекесіне айналды, қазақ мәдениеті мен дәстүрін әлемге танытуға жол ашты. Қатысушылардың әрқайсысы математика және физика сияқты іргелі ғылымдар бойынша лайықты нәтижелер көрсетіп, өз елінің туын мақтанышпен көкке көтерді. Көрнекті ғалым-математик, академик Орымбек Жәутіков есімімен аталатын олимпиада алаңында күні бүгінге дейін әлемнің көптеген елінен келген оқушылар бақ сынауымен қатар, білім саласындағы жаңа дағдыларды игеруге, тәжірибе жинауға мүмкіндік алды», деді министр.
Республикалық физика-математика мектебі директорлар кеңесінің төрағасы Берік Қаниевтің айтуынша, олимпиаданың үш пәннен өтуі дәстүрлі іс-шараның ерекшелігін көрсетіп, жас буынның интеллектуалды деңгейінің дамуына барынша ықпал етіп жатыр. Қазылар алқасының төрағасы, Ұлттық ғылым академиясы вице-президенті Асқар Жұмаділдаев атап өткендей, Жәутіков олимпиадасының бүгінде географиясы кеңейді. Физика-математика ғылымын оқушылар арасында насихаттаумен қатар, мамандандырылған мектептердің тәжірибе жинауына, олимпиадалар өткізудегі, сондай-ақ білім мен мәдени байланыстарына жол ашты.
Қазақстан, Ресей, Беларусь, Армения, Оңтүстік Корея, Қытай және Америкадан келген мамандар зияткерлер додасына төрелік етті. Жақсы нәтиже көрсеткен қатысушыларға математикадан – Нұрлан Қаппаров атындағы, физикадан – Әділет Имамбеков, информатикадан – Илья Сегалович атындағы сыйлықтар табыс етілді.
Үш пәннен қатысқан 344 қатысушы ХХ Халықаралық Жәутіков олимпиадасының жүлдегері атанды. Бас жүлде Санкт-Петербург қаласынан келген №239 президенттік физика-математика лицейінің командасына бұйырса, I орынды Мәскеудегі В.Ф.Овчинникова атындағы «Екінші мектеп» иеленді. II орынды Тбилисиден келген Л.В.Комаров атындағы №199 математика және физика арнайы мектебінің және Долгопрудный қаласындағы П.Л.Капица атындағы «Физтех-лицейі» бөлісті. III орынды Минскідегі БГУ лицейі, София қаласындағы Sofia High School of Mathematics, Долгопрудный қаласындағы П.Л.Капица атындағы «Физтех-лицейі» және Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебі иеленді.
Олимпиадада ел оқушылары 109 медаль жеңіп алды. Оның 10-ы – алтын, 43-і – күміс, 56-сы – қола медаль.
АЛМАТЫ