Бірнеше жыл бойы асыраушы саланың басты мәселесі тозған техникадан құтылу болғаны жасырын емес. Шыны керек, қайбір жылдары егістік алқаптарға көз жүгірткенде, тозығы жеткен техникалардан көз сүрінетін. Қазіргі кезде өңірлердегі ауыл шаруашылығы басқармасының басшылары да осы бір өзекті мәселені шешу үшін қолдан келгенше жұмыс атқарып жатыр.
Әлденеше жыл бұрын Жамбыл облысындағы техниканың 80 пайызының тозығы жетіп тұрғандығы туралы мәлімет тараған еді. Кейінгі жылдары бұл көрсеткіш едәуір жақсара түскені сыңайлы. Өткір мәселе Президенттің де тікелей назарында екені анық. Өйткені бұл проблеманы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше мәрте еске салды, ескертті де.
Президент Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында ауыл шаруашылығы саласындағы тозығы жеткен техникаларды жыл сайын 8-10 пайызға жаңартып отыру қажеттігін айтты.
«Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуға тиіс», деген Мемлекет басшысының сөзі жергілікті атқарушы билік өкілдеріне де ой салды.
Соңғы дерекке сенсек, өңірдегі ауыл шаруашылығы техника паркі 13,1 пайызға жаңарыпты. Әрине, бір қарағанда бұл көрсеткіш кәдімгідей көңіл тоғайтады. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметі келтірген дерекке жүгінсек, Президент тапсырмасын орындау бойынша нақты жұмыстар қолға алынып жатыр екен. Көңілге қонатын нәтиже де жоқ емес.
«Өңірде 13,8 мың дана техника тіркелсе, оның 4 570 данасы трактор, 985 данасы комбайн және 8 281 данасы басқа техникалар. Бұл ретте тіркелген барлық ауыл шаруашылығы техникаларының 9,5 мыңнан астамының пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан. Яғни 68,7 пайызының тозығы жеткен.
Ал 10 жылға дейінгі пайдаланудағы техника үлесі – 31,3,% немесе 4,3 мың дана. Оның ішінде 4,6 мың трактордың 2,4 мыңнан астамының пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан. Яғни 52,6 пайызының тозығы жетіп тұр», дейді жауапты басқарманың баспасөз қызметі.
Нақты дерекке жүгінсек, барлық ауыл шаруашылығы техникаларының 68,7 пайызының тозығы жеткен екен. Яғни 9,5 мыңнан астам техниканың пайдалану мерзімі он жылдан асып кеткен. Сондай-ақ өңірдегі трактордың 52,6 пайызы ескірген. Бұл техникаларды жаңалауға әлі де бірнеше жыл уақыт кететін секілді.
Қалай десек те он жылға дейінгі пайдаланудағы трактордың үлесі соңғы уақытта едәуір артқаны байқалады. Салыстырмалы түрде айтсақ, бірнеше жыл бұрынғы көрсеткіштен едәуір жақсарған. Бүгінде жылы жаңа трактордың саны 47,4 пайызға жеткен. Әрине, әлі де болса жалпы көрсеткіштің жартысына жеткен жоқ. Әйткенмен осы жылы тағы да техника паркі жаңаланатынын ескерсек, ескі техниканың саны там-тұмдап болса да азаятын секілді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту бойынша тапсырмасына сәйкес облыста жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Өткен жылы облыс бойынша 1 642 техника (8 бірлік комбайн, 380 бірлік трактор, 1 254 бірлік басқа да техникалар) сатып алынып, техника паркінің жаңартылу деңгейі 13,1 пайызды құрады. Ал осы жылы техника паркінің жаңару көрсеткішін 13,5 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз.
Жалпы, өткен жылы өңірімізде «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 18,4 млрд теңгеге 3 мыңнан астам жоба қаржыландырылды. Бұл, әрине – үлкен қолдау. Нәтижесінде, құрылған ауыл шаруашылығы кооперативтеріне 352 бірлік техника сатып алынды. Оның ішінде жамбылдық диқандар жалпы құны 803 миллион теңгені құрайтын «Ловол», «Зумлион», «Юто» және «МТЗ» маркалы 55 тракторға қол жеткізді», дейді облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітеков.
Қалай алып қарасақ та, Президент пәрменінен кейін техника паркін жаңалау жұмысының бойына қан жүгірген секілді. Әрине, тозған техниканың саны әлі де аз емес. Оларды жаңарту жұмыстары толассыз жалғаса бермек.
Жамбыл облысы