9 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау облысында жұмыс сапарымен болды
Елбасы Маңғыстауда жұмыс сапарымен жиі болып тұрады. Келген сайын қала келбетін ажарландыра түсетін еңселі ғимараттар мен жаңадан бой көтерген әлеуметтік нысандарға куә болып жүр. Бұл жолы да солай болды. Бұл жәйт – облыстың әлеуметтік-экономикалық қарқынды дамуының жемісі.
Олай дейтініміз, өткен жылы өнеркәсіптік өнім өндірісінің көлемі 1270 млрд.теңгені құрады. Инвестицияның жан басына шаққандағы көлемі бойынша (657 мың теңге) облыс республика өңірлері арасында екінші орында тұр. Әлеуметтік салаға жыл сайын барлық шығындардың 60 пайызы бағытталады. Инвесторлардың облыстың дамуына бөлетін қаражаты соңғы бес жылда алдыңғы жылдармен салыстырғанда 7 есе өскен. Елдің индустрияландыру картасына жалпы көлемі 165,2 млрд. теңгені құрайтын 12 жоба енгізіліпті. Оның 8-і осы жылы аяқталмақшы. Осы жобалар аясында 6,9 мың жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланған.
Жаңа халықаралық “Ақтау” әуежайында Мемлекет басшысы Н.Назарбаевты облыс әкімі Қ.Көшербаев бастаған өңір басшылары қарсы алды. Елбасы кортежі “Гранд Нұр Плаза” бес жұлдызды жаңа қонақ үйге келіп тоқтады. Осындағы конференция залында облыстың инвестициялық жобалары таныстырылды. Елбасы аса ірі “Жер – Теңіз– Аспан”, “Каспий энергетикалық хабы”, “Ақтау Сити”, “Кендірлі”, “Каспий” технологиялық университеті, энергетика және көлік құрылымдарын дамыту, т.б. жобаларға зер салды.
Облыс экономикасына ғана емес, бүкіл еліміздің еңсесі көтеріле түсуіне ықпалы бар инвестициялық жобалармен танысқан соң, Нұрсұлтан Әбішұлы тікелей телекөпір арқылы үш жобаны жүзеге асырудағы компания басшыларымен байланысқа шықты. Бірінші болып “Өзен-Түркіменстан мемлекеттік шекарасы” бойынша Жаңаөзеннен “Қазақстан темір жолы” АҚ-тың вице-президенті Е.Сұлтанов хабарлама жасады. Оның айтуынша, бұл жоба бойынша құрылыс жұмыстары жоғары қарқынмен жүріп жатыр. Жоба толықтай жүзеге асқанда 1 мың адам жұмыспен қамтылып, Қазақстан өнімдерін Парсы шығанағына жеткізуге мүмкіндік туады. Жол құрылысына түрлі мамандықтардағы 1700 адам, 700 техника тартылған. Теміржолшылар ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына міндеттемелерін толық орындайтын болады, деді Е.Сұлтанов.
Бұдан соң телекөпір байланысына “Қазақстан астығы “Казагро” АҚ басқарма төрағасының орынбасары Б.Бейсенғалиев шықты. “Жоба осыдан бір жыл бұрын Бейнеуде басталды. Бастамашысы – “АПК” инвест” компаниясы. Жобаның құны – 60 млрд. 300 млн. теңге. Жоба аясында 100 мың тоннаға дейін астық сақтайтын элеватор, 120 мың тонна ұн шығаратын кешен, 70 мың тонна құрамажем өндіретін зауыт салынды. Жоба осы шілденің соңында іске қосылады”, деді ол.
– Астықты экспортқа шығарудың проблемасы бар, – деді Елбасы аталған жобаға орай. – Еліміздің батысында астық өндірілмейтіні белгілі. Ал бұл жоба аймаққа астық жеткізу үшін де, мал басын көбейту үшін де пайдалы. Жұмыстарың сәтті болсын!
Ал “КРІ” АҚ төрағасы Қ.Қырымов Ақтау қаласында битум зауытын салу жайын айтты. “Сіздің тапсырмаңызға орай жоба қолға алынды. Құны 79 миллион АҚШ долларын құрайды. Дайындық жұмыстары толық аяқталды. Қазір қажетті техника да, адам күші де дайын. Құрметті Президент, аталған зауыт құрылысын бастауға рұқсат етуіңізді өтінеміз”, – деді Қ.Қырымов.
Президент “Рұхсат етемін, бастаңыздар”, – деді.
Мемлекет басшысы одан соң республикамыз бойынша алғаш рет салынып, жақында ғана пайдалануға берілген оралмандарды бейімдеу және кіріктіру орталығына келді. Бұл жерде Елбасын қазақтың ұлттық киімін киіп, алқызыл гүл шоқтарын ұстаған жастар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова, облыстық мекемелер мен ұйымдардың басшылары, жұртшылық өкілдері, оралмандар құрметпен қарсы алды. Аталған нысан екі жеті қабатты жатақхана және әкімшілік ғимаратынан тұрады. Орталықтың мақсаты – алыс-жақын шетелдерден келген қандастарымызды жаңа ортаға бейімдеу мен кіріктіру үшін жағдай жасау. Орталықта бейімделу мерзімінде, яғни 5-6 айда 200 оралманның отбасы уақытша тұрып тіл үйренеді, кәсіби мамандыққа бейімделеді. Жұмыспен қамту, шағын кәсіпкерлікпен айналысуға көмек беріледі. Орталықта 50 орындық балабақша, сондай-ақ шағын кәсіпкерлік ошақтары – шаштараз, тігін, аяқ киім, сағат жөндеу, суретке түсіру салондарын ашу жүзеге асуда.
Жалпы, облыста Елбасы тапсырмасына орай жасалып отырған жұмыстар ауқымы кең. Оған дәлел, өткен тоғыз жыл ішінде аймаққа 27386 отбасы немесе 99 мың 552 адам келіп қоныстаныпты. Тәуелсіз Қазақстанда алғаш рет негізін оралмандар құрайтын Мұнайлы ауданы құрылып, тұрғындар үшін барлық жағдайлар жасалуда. Ал алдағы екі жылда облыстың жеті елді мекеніне 2500 отбасы келіп қоныстанбақшы. Енді сол қандастарымыз туған топыраққа келгенде алғашқы атбасын тірейтін ақ ордасы осы орталық болып отыр. Елбасы орталықтағы оқып-үйрену кабинеттерін, конференц залды аралап, оралман отбасыларымен әңгімелесті. Кездесуде Елбасы әлемде өз қандастарын тарихи отанына шақырып, қажетті жағдайлар жасап жатқан үш мемлекет бар. Солардың бірі – тәуелсіз Қазақстан. Соның нәтижесінде бұл күндері 1 миллионға жуық қандастарымыз тарихи Отанына оралып, туған жерге қоныстанды. Енді оралман ағайындар еліміздің одан әрі нығайып, көркейе түсуіне лайықты үлес қосулары қажет, деді.
Осы бір әсерлі кездесудің соңында аймаққа белгілі ақсақал Лепес қажы Исаев Елбасының халқымыздың бірлігі, туған еліміздің өсіп-өркендеп, әлемге кеңінен танылуы жолындағы өлшеусіз еңбегі үшін жиналған ардагерлер атынан алғыс айтып, ақ батасын берді.
Мемлекет басшысы одан кейін Маңғыстау облысының білім беру, мәдениет және ғылыми орталығы – Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетіне келді. Соңғы жылдары ғана EURASHE еуропалық жоғары білім беру институттары ассоциациясының, Менеджментті дамытудың орталықазиялық қорының, Экономикалық және бизнестік білім беру ресурстық желісінің мүшесі болған бұл білім ордасы қазірдің өзінде халықаралық дәрежеге ие. Олай дейтініміз, бүгіндері мұнда елімізден, Қытай, Грузия, Ресей, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркіменстаннан барлығы 6614 студент білім алады. Ал алмасу тәсілімен біраз студент ГФР, Қытай, Үндістан, Польша, Ресей университеттерінде оқып жүр. Университет колледжінде 10 орта кәсіптік мамандық бойынша білім берілуде. Болашақта университет қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде білім беру жүйесін енгізбекші. Академик Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің бас оқу корпусы өткен жыл аяғына таман пайдалануға берілді. Әлемдік қаржы дағдарысына қарамастан, Елбасының тікелей қолдауымен, арнайы тапсырмасына орай 50 гектар аумақта ірге көтерудегі қазіргі заманға сай іргелі білім ордасы еліміздің ғана емес, аты айтып тұрғандай, Каспий маңы елдерінің ортақ игілігіне айнала түсуде. Қазақстан Үкіметі университет қалашығында ақпараттық есептеу орталығы бар кітапхана, жүзу бассейні бар спорт сарайы, инженерлік орталық, жастар сарайын, тағы да басқа нысандарды салуға қаржы бөлсе, облыс әкімдігі арқылы университетте республикада теңдесі жоқ ашық аспан астындағы мұнай-газ мамандықтарына арналған оқу, зертханалық полигон құрылысы аяқталуға жақын.
Осынау білім ордасында өлкенің студент жастары жарқын жүзбен қарсы алған Елбасы әдемі нысанды аралап көрді. Осы сәтте университет ректоры, профессор А.Абжаппаров Нұрсұлтан Әбішұлына Германия Федеративтік Республикасының Вильдау қаласындағы қолданбалы ғылымдар, техникалық университеттермен бейнеконференцияға қатысуды ұсынды. Бейнеконференция байланысы басталды. Оған университеттің профессоры, әйгілі ғалым Лацло Унгвари мен Германияда оқып жатқан қазақстандық студенттер қатысып, әңгіме өрбіді. Қазақстандық жастар Елбасының ерекше қамқорлығына алғыстарын айтып, алыс жерде жүріп алған білімдерін тәуелсіз Қазақ елінің одан әрі өркендеп, өрлей беруіне жұмсайтындықтарын жеткізді.
Одан соң мәртебелі меймандар “Қысқы баққа” бет алды. Онда университеттің студенттер жетекшілерімен әңгіме болды. Ал оқу залында интернет арқылы Эльзивир халықаралық ғылыми кітапханасының, Ресейдің жетекші ғылыми орталықтарының кітапхана қорларымен электронды байланыс мүмкіндігі көрсетілді. “Осындай ішінде барлық жағдай жасалған тамаша ғимаратта білім алған сіздердің өндірісті өлкенің қарқынды дамуына лайықты үлес қосуларыңа тілектеспін”, – деді Елбасы болашақ иелеріне.
Одан соң Мемлекет басшысы “Ақтау” сауда ойын-сауық кешеніне келді. Қаланың ортасына көрнекті етіп салынған орталықта тұрғындар мен қонақтар үшін бәрі бар. Ғимарат жайлылық пен қауіпсіздікті барынша қамтамасыз ететін заманауи технологиялық стандарттар бойынша жабдықталған. Кешен аумағында түрлі дүкендер, мейрамхана, ойын-сауық және демалыс орталықтары орналасқан. Банк секторы, түрлі салондар, “Технодом”, жер үсті, жер асты көлік тұрақтары, қаладағы бірден-бір мұз айдыны да осында. Екінші қабаттағы “Ақтау Fіtlіte” спорт кешені аумағында әлемдік стандарттар бойынша салынған, суы ұдайы тазаланып тұратын кәсіби бассейн орналасқан. Жобалық құны 148 млрд.теңге болатын кешен 50 мың шаршы метр жерді алып жатыр. Ал жұмыс орындары 2500-2700 адамға есептелген. Елбасы кешен инвесторы – “Central Asіa petroleum LTD” компаниясының өңірдегі әлеуметтік жобалары ретінде салынған ақпараттық стендіні қарап көрді.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, Жоламан БОШАЛАҚ, АҚТАУ. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.