Жаңа жыл басталғалы бері мобильді аударымдарға қатысты өзгерістер такси жүргізушілерін ғана емес, үйдің айналасындағы дүкен иелерін де уайымға салып отыр. Біз бұған дейін үкіметтің салық мәдениетін қалыптастыруға қатысты нақты қадамдары жеке кәсіп иелерін қынжылтып отырғаны туралы мәселе көтергенбіз. Дегенмен үй жанындағы дүкен иелерінің уәжі мен талабы нендей?
Апта басында Алматы кәсіпкерлер палатасында дүкен ұстап отырған жүзден астам адам жиналды. Кездесуге қалалық мәслихат депутаттары, Мемлекеттік кірістер департаменті, Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының өкілдері де келді.
Бөлшек сауда иелері тұрғын үйлерге орналасқан дүкендерге қатысты салық жүктемесі мәселесін қысқа мерзімде шешу керегін алға тартып отыр. Әйтпесе, көптеген дүкен жабылуға мәжбүр болатын көрінеді. Атап айтқанда, олар бөлшек салық мөлшерлемесін 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендетуді сұрайды.
Дүкен иелерін алаңдатып отырған мәселе туралы мәслихат депутаты, Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов арнайы салық режімінде жұмыс істеу үшін алдымен осы қадамды бастап, адал сауда-саттыққа қаншалықты дайын екенімізді көру қажеттігін айтады.
«Бұл мәселені түрлі ортада, сонымен бірге қала әкімімен де кеңінен талқыладық. Кәсіпкерлер ашық жұмыс істеп, бөлшек салықпен жұмыс істеуге дайын екенін көрсетуі керек. Содан кейін ғана арнайы салық режімін төмендету туралы мәселені көтеру қажет. Бүгін өзгеріске дайындықты көріп отырмын, бұл бағытта ортақ ұстаным керек. Ашық жұмыс істеп, ісі оңғарылған барлық кәсіпкер мемлекеттік қолдау шараларына сенім арта алады», деді Нұрсұлтан Шоқанов.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, 2023 жылдың 15 қаңтарынан бастап бөлшек сауда салығы бойынша қызмет түрлерінің тізімі екі есе өскен. Енді бөлшек салықтың арнайы салық режімі кәсіпкерліктің 364 қызмет түріне таралады. Бұған дейін тізбеде 190 қызмет түрі ғана болған. Тауарларды сатуға және жеке тұлғаларға қызмет көрсетуге бағытталған экономикалық қызметтердің жалпы жіктеуіштерінен (ЭҚЖЖ) басқа, тізімге тауарларды өндіру және қайта өңдеу, жөндеуге байланысты қызмет түрлері, электр монтаждау жұмыстары сияқты қызметтер енгізілген.
Ал дүкен иелерінің уәжі мынадай: «Біз тауарларға үстемеақыны 15%-дан асыра алмаймыз. Оның 4%-ы сатушының еңбекақысына кетеді. 4-5%-ы басқа шығындарға, коммуналдық қызметтер мен жалға алуға жұмсалады. Мобильді аударымдар мен QR төлемдері үшін банк өз пайызын алады. Қазір оңайлатылған декларация бойынша жұмыс істейміз. Бірақ бәрі қымбаттап жатыр, шектен асып кетеміз бе деп қорқамыз. Оған қоса лицензия алу бар. Үй жанындағы дүкендер үшін бөлшек салық мөлшерлемесін төмендету мәселесін қарастыруды сұраймыз».
Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының басқарушы директоры Нариман Ибрагимов кездесуге қатысушыларды түсіністікке, ортақ тіл табысуға шақыра отырып: «Бүгін дүкендер мәселесін шешуге жиналдық. Алматы қаласы мәслихатының депутаты, кәсіпкерлік, инвестициялар, туризм және экология жөніндегі комиссияның төрағасы Руслан Идрисов, МКД, кәсіпкерлік басқармасының өкілдері де шақырылды. Дүкендердің салық жүктемесі мәселесі өте өзекті. Бөлшек салықты 50 пайызға төмендету үшін бір бағытта жүруіміз керек», дейді.
Кәсіпкерлердің айтуынша, алкоголь өнімдерін лицензиялауда да шығындар бар. Мемлекеттік кірістер комитетінің деректеріне көз салсақ, республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда алкогольді бөлшек сатуға арналған лицензияның құны – 100 АЕК (345 000 теңге). Алкогольге бір реттік лицензиялық алымнан басқа, лицензияны пайдалану үшін жыл сайын төлеп отыру керек. Жыл сайын төлемді жыл бойына немесе тең бөліктерге – 25 наурызға, 25 маусымға, 25 қыркүйекке және 25 желтоқсанға дейін төлеу қажет. Мысалы, Алматыдағы мөлшерлеме 100 АЕК-ті құрайды, яғни 2024 жылы тоқсан сайын 25 АЕК – 92 300 теңге төлеуге тиіс.
Дегенмен кәсіпкерлердің айтуынша, қазір дүкендер темекіні «тегін», үстемесіз сатып жатыр.
«Дүкендер – бизнестегі ең осал санат. Біздің табысымыз мардымсыз. Бізге мемлекет тарапынан қолдау өте қажет. Жыл өткен сайын ірі сауда желілері бізді нарықтан ығыстырып келеді. Оған қоса интернет арқылы азық-түлікке тапсырыс беру дамып жатқандықтан, тұтынушылар азайып бара жатыр. Жыл басынан бері мобильді аударымдарға қатысты мәселелер сатылымға әсер етті. Біздің бухгалтер жалдауға мүмкіндігіміз жоқ. Есесіне бухгалтерлік есепті жүргізуге уақыт жоқ. Мәселенің шешімін бөлшек салыққа төмендетілген мөлшерлемемен көшуден көреміз», дейді кәсіпкерлер.
Бөлшек салық мынадай мөлшерлемелер бойынша төленеді: тауарды жеке тұлғаларға сатқан кезде – 4%, заңды тұлғалармен мәмілелер барысында – 8%. Бұл ретте мәслихаттарға жеке тұлғаларға сатылатын қызметтер мен тауарларға бөлшек салық мөлшерлемесін 50 пайызға дейін төмендету құқығы берілген.
Ал 2023 жылы бөлшек салық мөлшерлемесі Қарағанды мен Қызылорда облыстарында 2 пайызға дейін, Астана қаласында 3 пайызға дейін төмендетілді. Ал 2024 жылға бөлшек салық мөлшерлемесін төмендету туралы шешімді 2024 жылғы наурыздың соңына дейін қабылдау қажет.
«Біз цифрландыруға және онлайн төлемдерге қарсы емеспіз. Бұл үдеріс жұмысымызды әлдеқайда жеңілдетеді. Бірақ банктердің комиссиясы мен қосымша салық жүктемесі бізді табыссыз қалдырады. Дүкендердің шығыны көп. Жоғарыда аталған 15%-дың ішінде бізде 4% пайда қалады. Егер бөлшек салық мөлшерлемесін 2%-ға төмендетуге болатын болса, бізде кем дегенде 2 % пайыз пайда қалады», дейді кәсіпкер Раушан.
Сонымен қызу пікірталастың нәтижесінде депутат Руслан Идрисовтың бастамасымен мемлекеттік органдар, мәслихат депутаттары мен қаланың әр ауданынан кәсіпкерлер қатарынан жедел жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды.
«Мен үй жанындағы дүкендердің барлық мәселесін өте жақсы білемін. Өйткені өзім сауда саласында жұмыс істедім. Бөлшек салық мәселесін шешу үшін топтың жұмысына белсенді қатысуды сұраймын. Кәсіпкерлер палатасы бизнес қауымдастығы ретінде әрекет етеді және бизнестің жинақталған ұстанымын мәслихаттың алдына тартады», – дейді Руслан Идрисов.
Жиын соңында 2024 жылдан бастап жалпыға бірдей декларациялаудың III кезеңі басталғаны кәсіпкерлердің қаперіне салынды. Мұнан да бөлек, Қаржы министрінің 29.03.2022 жылғы №323 бұйрығына сәйкес 2024 жылдың қорытындысы бойынша банктер бизнес өкілдерінің (заңды тұлғалардың құрылтайшылары мен басшылары және жеке кәсіпкерлер (ерлі-зайыпты) банктік операциялары бойынша ақпарат бере бастауға тиіс.
АЛМАТЫ