Астанада ауыл мектептері оқушыларына арналған республикалық пәндік олимпиаданың қорытынды кезеңі өтіп жатыр. Ақтық сынға 1 мыңнан астам зияткер жолдама алған. Білім бәсекесі 25 қаңтарға дейін жалғасады.
Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен өткен олимпиада алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Мақсат – ауыл мен қала мектептерінің арасындағы алшақтықты азайту әрі оқушылардың зейінін арттыру. Министр Ғани Бейсембаев пәндік олимпиадалардың оқушылар үшін маңызын былайша түсіндірді: «Пәндік олимпиада – балалардың санасында алғашқы ғылыми ізденістерге жол салатын, болашақ ғалымдарды шабыттандыратын, ғылыммен еркін айналысатын жастар тобын қалыптастыратын ең ауқымды бағдарламалық сайыс. Мектеп оқушыларының беделді олимпиадаларға қатысу рейтингі жеңіс қоржынында медальдар санының көбейгенін, білім сапасының артқанын көрсетеді».
«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғаждембек Тұрсыновтың айтуынша, олимпиадаға ауыл мектептерінің 9-11 сынып оқушылары қатысып жатыр. Осылайша, еліміздің шалғай елді мекендеріндегі дарынды және талантты балалардың қабілеттерін анықтап, дамыту, халықаралық олимпиадаларға қатысуға ынталандыру көзделіп отыр. «Республикалық олимпиадаларда академиялық адалдықты қамтамасыз ету үшін тапсырмалар әр қатысушыға электронды түрде жеке-жеке жіберіледі. Олимпиаданың барлық кезеңінде оқушылардың аты-жөні көрінбейді. Әр кезеңнен кейін тапсырмалардың сканерленген нұсқасы, қатысушылардың жұмыстары мен дұрыс жауаптар орталықтың сайтында жарияланады», деді Ғ.Тұрсынов.
Іріктеу кезеңі өткен жылдың қараша айында басталған. Олимпиада жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттарды қамтитын 13 пән бойынша өткізіледі. Бастапқы кезеңге қатысу үшін оқушылар аuyl.daryn.kz сайтында тіркелуден өтті. Нәтижесінде, 90 мыңнан астам оқушы қатысуға ниет білдірген. ІІ іріктеу кезеңі желтоқсан айында өткізіліп, тапсырмалар онлайн-платформада берілді. Ал қорытынды кезең Астанада өтіп жатыр. Оған екінші кезеңнен өткен 1088 оқушы қатысып жатыр. Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша олимпиада 21-25 қаңтар аралығына жоспарланған. Ал 5 күнге созылған жаратылыстану-математика бағытындағы сайыс өз мәресіне жетіп те үлгерді.
Жүлделі орындарға ие болған оқушылардың толқынысы мен қуанышын көргенде олимпиаданың ауылдағы оқушыларға үлкен мүмкіндік сыйлағанын байқадық. Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Шағатай ауылының 11-сынып оқушысы Дәурен Темірболат республикалық кезеңге жолдама аламын деп ойламағанын айтты.
– Екі кезеңнен өтіп, Астана қаласына келдім. Республикалық сында география пәні бойынша 3-орын иегері атандым. Бұл мен үшін үлкен қуаныш, үлкен дәреже. Біздің ауылдан республикалық деңгейде нәтиже көрсеткен алғашқы оқушы болып отырмын. Дегенмен таңдау пәнім география болғандықтан қорытынды кезеңнің тапсырмалары маған қатты қиын болмады. Жақсы дайындықпен келдім. Тек шамалы қобалжу болды. Олимпиада өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Мұндай іс-шаралар жиі ұйымдастырылып тұрса дейміз. Өйткені бұл біз үшін өте жақсы мүмкіндік. Осы сайыстың нәтижесінде жаңа достар таптым, керемет көңіл күй сыйлап жатыр, танымымыз кеңейді. Бұл жарыста орын алмасам да еш өкінбейтін едім. Қатысудың өзі үлкен абырой, – дейді Дәурен.
Ал математика пәні бойынша 2-орынға ие болған Жамбыл облысы Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Жанкелді Байкейдің айтуынша, нағыз білімді, дайындығы мықты оқушы міндетті түрде жүлделі орындардан көрінеді.
– 90 мың адамның арасынан іріктелініп, олимпиадаға қатысуға мүмкіндік алдым. Сол кезден бастап алдыма мақсат қойып, төрт ай бойы дайындалдым. Енді, міне, нәтижесін көріп отырмын. Алайда бұл жарысқа әуелі моральдық тұрғыда дайындалуым керек деп ойладым. Себебі мұнда жеңіс те, жеңіліс те болады. Оған тұрақты дайындық керек. Меніңше, бұл олимпиаданың үлкен артықшылығы – ауыл мен қала мектептеріндегі алшақтықты жоюға мүмкіндік беруінде. Сондай-ақ ауыл оқушыларының өзіне деген сенімділігін арттырып, талантты жастардың көп екенін дәлелдей түсті. Мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «еліміз ІТ мемлекетке айналуы керек» деген ұстанымын толық құптаймын. Соның негізінде ІТ саласындағы мықты маман болғым келеді, – деді жүлдегер оқушы.
Марапаттау салтанатында Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева жүлдегерлер арасында еліміздің абыройын әлемдік деңгейде көтеретін болашақ мықты ғалымдардың барына сенім білдірді. «Мен сахнаға көтерілген оқушылармен бірге қобалжып, бірге қуанып отырдым. Сіздердің өмірлеріңізде осындай жарқын жетістіктер көбейе берсін. Тек ақыл мен еңбекке сенім арттыңыздар», деді ол оқушыларға.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, олимпиаданың үшінші кезеңінің әрбір қатысушысы жеке жұмыс орнымен, жауап парақтарының бланкілерімен, оның оқу тіліндегі тапсырмалар мәтінімен толық қамтамасыз етілді. Ашықтық пен академиялық адалдықты сақтау мақсатында олимпиаданың өту барысы онлайн режімде көруге арналған бейнебақылау жүйесімен қадағаланды.
Айта кетейік, жаратылыстану-математика бағыты бойынша олимпиаданың жеңімпаздарын марапаттау салтанатында Жамбыл, Түркістан, Абай, Атырау облыстарынан келген оқушылардың аты жиі аталды. Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданы Т.Рысқұлов атындағы мектеп оқушыларының жетекшісі Динара Ниязқұлова ауыл мектептеріндегі дарынды балаларға көңіл бөлініп жатқаны қуантарлық жайт екенін атап өтті.
– Жамбыл облысынан республикалық кезеңге 28 оқушыны алып келдік. Білім алушылардың біршамасы жүлделі орындарға ие болып, тамаша нәтиже көрсетті. Өте қуаныштымыз. Балаларды даярлаған мұғалімдеріне алғыс білдіреміз. Әрі олимпиаданы ұйымдастырушыларға ауыл мен қала арасындағы алшақтықты жою мақсатында осындай бастама көтергені үшін ризашылығымыз шексіз, – деді Динара Ниязқұлова.
Жаратылыстану-математика бағытындағы олимпиада қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, Оқу-ағарту министрлігінің дипломдарымен марапатталды. Сондай-ақ жеңімпаздарға еліміздің бірқатар жоғары оқу орындарының ректорлық гранттары табысталады. Ал қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша олимпиада нәтижесі 25 қаңтарда белгілі болады.
Айта кетейік, III кезеңнің барлық қатысушысы «Дарын» республикалық сырттай мектебіне қабылданады. Сонымен қатар I дәрежелі диплом иегерлері 2024 жылғы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне қатысуға мүмкіндік алады.