Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында полиция қызметкерлерінің ерлік істері ескерусіз қалмайтынын айтты, деп жазады Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев өзі төрағалық еткен алқа отырысында жазасын өтеп жатқандардың негізгі құқықтарын сақтау маңызды екенін атап өтті. Оның пікірінше, абақты дегеніміз – айыпты адамды жазалау орны ғана емес, адамның қайтадан қылмыс жасауына жол бермейтін мекеме болуға тиіс. Президент құқық қорғау органдарының қызметі халық арасында бүкіл мемлекеттік жүйенің бет-бейнесі туралы түсінік қалыптастырады деп санайтынын жеткізді.
«Біз өздерінің қызметтік міндеттерін адал атқарып жүрген полицейлерді ескерусіз қалдырмауымыз керек. Әсіресе олардың нағыз ерлік істерін (ал мұндай жағдайлар аз емес), жұмысын лайықты бағалап, ең жоғары наградалармен марапаттауымыз қажет. Кәсібилік, жауапкершілік танытқан, ерлік көрсеткен нақты жағдайларды үлгі ету, Ішкі істер органдары қызметінің тиімділігін арттыру арқылы полицияның оң имиджін қалыптастыру маңызды», деді Мемлекет басшысы.