• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Алматы 24 Қаңтар, 2024

Алматы үрейленген түн

208 рет
көрсетілді

Қаңтардың 23-іне қараған түні қаннан-қаперсіз, бейқам жатқан, енді ұйқыға бас қоя бастаған Алматы тұрғындарын күтпеген дүмпулер сілкіп оятты. Жер мен көкті дірілдетіп, аспалы шамдарды шайқап, жиһаз­дарды сақырлатып тұрып алған жер сілкінісі үрейленген елді сыртқа жөңкілтті. Көпқабатты үйлердің баспалдақтарынан басталған кептелек таңға дейін ұласқан қала көшелеріндегі кептеліске айналды. Алматыны әлмисақтан қорқытып келе жатқан үрейлі күн бір жағынан бейуайым халықты қаладан қашырса, дүрбелеңге бастаған жалған ақпараттар мен белгісіздік тағы толастамады.

Төтенше жағдайлар министрлігі «НТЦСН и И» сейсмикалық стансалар желісі 2024 жылғы 23 қаңтарда Алматы уақыты бойынша сағат 00.09.02-де (2024 жылғы 22 қаңтарда Гринвич бойынша 18 сағат 09 мин 02 сек) жер сілкінісі тіркелгенін хабарлады. Көп ұзамай «Xinhua» агенттігі Қытайдағы Шыңжаң-Ұйғыр ауданында магнитудасы 7,1-ге тең жер сілкінісі болып, іле-шала 43 афтер­шок тіркелген, олардың магнитудасы 3-тен 5,3-ке дейін жеткені туралы ақпарат тарат­ты. Бұл елде де алғашқы деректер бо­йынша 6 адам зардап шегіп, 2-еуі ауыр жа­рақат алып, 47 үй қирап, 78 үй бүлінген.

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде бірден Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың екі бірдей жатақханасы қирап қалыпты, зілзала 13 балдық күш­пен қайталанады деген сынды теріс ақпараттар онсыз да үрейі ұшып, сандалып қалған жұрттың зәресін ұшырды. Көп ұзамай есін жиған қала қауіпсіздігі мен төтенше жағдайларға жауапты мекемелер байланысқа шығып, ресми ақпараттар тарата бастаса, алматылықтардың смартфондарына келген хабарландыру қызметі жер сілкінісінің шамамен магнитудасы 6,2 балға жеткенін болжады.

Көп ұзамай есін жинап үлгерген қала билігі Жедел штабтың шұғыл кеңесін өткізіп, әрі қарай қалай әрекет ету керектігін талқылап жатқаны мәлім болды. Қауіпсіздікті қамтамасыз етудің барлық жүйесі қосылып,  барлық мектеп пен балабақша ашылып, халық паналайтын орындарға айналды. Полиция департаментінен бастап, жедел медициналық жәрдем қызметі, көпбейінді, мамандандырылған, балалар стационарлары, перзентханалар күшейтілген режімдегі әрекетке көшті.

Алғашқы ресми ақпараттарға сәйкес түнгі сағат 03:00-ге дейін зіл­зала салдарынан зардап шеккен 8 адам жеткізілген. Жа­­­рақат алған үш адам тұрғын үйлердің 2 және 3-қабатынан секірсе, үшіншісінің жағдайы ауыр екені айтылды. Қалғаны көпқабатты үйлерден қашып шыққан кезде жарақаттанған. Көп ұзамай Денсаулық сақтау министрлігі Алматыда түрлі дәрежедегі жеңіл және орташа дәрежедегі жарақат алған 67 адам медициналық көмекке жүгінгенін хабарлады.

Алайда жұрттың көкейінде «Зілзала мұнан да жойқын екпінмен қайталана ма?» деген сұрақ тұрды. Ұлттық сейс­мологиялық бақылаулар мен зерттеулер ғылыми орта­лығының сейсмикалық ахуалды бағалау жөніндегі комис­сиясының кезектен тыс отыры­сының қоры­тындысында мұн­дай жер сіл­кінісінің қай­та­ла­нуы екіталай екені айтылған. «Ал­дағы күндері Ал­ма­­ты бол­жау полигонының аума­ғында магнитудасы 5,6, қар­қын­дылығы 7 және одан жоға­ры балды құрайтын (MSK-64 – сейсмикалық шкаласы бойын­ша) күшті зілзала 70% ықти­мал­дықпен күтілмейді», дейді мамандар.

Бірақ әбден үрейі ұшқан алматылықтардың құзырлы мекемелерге сауалдары жеткілікті еді. Бірінші кезекте неге зілзала кезінде дабыл қағылмады десек, Ал­маты қалалық ТЖД басшысы Нұр­лан Атығаев брифинг барысында сиреналар магнитудасы 5,5 балдан басталатын жер сілкінісі кезінде іске қосы­латынын мәлімдеді.

Алматыда бүкіл қаланы қам­титын 843 электр сиренасы бар. Олар  сейсмостансалар магнитудасы 5,5 балдан асатын тербелістер тіркеген кезде дабыл береді екен.

«Тиісінше, 4-тен бастап 5 бал­ға дейінгі дүмпулер тір­келген кезде сиренаны қосудың қажеті жоқ, әйтпесе, дүрбелең тудырады. Алматыда төтенше оқиғалар кезінде халықты жинайтын 384 пункт бар, олар – 229 мектеп пен 115 балабақша. Олардың барлығы сейсмикалық тұрғыда төзімді. Түнде күзет сол жерде жұмыс істеді. Бір с­а­ғаттың айналасында мектеп қызметкерлері сол жерлерге келіп, жұртты кіргізді», деді ТЖД басшысы.

Кезекті сұрақ: төтенше жағ­дайда жиналатын орындар қандай уақыт аралығында іске қосылып үлгеруге тиіс. Реттеуші құжаттарға сәйкес, әкімшіліктің халықты жинау пункттеріне ке­луі мен ашуы уақыты қыс мез­гілінде +1,5 сағат, жазда +1 са­ғат болса, бел­гіленген уақытқа дейін барлық жинау нүктесі ашылған. Қа­былдау пункттерін шамамен 11 мыңнан астам адам паналаса, оның ішінде 3,5 мың бала бар еді.

Алматы қалалық ТЖД бас­шысы Нұрлан Атығаев мега­полис агломерациясының инфра­құрылымына ешқандай қауіп төнбегенін айта келіп: «Зіл­зала ошағы жер бетіне әлде­қай­да жақын, сол себепті кең аумаққа таралды. Бұған дейін айтылғандай, ҚХР мен Қыр­ғызстан аумағында 265 ша­қы­рым қашықтықта болған­дықтан, сейсмикалық жағдайды Алматы тұрғындары сезді», деді.

БАҚ пен қа­ла тұрғындары­ның сұрақтарына Ұлттық сейс­­­­мологиялық бақылаулар мен зерттеулер ғылыми орта­лы­ғының директоры Дәулет Сәр­сенбаев та жауап берді. «Сейс­мика­лық жағдайдан кейін біз Қырғызстан мен ҚХР аумағында 100-ден ас­там афтершокті тір­кедік. Қа­ла тұрғындары қазір 5 балдан аспайтын афтершокті сезі­нді. Бұл қанша уақытқа созылуы мүмкін? Түркия мен Си­риядағы оқиғаларды алсақ, зілзала дүмпулері әлі күнге дейін жалғасып, біз оны тіркеп отырмыз. Сондай-ақ сіздер де күн сайын Кахраманмараш пен Сириядағы оқиғаларды жаңа­лықтан көріп жүрсіздер. Бізде жойқын зілзала бола ма? Мен 100 пайыз жоқ деп айта аламын. Бізде күшті және жойқын жер сілкінісі де, қатты жер сілкінісі де болмай­ды. Дүмпу азайып барады. Бірақ қала тұрғындары мен қонақ­тары қандай да бір дүмпу­лерді сезінген жағдайда, жер сілкінісі кезінде әрекет ету ережелерін білуі қажет», деді.

Осы арада тағы бір мәсе­ле­ге тоқтала кету керек. Мә­се­лен, қала көшелері мен сырт­қа шығатын жолдардағы кеп­те­­ліс­­терді жанар-жағармай құю стан­саларының айналасына үймелеген көліктер қолдан жасаса, бұл жағдай жер сілкінген кезде қан­шалықты қауіпті?

Сондықтан мамандар зілза­ла кезінде жанар-жағармай құю стансаларына жоламау­ды, жой­қын жер сілкінісінің қай­та­ла­нуынан жарылыстар, өрт шы­ғуы мүмкін екенін ескертеді.

Сол сияқты Алматыдағы оқи­ға елдің ресми дерек көз­де­ріне сүйене бермейтінін көр­сет­­ті. Осы орайда, ең алдымен – ТЖД, құтқару қызметі, жер­гілікті атқарушы органға құ­лақ асу, көршілердің чаттары­на емес, өз ісімен айналысатын мамандарға сену, қоғамда тө­тен­ше жағдайларға ден қою мә­дениетін тәрбиелеу қажеті де айтылмай қалған жоқ.

Сондай-ақ журналистер неге жер сілкінісі кезінде қала тұр­ғын­дарына жаппай SMS-хабар­ламалар келмегенін сұрауға тура келді. 2019 жылы тұр­ғын­дардың шағымдарының кө­беюіне байланысты ТЖД ұялы желі операторларының техника­лық мүмкіндіктерінің шектеулі болғандықтан, жер сіл­кінісі кезінде SMS-ескерту­лерден бас тартқанын алға тартты.

Мегаполистің халқы көп, екі миллионнан астам адам бар. Мұндай жағдайда кей­бір абоненттерге бірнеше са­ғат­тан кейін хабарламалар ке­ші­гіп келіп, халық арасында дүр­белеңді ушықтыра түспек.

Дегенмен сейсенбі күні түске қарай Алматы тұрғындары қа­лыпты тіршілігіне де қай­та орала бастады. Барлық кәсіп­орын мен ұйым штат­тық режімде жұмысын жал­ғас­тырды. 

Алматы қалалық Еңбек инспек­циясы басқармасы 23 қаңтар­да бар­лық кәсіпорын мен ұйым­­ штатты режімде қыз­мет етіп жатқанын және жер сілкі­­нісіне байланысты өнді­рістік жарақаттар, жазатайым оқиға­лар тіркелмегенін хабарлады. 

Қуанышымызға орай, Ал­маты полициясы «балапан басына, тұрымтай тұсына» қашқан түнде тонау, қарақшылық оқи­ғалар тіркелмегенін растады. 

Бір ғана Алматыны емес, бүкіл елді дүрліктіріп кеткен оқи­­ғаға орай, сейсенбі күні ел­ор­да­дағы Үкімет отырысында Тө­­те­нше жағдайлар министрі Сы­­рым Шәріпханов есеп берді.

«23 қаңтарда түнгі сағат 12-ден 9 минут кеткенде Ұлттық ғылыми сейсмологиялық ор­та­­­лығының дерегі бойынша, зілзала ошағы Алматы қала­сы­­нан оңтүстік-шығысқа қа­рай 264 шақырым жерде Қыр­ғызстан және Қытай Халық Республикаларының шекарасында жер сілкінісі тіркелді. Сағат 07:00-дегі жедел жағдай бойынша 3 сейсмикалық оқиға тіркелсе, Алматы қаласында – 5, Шымкент қаласында – 2, Жамбыл облысында – 2-3 және Жетісу облысында – 4 балл болды. Алдын ала мәлімет бойынша ғимараттар мен құрылыстардың бұзылуы тіркелген жоқ», деді.

Сырым Шәріпханов Төтен­ше жағдайлар министрлігін­де Республикалық жедел штаб ашыл­­ғанын, аумақтарда да штаб­­­­тар жұмыс істеп жатқа­нын, министрлік психолог­тері ­«Же­­­дел желі» қызметін ұйым­дас­­­ты­рып отырғанын мәлімдеді. Оған қоса өңірлер­дегі азаматтық қорғау мемле­кеттік жүйесінің күш­тері мен құралдары жоға­ры дайын­дыққа келтіріліп, коман­далық-штабтық машиналар орналас­тырылған.

Министр Алматы қаласы мен өңірлерде зардап шеккендерді қабылдайтын пункттер жұмы­сын жалғастыратынын, таяу орналасқан пункттер туралы деректер 2ГИС платформасына енгізілгенін еске салды.

«Сейсмикалық болжау ко­мис­сиясының болжамына сәй­кес, Алматы қаласының аума­ғын­да қатты және жойқын жер сілкінісі болмайды. Сон­дық­­­тан тұрғындардан дүр­бе­лең­ге салынбауын, тек рес­ми де­реккөзге сенуін сұрай­мын. Қа­зіргі уақытта өңір­лер­де ғи­ма­раттар мен құрылыс­тар­дың, оның ішінде қорғаныш гидро­тех­никалық нысандардың бұзылу ықтималдылығына ко­миссиялық тексеру жүргізіліп жатыр», деді.

Осылайша, сейсмикалық қауіпті аймақтағы Алматыны  Алматы болғалы бері қорқытып келе жатқан, екінің бірін сәуе­гейге айналдырған жер сілкінісі тағы да сабақ беріп кетті.

 

АЛМАТЫ