• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Алматы 25 Қаңтар, 2024

Алматыдағы дағдарыс орталығының көмегіне 2 мыңға жуық әйел мен бала жүгінген

195 рет
көрсетілді

Алматыда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсететін «Жан-Сая» дағдарыс орталығынан былтыр 1980 адам қолдау тапса, 2022 жылы 1708 адамға көмек көрсетілген. Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында дағдарыс орталығының басшысы Зульфия Байсакова мен заңгер Гүлшара Сапарова орталық жұмысы туралы айтып берді.

«Жан-Сая» дағдарыс орталығы әйелдер мен балаларды гендерлік зорлық-зомбылықтың кез келген түрінен қорғау қозғалысын дамытуға ықпал етуді мақсат етеді.

«Жоғарыда көрсетілген сандар мен орталықтың жұмысы, сондай-ақ «150» сенім телефонына келіп түскен қоңыраулар негізінде бірқатар мәселелер анықталып отыр. Олардың бірі еліміздің халықаралық міндеттемелерін орындау мақсатында және БҰҰ мүшесі ретінде отбасына, жақындарына қатысты жасалған тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминализациялау болып табылады. Бұл Қылмыстық кодексіне «Тұрмыстық зорлық-зомбылық» деген жеке бапты енгізу қажеттігін көрсетіп отыр», деді Г. Сапарова.

Сарапшының айтуынша, 2017 жылға дейін Қылмыстық кодекстің «Ұрып-соғу» немесе «Денеге жеңіл зиян келтіру» баптары жеке айыптау қылмыстарына жатады, егер жәбірленуші өтініш білдірмесе, іс қозғалмайды. Қылмыстық іс қозғалса да, ол тараптар татуласқан жағдайда тоқтатылады.

Жария айыптау жағдайларында қылмыстық қудалауды тергеуші немесе прокурор мемлекет атынан жүргізеді, жәбірленуші тараптың келісімі мен бастамасы талап етілмейді, татуласу көзделмейді.

«Егер құқық қорғау органдарында айыпталушылардың саны артады деген күдік болса, онда халықаралық тәжірибеде танылған және Конституцияның 24-бабында белгіленген міндетті қоғамдық жұмыстарды пайдалануды ұсынамыз. Соған орай агрессор түзету бағдарламасынан өтуге міндеттенеді. Бұл сондай-ақ мемлекет тарапынан жәбірленушінің қауіпсіздігіне кепілдік береді. Мәселенің салдарынан орын алған қайғылы жағдайлар статистикасы мен өзектілігін ескере отырып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін 102, 112, 150 сенім телефонына қоңырау шалып, 8 771 450 3 450 ұялы телефонына немесе whatsApp қосымшасына жазуға болады. Мамандар күндіз және қашықтықтан кеңес береді. Ол үшін алдын-ала жазылу керек. Болған оқиға бойынша шаралар қабылданбайды деп қорықпау керек, өйткені белгілі фактілер ішкі істер органдарында тіркеліп, қадағалау органдары бақылау жүргізеді», деп қорытындылаған Г. Сапарова зорлық-зомбылықсыз мәдениет қалыптастыруға қоғам болып атсалысуға шақырды.