• RUB:
    5.03
  • USD:
    484.11
  • EUR:
    528.79
Басты сайтқа өту
Пікір 25 Қаңтар, 2024

Бүгін мен болашақтың айқын бағдары

151 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Еgemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбаты республикамыздың қоғамдық-саяси, рухани кеңістігінде елеулі оқиға болды.

Ойлы әрі аса өзекті мәселелер төңіре­гінде қойылған сауалдарға Мемлекет басшысы өте ауқымды проблемаларды ашық, барынша айқын түрде айтып берген. Президент кеше, бүгін және болашақ ұғымдары аясында толғана отырып, қазіргі яғни заманауи кезеңдегі дүние жүзіндегі елдердің басым көпшілігіндегі алуан түрлі келеңсіздік, көптеген сын-қатер туындаған шағында еліміз қандай белестерді бағындыруы керек деген мәселеге көбірек мән берді. Сұхбатта халық атқаруға тиіс негізгі міндеттердің нақты аталуы белгілі бір дәрежеде стратегиялық міндеттермен үндес екенін баса айтқан жөн.

Өткен жылы қыркүйекте Қ.Тоқаев­тың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы елімізде жаңа экономикалық үлгіге көшу, руханият саласы бойынша тың әрі тегеурінді іс-шараларды, ішкі және сыртқы саясат мәселелері бойынша атқарылуға тиіс міндеттерді мейлінше нақты және мүмкіндіктерді жақсы ескере отырып, белгілеп берген еді. Арада көп уақыт өтпесе де, сұхбатта осы міндеттердің орындалу барысына шолу жасалған.

Экономика, руханият, саясат саласында әбден ойластырылған әрі жұртшылық көңілінен шығатын, ғылыми тұрғыдан дәлелденіп, дәйектелуі еш күмән туғызбайтын батыл, тегеурінді реформаларды жүзеге асыру, ақиқат­қа жүгінсек, айтуға ғана оңай. Ондай ірі өзгерістер қалың жұртшылықтың, Үкі­меттің, түрлі институт пен билік тар­мақтарының, заң шығарушы орган­ның жұмыла атқаратын міндетіне жатады. Ал жаппай жұмылу үрдісі ел бірлігі, ұлт тұтастығы, қазақы ұғыммен айтқанда, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарғанда ғана жүзеге асады. Президенттің айрықша астын сызып, екпін түсіріп айтқаны да осы. Бірлік қана барша тірлігіңе, бағындырар белесіңе, белгілеген міндетіңді еңсеруге бастайды.

Бір жайтқа ерекше ден қойған абзал: ол –  «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» деген ой. Ақиқатында да солай. Озық ойлы ұлт қана болашағына сеніммен қарай алады. Осындай ұлт қана халықтың әлеуметтік хал-ахуалына басты назар аударады. Инвестиция тарту, экономиканы әртараптандыру, білім беру ісін озық технологиялық инновацияға сай ұйымдастыру, ұлттың жаңа санасын қалыптастыру мен қоғамның құн­дылықтар жүйесін жаңғырту, халық­тың ғасырлар бойғы жасаған ғаламат мұрасын, ұлттық болмысын жаңғырту – бәрі де төңірегіңді жіті бағамдап, айқын бағыт-бағдар ұстануға, атқарылуға тиіс міндеттерді абыроймен, адал орындауға бастайды, ұлтжандылықты, патриотизмді күшейтеді. Ал бұлар, са­йып келгенде, әділетті Қазақстанға айқын жолды нұсқайды.

 

Мәуен ХАМЗИН,

«Bolashaq» академиясының профессоры, филология ғылымдарының докторы