• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әскер 29 Қаңтар, 2024

Әскердегі топогеодезиялық қызмет

108 рет
көрсетілді

Топогеодезиялық қамтамасыз ету – Қарулы күштердің жедел іс-қимылына жол ашатын маңызды қызметтердің бірі. Бұл болмаса, майдан даласында дұрыс әрекет жасау, оң шешім қабылдау, сондай-ақ әскери техникаларды тиімді қолдану өте қиын, тіпті кейде мүмкін емес.

Бүгінде Қорғаныс министрлігі құры­лымында бұл қызметті Геоақпараттық қамтамасыз ету департаменті атқарады. Департамент басшысы, полковник Серік Жолдыбаевтың айтуынша, еліміздің Қарулы күштерінің топографиялық қызметі 1992 жылы 30 қаңтарда құрылған. Кейін осы күн әскери топографтардың кәсіби мерекесі болып ресми түрде бекітілді. Ал бүгінгі Геоақпараттық қамтамасыз ету департаменті шет мемлекеттер армиясының жер туралы ақпаратпен қамтамасыз ету тәжірибесін ескере отырып, 2019 жылы пайда болған. Серік Жолдыбаев алғаш құрылған күннен бері осы саланы басқарып келеді.

Жалпы, геоақпараттық қамтамасыз ету деген не? Әскери топографтар мен геодезистерге қандай міндеттер жүктелген? Топографтар соғыс болуы ықтимал және соғыс болып жатқан мекеннің картасын әзірлейді. Ал геодезистер зымырандармен және басқа қару түрлерімен соққы берілуге тиіс нысандардың координаттарын анықтап, әскерлерге береді. Карта не үшін керек? Ол әрине жаяу әскерлер мен әскери техникалардың іс-қимыл жасауы үшін қажет. Сол арқылы армияға бағыт-бағдар береді, алдынан кездесуі мүмкін түрлі кедергілерді (су, тау, т.б.) ескертеді және оңай өтуге болатын жерлер жайында ақпарат ұсынады. Мұндай мәліметтер болмаса, әрине, әскердің алға жылжуы мүмкін емес. Бір сөзбен айтқанда, Геоақпараттық қамтамасыз ету департаментіне Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігін және жедел даярлығын топогеодезиялық, навигациялық және гидрометеорологиялық қамтамасыз етуді ұйымдастыру міндеттері жүктелген.

Ел Қарулы күштерінің Топогра­фия­лық қызметінің тарихы КСРО Орта­азиялық әскери округінің 1969 жылы 24 маусымда Алматыда құрылған Топографиялық қызметімен тығыз байланысты. Тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылы өзіміздің Топографиялық қызметіміз құрылып, кейін ол бірқатар өзгеріске ұшырады. Әр жылдары бұл саланы А.Чернов, Е.Маусымбеков, Н.Қарабалаев, М.Саматов, М.Жан­пейісов, С.Герасимов сынды полковниктер басқарған.

«Қызметтің қалыптасу кезеңінде топо­геодезиялық қамтамасыз ету бағы­тында әскерді карталармен қам­тамасыз ету, жергілікті жерлердің арнайы карта­ла­ры және макеттерін дайындауға көп күш салынды. 1998-2001 жылдары топо­графиялық қызметтің дамуындағы маңыз­ды кезең болды. Осы жылдары цифр­лық картография міндеттерін шешуге арналған «Қазақстан ГАЖ орталығы» құры­лып, қағаз карталарды цифрландыру жұмыстары қарқын алды», дейді С.Жолдыбаев.

Әскери өнер теориясының негізін қалаушылардың бірі Ф.Ллойд: «Жер – соғыстың ұлы әрі жалғыз кітабы: кім оны оқи алмаса, қаһарман батыр деген атақпен шектеліп, генерал болудан үмітін үзгені дұрыс» деген. Жалпы, топогеодезиялық қызметті әскери адамдар «Армияның көзі» деп те атайды. Өйткені әскердің алға жылжуы, шабуылға шығуы үшін де ең бірінші топографтар дайындаған карта мен геодезистер берген координаттар керек. 2011 жылдан еліміздегі отандық оқу орындарының әскери кафедраларында топогеодезиялық мамандықтың запастағы офицерлерін дайындау жұмыстары басталды. Әскери іс-қимыл және топографиялық барлау жасау аумақтарында топогеодезиялық дайын­дық міндеттерін жедел шешуге арналған жылжымалы навигациялық кешендер сатып алынды. Олардың қатарында далалық жағдайда сапалы әрі қысқа уақытта тапсырмаларды орындай алатын, ұшқышсыз ұшатын аппараттармен жабдықталған мобильді навигациялық кешендер де бар. 2015 жылдан бастап Ұлттық қорғаныс универ­си­тетінің Бас штаб факультетінде «Гео­ақ­­па­раттық жүйе» және «Әскерді топо­гео­дезиялық қамтамасыз ету» пәндері енгізілді.

Серік Жолдыбаевтың айтуынша, бүгінгі таңда Геоақпараттық департамент әскерді жер туралы дәлме-дәл әрі шынайы ақпаратпен қамтамасыз ету, топографиялық, теңіз және арнайы карталарды дайындау мен басып шығару, зымыран әскерлері мен артиллерияны және Әуеге қарсы қорғаныс әскерлерін негізгі астрономиялық-геодезиялық мәліметтермен қамтамасыз ету жұмыстарын ұйымдастырып келеді.

«Қарулы күштерге цифрлық геоақпа­рат­тық технологияларды енгізу жөніндегі департамент алдына қойылған ауқымды міндеттерді ескере отырып, Қорғаныс министрі 2019 жылдың 27 шілдесінде еліміздің Қарулы күштерін геоақпараттық қамтамасыз ету жүйесін дамытудың жол картасын бекітті. Сонымен қатар ел Президенті – Жоғарғы Бас қолбасшы бізге геоақпараттық технологиялар бағытындағы әскери-ғылыми әлеуетімізді арттыру бойынша тапсырма жүктеді. Біз алыс-жақын шетелдердің технологиялық даму тәжірибелерін зерделей отырып, осы бағытта үздіксіз жұмыс атқарып келеміз. Айта кетсек, бұл тұрғыда біз ТМД елдерінің ішінде ешкімнен қалып қойған жоқпыз, тіпті көп жағдайда көш басындамыз», дейді Геоақпараттық қамтамасыз ету департаментінің бастығы.

Оның айтуынша, әскерлердің жауын­гер­лік қызметіне енгізу үшін зерттеліп жатқан заманауи мүмкіндіктердің бірі – вир­туалды ақпарат беру технологиялары. Мұн­дай технологиялар қазірдің өзінде дамы­ған мемлекеттердің армияларында қол­да­нылады. Оны енгізу жұмыстарын Ұлт­тық қорғаныс университеті базасында ұйым­дастыру жоспарланып жатқан көрінеді.

«Осы мақсатта Ұлттық қорғаныс уни­вер­ситеті технопаркінің базасында перс­пективалы геоақпараттық технологиялар зертханасын құру жос­пар­ланып отыр. Былтыр «Айбалта» оқу-жаттығуында Қарулы күштер тарихында алғаш рет біз жердің 3Д моделін және онда әскерлердің жауынгерлік іс-қимылдарын көрсету үшін цифрлық проекциялық технологияларды қолдандық. Оны жасауға атсалысқан полковник Козлов, майор­ Жантілеуов, аға лейтенант Каныш сияқты офицерлерді атап өтуге болады. Мұндай технологиялар барлық дәрежедегі командирлерге жер тура­лы өзекті ақпаратпен қамтамасыз етуге мүмкіндік бере отырып, жердің тактикалық қасиеттерін егжей-тегжейлі зерделеу және бағалау арқылы олар қабылдайтын шешімдердің жеделдігі мен тиімділігін арттырады», дейді С.Жолдыбаев.

Қазіргі таңда әлемнің барлық дамыған елі «цифрлық майдан даласын», яғни бірыңғай басқару жүйесін құру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл жүйе тікелей уақыт режімінде соққы беретін нысандарды табу, ақпарат алмасу, бұйрық беру, әскер мен техниканың жағдайын бақылау сынды өзекті мін­деттерді шешуге мүмкіндік ашады. Топографиялық қызмет алдында тұрған ең қажетті мін­дет­тердің бірі осы.

С.Жолдыбаевтың айтуынша, қазіргі күні еліміздің Қарулы күштерінде екі жылжымалы кешен жұмыс істейді. Біріншісі – навигациялық топографиялық, екіншісі – навигациялық геодезиялық кешендер. Бұлар барлық қажетті жабдықпен қамтылған: өздерінің ұшқышсыз ұшу аппараттары бар, солар арқылы жерді суретке түсіріп, картаны өздері басып шығарады. Ал биыл әскери топографтар қатарына еліміздің қорғаныс-өнеркәсіп кешені жасап шығарған жаңа 3 техника келіп қосылған. Отандық өнімдер «Оңтүстік», «Шығыс», «Батыс» өңірлік қолбасшылықтарына берілген.