Сағат белдеуін ауыстыру қажет екені туралы әңгіме өңірде 5-6 жылдан бері айтылып келеді. Жергілікті белсенділер UTC+6 белдеуінің тұрғындардың денсаулығына кері әсер етіп жатқанын дәлелдейміз деп жүріп біраз жауапты орындардың табалдырығын тоздырған. Географиялық тұрғыдан UTC+4 сағат белдеуінде жатқан Қостанай облысы 2004 жылы UTC+6 белдеуіне ауысқалы өз уақыт белдеуінен 1 сағат 46 минут алда келеді.
Еліміздің бірыңғай сағат белдеуіне ауысуына орай облыс тұрғындары енді наурыздың бірінен бастап уақыт тілін 1 сағат кері шегеруге тиіс. Осыған байланысты Қостанайға арнайы келген бір топ елордалық ғалым, сарапшылар тұрғындармен кездесіп, көптің көкейінде жүрген сауалдарға жауап берді.
Мәжіліс депутаты Еркін Әбілдің айтуына қарағанда, 2004 жылы өңірдің өз уақыт белдеуін ауыстыруына электр энергиясының қыжалаты мәжбүрлеген. Енді мұндай зәрулік жоқ.
«Егер географиялық жағынан қарасақ, бізде 4 сағат белдеуі бар. Бірақ мұның бәрін сақтау ел экономикасына ауыр тиетін еді. Қостанай облысының шекарасы ешбір уақыт белдеуімен сәйкес келмейді. Сондықтан өңірдің UTC+5 уақыт белдеуіне өтуі бірден-бір дұрыс шешім болып саналады. Әрине, біз 20 жыл бойы бір уақыт белдеуімен өмір сүріп үйреніп қалдық. Оның денсаулығымызға зиян тигізіп жатқанын ескермедік», деді Еркін Әбіл.
Биотехнолог-ғалым Әмір Қуаттың айтуынша, сағат тілін 29 ақпанда жатар алдында ауыстырып қойған дұрыс. Мәселен, сағат 23:00-де ұйқыға жатсаңыз, сағат тілін 22:00-ге ауыстырып қойыңыз. Ал таңертең жаңа уақыт бойынша оянасыз.
«Былтыр Қостанайда ақпан айында болдық. Сонда қателеспесем, сағат таңертеңгі тоғызда әлі қараңғы болып тұрды. Сонда үш сағатта күннің бел ортасына келеді екенбіз. Одан екі сағат бұрын жұрт балаларын балабақшаға, мектепке жетектеп бара жатады. Мұның бәрі халық денсаулығына кері әсер етеді. Мәселен, ұйқыдан таңғы сағат жетіде ояндық делік. Жаңа уақыт белдеуімен ол кезде сағат әлі таңғы алтыны көрсетіп тұрады. Балаға болсын, ересек адамдарға болсын бір сағаттық ұйқы адамның физиономиясына кері әсерін тигізбей ме, тигізеді. Адам шаршауды жүйке сезімі арқылы миымен қабылдайды», дейді ғалым.
Дәрігер ғалымдар жаңа уақыт белдеуіне ауысудың адам денсаулығына пайдалы екенін, қалыпты өмір сүру үшін, әсіресе балалардың дұрыс дамуы үшін, ең алдымен, күн сәулесі керек екенін айтып отыр. Алайда Қостанай өңірінде жазда ерте таң атып, кеш күн батады. Яғни өңір тұрғындары таңертең кеш оянып, түнге қарай кеш жатады. Сондықтан табиғи күн ауысымының кестесіне біртабан жақындаған абзал.
Ғалымдардың айтуынша, түн ортасына дейін түннің тең жартысы өтуге тиіс. Ал Қостанайда бұл уақытта түн енді басталып жатады. Сондай-ақ түс тас төбеге көтерілгенде талтүс болу керек. Қостанайда сағат 13:45 те ғана талтүс болады. Қазақстан UTC+5 уақыт белдеуіне көшкенде бұл қолайсыз жағдай кем дегенде 1 сағатқа қысқарады.
Жаңа уақыт белдеуі, әсіресе балалардың қыс маусымында мектепке, балабақшаға баруына қолайлы жағдай тудырмақ. Өйткені қазіргі уақыттан бір сағат кеш оянған баланың ұйқысы қанып, сергек тұрады.
Алайда енді өңірде қысы-жазы күн ерте бататын болады. Дәрігерлер адамның ұйқысы дұрыс болу үшін ерте жатуы керек дейді.
Денсаулық сақтау саласының үздігі Көпей Малшыбаев еліміздің 2004 жылы сағат тілін ауыстырудан бас тартуы үлкен қателік болғанын айтады. Салдарынан таң құзынан мектепке дедектеген балалардың ұйқысы шала болып, ол денсаулықтарына салмақ салған. Өйткені баланың жүйке жүйесі кеш оянады. Сәйкесінше ұйқылы-ояу баланың миы ақпаратты толық қабылдай алмағандықтан, таңғы сабақтардан да айтарлықтай пайда болмайды. Тіпті аутизмге шалдыққан балалар санының көбеюуі де уақыт белдеуінің дұрыс болмауымен байланысты екен.
Қостанай облысы