Әйгілі Әбілхан Қастеевтің Керекуде сақталып тұрған суреттері баршылық. Н.Нұрмұхамедов атындағы өңірлік көркемсурет музейінің қорында қылқалам шеберінің 6 бейнесуреті және 35 түрлі түсті қарындаштармен салған туындылары тұр.
Жуықта суретшінің 120 жылдық мерейтойына орай көрме ашылды.
«Бұл картиналар өткен ғасырдың жылдары Т.Шевченко атындағы Қазақстанның Мемлекеттік көркемсурет галереясынан, одан кейінгі жылдары Қазақ КСР суретшілер одағының, Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің көркемсурет көрмелерінің дирекциясынан алынды. Тағы бір туындысы («Табиғат көрінісі») автордың отбасынан 1974 жылы сатып алынды», дейді павлодарлық өнертанушы Елена Дубовая.
«Қамал жанындағы тас көпір» (1937) және «Медеу тауындағы Алматы өзенінің жазықтығы» (1937) суреттері алғашқы салынған картиналары қатарынан саналады. Қос туындының астына латын әрпімен қол қойылған және «1937 god, A.Qastejip» деп белгі соғылған.
Ал «Ақсақалдың бейнесі» (1950), «Құда» (1972) және «Ғ.Мүсіреповтің суреті» (1973) шебердің қалыптасу кезеңдерін сипаттайды. Өкінішке қарай, Мүсіреповтің бейнесі аяқталмай қалған.
Өнер иесінің шығармашылығында негізгі тақырып – Отан мен ел-жер. Суретші оны еңбек адамдарымен, олардың кәсібімен, малшылардың табындарымен, егіншілердің дала қостарымен байланысты нақты өмірлік кезеңдерді көрсету арқылы дамыта түскен. Мұны «Жайлау» (1963), «Шопандарға келген үгітшілер» (1964), «Киіз үй жанындағы әңгіме» (1969), «Шопандардың жаңа тұрмысы» (1970) жұмыстарынан анық аңғарамыз. Ал «Абайдың туған жері» (1961), «Ш.Уәлихановтың туған жері» (1966), «Шежін таулары» (1968) да керемет кескінделген.
ПАВЛОДАР