Алматы қаласындағы «Tamos» мектебінде роботтехникадан өткен «FIRST Championship» өңірлік іріктеу чемпионатында Абай облысының «Аlash» құрамасы топ жарып, жүлделі 2-орынға ие болды.
Бұл жарысқа еліміз және Өзбекстаннан 40-қа жуық команда қатысты. Инновациялық жобаларын ұсынған 500-ден аса қатысушы үш бағытта өнер тақырыбы бойынша сынға түсіп, арнайы жабдықталған алаңдарда роботтарын жарыстырды.Чемпионаттан үздік шыққан командалар ақпан айының соңында Астанада өтетін FIRST Орталық Азия кезеңіне жолдама алды. Абай облысының командасы осы чемпионатта республика намысын қорғайтын болады.
«Аlash» құрамасы құрастырған «Феникс» роботы шағындығымен ерекшеленеді. Өзге өңір командаларымен пиксель жинау, ұшақ ұшыру және турникке тартылудан сайысқа түскен бұл команданың осы жолы бәсі жоғары болды. Команда жетекшісі Ерасыл Нұрекенов құрама мүшелерінің бұл сайыста үздік өнер көрсеткенін атап өтті. Электртехникалық колледж студенттері мен Абай ауданы Ш.Әбенов атындағы мектеп оқушыларынан жасақталған команда құрамында колледж студенттері – Азамат Бейбітұлы, Руслан Нестеренко, Нұрбол Жүнісов, Бекжан Қорғамбаев, сондай-ақ мектеп оқушылары – Ералы Сырымұлы, Санжар Асқарұлы, Елдар Оразбеков, Жанболат Қайроллаев бар.
«USTEM Foundation» ұйымдастырған чемпионат «Tamos» мектебі мен «Qstem Education»-ның қолдауымен өтті. Қатысқан командалар арасынан Орталық Азия ойындарына 5 команда жолдама алды.
АЛМАТЫ