Өткен аптада Күршім ауданының Маралды ауылында алтын өндіру фабрикасы құрылысының жобасы бойынша қоғамдық тыңдау өтті. Тыңдауға 100-ден аса тұрғын қатысып, 19 адам ресми түрде тіркелді. Сонымен қатар жергілікті атқарушы билік өкілдері де болды. Айта кетерлігі, тыңдауға қатысқан халықтың ұсыныстары ескеріледі.
Жоба тау қойнауындағы шекаралық ауданға серпін беріп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етеді деседі. Алтын өндіруші бұрынғы тыңдаулардағы тұрғындардың ұсыныс пен тілектерін ескере отырып, бірқатар шараны іске асырған еді. Алдағы уақытта жүзеге асырылатын жұмыстар бойынша да жоспарлар құрып отыр.
Естеріңізге сала кетсек, зауыт құрылысына 2022 жылы 26 шілдеде ШҚО бойынша экология департаменті рұқсат берген. Ол рұқсаттың мерзімі 2022 жылдың 31 желтоқсанында аяқталды. Бірқатар себептермен зауыт құрылысы уақытында аяқталмады. Осыған байланысты кәсіпорынға жаңа экологиялық рұқсат алу қажет еді. «Маралиха» және «Маралиха кен алқабы» кен орындарындағы өнімділігі жылына 250 мың тонна кенді өңдеу фабрикасы бірінші санаттағы объект болып табылады. Сол себепті экологиялық кодекстің 96-бабы, 1-тармағына сәйкес мемлекеттік экологиялық сараптама басталғанға дейін немесе оны жүзеге асыру үдерісінде қоғамдық тыңдаулар өткізу міндетті.
Қоғамдық тыңдаулардың бастамашысы – «ВСАМ Продакшн» ЖШС. «Востокказнедро» мекемесі жүргізген зерттеулер негізінде ШҚО әкімдігінің 15 желтоқсандағы №285 қаулысымен су қорғау аймағы мен белдеуі белгіленді. Ұсатқыш алаңы ішінара су қорғау аймағына кірді. Бірақ бұл су кодексінің талаптарына еш қайшы келмейді. Жоба «Ертіс бассейндік инспекциясы» мемлекеттік мекемесінің 2024 жылғы 4 қаңтардағы қорытындысымен арнайы бекітілді.
Бүгінде фабрика құрылысын тоқтатуға еш негіз жоқ. Жобада су объектілерін қорғаудың барлық шарасы қарастырылған. Соттың шешімі бойынша фабрика салуға рұқсат бар.
Тыңдау кезінде келіп түскен ескертулер, ұсыныстар, сұрақтар хаттамада көрсетіледі. Қоғамдық тыңдау хаттамалары жасалып, қол қойылады және экологиялық порталға енгізіледі. Қоғамдық тыңдаулар өткізу туралы қағидалардың 23-тармағы ескеріле отырып, заң аясында өтті. Бұл жобаның шекаралас ауданның дамуына үлкен серпін берері анық. Жалпы, кез келген инвестициялық жоба – ең алдымен, қосымша салық әкелетін көз, қосымша жұмыс орындары, өңірдің өркендеу көзі.
Алтын өндіру фабрикасының құрылысы бизнесті көлеңкелі экономикадан шығарып қана қоймай, Маралды ауылының тұрғындарына да әлеуметтік кепілдіктер береді. Бұған дейін «Maralicha» тау-кен компаниясы» ЖШС атқарушы директоры Марат Асаубаев компания Маралды ауылындағы жолдарды жөндеуге міндеттенетінін айтқан болатын.
– Сондай-ақ біз Қойтастағы көпірді қайта жаңартуды, жергілікті мектепті материалдық-техникалық жарақтандыруға қаражат бөлуді, ауылдық округ түлектерін жоғары оқу орындары мен колледждерде оқытуды жоспарлап отырмыз, – деген Марат Асаубаев тыңдаулардың бірінде.
Кәсіпорын өз мойнына алатын әлеуметтік міндеттемелердің қатарында медициналық нысандарды жөндеу, мүгедектерге тұрғын үй алып беру де қарастырылған. Алайда экологияға алаңдаған халық көне қоя ма?
– Иә, фабриканың салынуына қарсымыз. Тұрғындарды жұмыспен қамтығанымен, табиғатқа төніп тұрған қауіп бар. Бұл жердің қойын-қонышы – толған өсімдік. Ішінде Қызыл кітапқа енгені қаншама? Білесіздер, алтынды цианид деген химиялық қоспамен жуады. Ол төмендегі Маралды өзеніне ағып төгіледі. Одан басқа бастау, бұлақтар бар. Фабрика салынған жағдайда, өзенде балық қалмайды. Ал қоғамдық тыңдауда халық пікірі ескерілмейді, – дейді ауыл тұрғыны Әділ Қожақов.
Кәсіпорын қызметінің заңдылығын аймақ билігі жіті қадағалайтынын айтады. Жергілікті билік, облыс басшылығы әрдайым қолданыстағы заңнама талаптарының қатаң сақталуын, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді және халықтың мүддесін басты назарда ұстайды. Десе де, тұрғындардың дені алтын өндіру фабрикасының құрылысына қарсы. Қарсылықтарын соңғы тыңдауда да ашық білдірген.
Шығыс Қазақстан облысы,
Күршім ауданы,
Маралды ауылы