• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Құқық 31 Қаңтар, 2024

Әділ қоғамдағы заң үстемдігі

187 рет
көрсетілді

Заң солқылдақ болса, тиісті бақы­лау жасалмаса, халық игілігіне қызмет ететін ортақ мүлік­тер жеке қолдарға өтіп кететі­нін ащы тәжірибе көрсетті. Өкінішке қа­рай, бұған дейін­гі жылдары заң талап­тарын бел­шесінен басқандар тәр­тіпті ескермей мемлекет мүлкін жекешелендіріп алған. Қазір сол қылмыстар шеті­нен ашылып, заңсыз алынған мүліктер мемлекетке қайтарылып жатыр.

«Байсат» мемлекетке қайтарылды

Алматы қаласы прокуратурасының мәліметінше, таяу күндері Мамандан­дырылған ауданаралық экономикалық сотының «Алматы жылу» холдинг кеше­нінің (қазіргі «Байсат» базары) мүлкімен жасалған барлық мәмілені жарамсыз деп тану туралы шешімі заңды күшіне енді.

Сотта қызмет бейінін сақтау және иеліктен шығаруға тыйым салу туралы шарттың талаптарын сақтамау мәселесі қаралған. Осыған орай міндетті сату шартынсыз 4 жыл бұрынғы мүлікті бағалау туралы өзекті емес есепті қолдануда көрсетілген кешенді заңсыз сату фактілері расталып отыр.

Жалпы ауданы 4 221,4 шаршы метр болатын 3 нысаннан және 1,4 га жерден тұратын мүлік Бауыржан Нұрсұлтанға (Қайрат Сатыбалдының ұлы) тиесілі «ҚазГерСтрой бірлескен кәсіпорны» және «Astana Finansial Group» серіктестіктерінің өзара үлестес компанияларының меншігінде болды. Өткен жылы сотқа дейінгі тергеу аясында Қайрат Сатыбалды «Байсат» базарының басым бөлігін өз еркімен қайтарып берген еді.

 

Үш жер учаскесін заңсыз алған

Сонымен қатар Атырау облысында Мақат ауданының Жер қатынас­тары, сәулет және қала құрылысы бөлімі­нің қызметінде жүргізілген тексеріс кезінде мемлекеттік қызмет көрсету, міндетті конкурстық рәсімдерді елемеу және аудан әкімдігінің лауазымды тұлғаларының құзыретіне кірмейтін шешімдер қабылдауға қатысты елеулі бұзушылықтар анықталды.

Мақат ауданы прокурорының актісі бойынша сауда-саттықтан тыс табыс­талған жалпы құны 144 млн теңге болатын 61 га 3 жер учаскесі мемлекетке қайтарылды. Сондай-ақ сауда-саттықтан тыс жер учаскелерін заңсыз алған тұлға­лар қатарында жер комиссиясының мүшелері де бар. Сонымен қатар аудан әкімінің орынбасарларының бірі бюджетке тиісті төлемсіз кәсіпкерге жер учаскесін тегін берген.

Прокурорлық қадағалау актісін қарау кезінде аудан әкімінің екі орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылса, Жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 137-бабының 1-бөлігі сәйкес әкімшілік жауапқа тартылды.

 

Жалпы берешек – 400 млн теңге

Маңғыстау облысының маман­дандырылған табиғат қор­ғау прокуратурасы жергілікті ат­қарушы органдардың қыз­метіне жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнаманың сақталуына тексеру жүргізді.

Тексеру барысында жеке­леген жер қойнауын пайдалану­шылардың (кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге құқығы бар) жұмысында облыстың әлеу­меттік-экономикалық дамуына аударымдар, қызметкерлерді оқыту, тарату қорын толықтыру, қол қою бонусын төлеу сияқты келісімшарттық және лицен­зиялық міндеттемелерді орындамау фактілері анықталды. Берешектің жалпы сомасы 400 млн теңгеден асты.

Мысалы, жер қойнауын пайдаланушы «Д.А.Б.» жүйелі түрде 4 жыл бойы (2019-2022 жылдар аралығы) Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық да­муы­на жалпы сомасы 9 млн тең­геге аударым жүргізбеген. Осы­ған ұқсас фактілер іс жүзінде бар­лық жер қойнауын пайдалану­шыларда анықталды.

Қабылданған прокурорлық қадағалау шараларымен бүгінгі таңда мемлекет кірісіне 50 млн теңгеден астам қаражат өндірі­ліп, 7 жер қойнауын пайдалану­шының кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге лицензиялары қайтарып алынды. Берешекті өндіріп алу жұмыстары сот тәртібімен жалғасып жатыр.

Осыған ұқсас жағдай Жетісу облысында да тіркелген. Жыл басы­нан бері облыс прокурор­лары кадастрлық құны 95 млн теңгеден асатын 30 жер телімін мемлекеттік жер қо­рына қайтарды. Ақсу ауданындағы жалпы ауданы 7 мың гектар игерілмеген және ұзақ уақыт бойы мақсаты бойынша пай­даланылмаған учаске­лер «Күреңбел» ЖШС-ға тиесілі. Сонымен қатар Қаратал және Көксу өзендері арналары карьер­лерінің су қорғау айма­ғын­да жер қойнауын пайда­лану­шы­ларға заңсыз берілген 75 гек­тар жер анықталды. Олар су қор­ғау аймағында тау-кен өндіру­ге заңмен тікелей тыйым са­лын­­ғанына қарамастан, құм-қиыр­шық тас қоспасын заңсыз өндірумен айналысқан.

Прокуратураның қадағалау актісі бойынша сот қаулысымен кінәлі тұлғалар әкімшілік жауап­кершілікке тартылды. Қазіргі уақытта су қорының жерлерін мемлекет меншігіне қайтару шаралары қолға алынды.

 

Міндетті төлемдерден жалтарған

Жетісу облысының прокурорлары коммуналдық қалдықтарды кәдеге жарату қызметін көрсете­тін кәсіпорынның міндетті тө­лем­дерді орындаудан жалтару тәсі­лін анықтады.

Кәсіпорын 2020-2023 жылдар аралығында Талдықорған қаласындағы тұрмыстық қатты қалдықтар полигонына (бұдан әрі ТҚҚ) қызмет көрсеткені анықталды. Осы кезеңдегі есебіне сәйкес, полигонда 24 мың тонна көлемінде ТҚҚ қабылданған. Кәсіпорынның есептерін талдау және өзара есеп айырысуларын салыстыру барысында 41 контрагент анықталып, олар полигонға 138 мың тоннадан астам ТҚҚ тасымалдағаны белгілі болды. Бұл кәсіпорынның ресми есептерінде көрсетілгеннен 114 мың тоннаға артық.

Қадағалау актісіне сәйкес кәсіпорын ӘҚБтК-нің 328-ба­бының 1, 6-бөлігі бойынша қалдықтарды жинақтау және қоршаған ортаға эмиссиялар шығарындыларының лимиттерін асырғаны үшін әкімшілік жауап­кершілікке тартылып, оған 2,3 млрд теңге мөлшерінде айыппұл салынды.

 

Инвестордың құқығы қорғалды

Әділ қоғам құрудың бір мақсаты – елге қаражат әкелетін инвесторлардың назарын өзімізге аудару. Ал бұл үшін олардың құқы­ғын қорғау жолында келең­сіздіктер орын алмауға тиіс. Осы мақсатта жуырда елордалық прокурорлар инвесторға көмек көрсетті.

«Rainbow Logistics 2» ЖШС ин­вестиция сомасы 11 млрд тең­гені құрайтын, 3 мың адамға жұмыс орнын ашуды көздей­тін «Астана қаласында азық-түлік және азық-түлік емес тауар­лардың әмбебап қоймасы» жобасын іске асырып жатыр. Бүгінгі таңда инвестиция қаражаты толық игерілді. Алайда нысанды пайдалануға беру кезінде инвестор уәкілетті органдар тарапынан жылжымайтын мүлікті тіркеу бойынша созбалаңға салу жағдайына тап болған.

Елордалық прокуратураның инвесторлардың құқықтарын қорғау жұмысы аясында мәсе­лені шешу бойынша шаралар әзірленді. «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ нысанның техни­калық паспортын тіркеді, бұл инвесторға логистикалық орта­лықты толыққанды пайдалануға мүмкіндік береді.

Про­курорлар осындай про­блемалық мәселелер туындаған кезде инвесторлар 8-747-216-15-58 телефоны арқылы бизнес пен инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі мобильді топқа жүгіне алатыны туралы еске салады.