Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде атақты қылқалам шебері Әбілхан Қастеевтің жұртшылыққа беймәлім суреті сақталған. Онда халық батыры Амангелді Имановтың серігі Әбжан Тұрмановтың портретін салған.
Аталған музей директорының орынбасары Элмира Алшымованың айтуынша, бұл еңбек мұражай қорына 1960-жылдары тапсырылған. Кім өткізгені белгісіз. Суреттің астына «Ә.Қастеев (1904-1973) Қазақ КСР-нің халық суретшісі. Әбжан Тұрманов. Амангелдінің майдандас серігі. 1950 қ.,к., 20х29», деп жазылған.
1936 жылы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске 20 жыл толды. Осы датаға байланысты А.Имановтың портретін салу туралы республика басшылығы шешім шығарып, оны Әбілхан Қастеевке жүктеді. Сөйтіп, суретші 1939 жылы батырдың бейнесін салуға кірісті. 1940 жылдың жазында ол Торғайға барып, бас сардардың сарбаздарымен, туыстарымен кездесіп, әрқайсысымен жеке-жеке әңгімелеседі. Батырға ұқсайды-ау деген 30 адамның портретін салып, 40-қа жуық этюд, деталь жасайды. Бірақ бірінші салған суретіне автордың көңілі толмайды. 1941 жылы сардар бейнесін екінші рет бедерлейді. Бұған да қанағаттанбайды. 1943 жылы салған үшінші суреті батыр бейнесін дәл келтіргендей болады. Осы жылы Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында суретшілердің көрмесі өтіп, оған Ә.Қастеев Амангелдінің соңғы салған суретін әкеледі. Көрмені көруге келген қоғам қайраткері Әліби Жангелдин досының суретіне қарап: «Мына бейнеге қарап, досымды еске алып тұрмын. Суреттегі бейне Амангелдінің өзіне ұқсайды. Келбеті, мінез бітімі, типтік ерекшелігі – кәдімгі өмірдегі Амангелдінің өзіндей», деп тәнті болыпты.
Қысқасы, әйгілі шебер 40- жылдары Торғайға А. Имановтың суретін салуға барғанда, сонда сардардың серігі Ә. Тұрмановпен кездесіп, сонда оның портретін салған-ау деп топшылаймыз.
Енді сурет кейіпкерінің өмір жолы туралы айта кетейік. 1948 жылы мал шаруашылығын өркендетуге қосқан үлестері үшін Қостанай облысының сол кездегі Торғай және Амангелді ауданынан 19 адам Социалистік Еңбек Ері атағын алған. Солардың бірі – Жангелдин ауданындағы «Қызылқоға» колхозының аға шопаны Әбжан Тұрманов. Ол 1947 жылы бекітілген 606 бас аналықтан 730 қозы алып, мемлекеттік жоғары марапатқа ие болған. Сол жылдары жарық көрген облыстық «Большевиктік жол» (қазіргі «Қостанай таңы») газетінде «Әбжан қазірде бұрынғыдан да зор табыстарға жету үшін күресіп жүр. Ол қазір өз қарауындағы қойды 2400-ге жеткізді. Әбжан үстіміздегі жылы әрбір 100 саулықтан 115 қозы алуға міндеттенген еді. Бұл міндеттемесін абыроймен орындап шығып отыр. Бұл фермада қойдан биыл жүн де жылдағыдан артық қырқылды. Екіншіден, ферманың қысқа дайындығы да айтарлықтай. Әбжан бұл табыстарға қанағаттанып отырған жоқ, мал басын әлі де өсіре бермек», деп жазылған мақала басылған. Сардардың серігі болған озат шопан 1967 жылы дүниеден озған. Кейін туған ауылының орталығына мүсіні орнатылған.