«Ақан сері», «Жапандағы жалғыз үй» секілді тамаша романдар, «Заманай мен Аманай» повесін, «Сабалақ-Абылай», «Ажар мен ажал», «Қызым, саған айтам», «Өлара», «Жаралы гүлдер», «Қысылғаннан қыз болдық» атты пьесалар жинағын дүниеге әкелген, мұнымен қоса публицистика және әдебиеттанумен шұғылданған Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәкен Жүнісовтің туғанына – 90 жыл.
Іргелі суреткер, белгілі драматург ретінде ол қазақ әдебиетіне орасан зор үлес қосты. Ғабит Мүсіреповтен бастап, өзімен қатарлас-қанаттас аға-іні қаламгерлердің көпшілігі Сәкеңнің талантын мойындап, оның көркем туындылары туралы жақсы, жылы пікірлерін айтты және жазды.
«Ақын Ғафу Қайырбеков Сәкен інісіне:
Мергенсің, атқан оғы кетпес ғапыл,
Бір өзің жеті сері, жеті батыр.
Туған жер – Сарыарқаны сағынғанда,
Мен сені бір иіскесем, жетіп жатыр», деп тегін айтпаған.
Сәкен Жүнісовтің есімімен біз өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан таныспыз. Онда мектеп оқушысымыз. Әдебиетші ұстазымыз Сейсек Жақыпжанов Сәбит Мұқановтың «Аққан жұлдыз», Сәкен Жүнісовтің «Жапандағы жалғыз үй», «Ақан сері» дилогиясының мән-мазмұнын нақыштап, мөлдірете айтқанда құлағымыз қалқайып, аузымыз ашыла үнсіз отырып тыңдағанбыз.
Ол кезде кітап дүкендерінде Алматыдан шыққан су жаңа жинақтар толып тұрады. «Жапандағы жалғыз үй» романын сатып алғандағы қуанышым ерекше болды. Ертеңгі сабаққа дайындалуды ысырып қойып, роман оқуға кірістім.
«Күн бесіндіге таяна таңертеңнен бері жапалақтап жауған қардың арты боранға айналды. Мана бір кезде қоп-қою қарлы бұлт бүркенген зеңгір аспан аз уақыт көгілдір түске боянып ысқаяқтана ашылғанда, ендігі кезекті Арқаның желінен күтіп тым-тырыс монтанси қалған.
Дәл осы мезетті аңдығандай кешеден бері демін ішіне тартқан ызғырық өткір жел де баяу көтеріліп, ұртын томпайта қойды. Алғашқыда сұлық жатқан жалпақ өңірдің ақ көрпесін қай жағынан түрерін білмей, мың құбылып тұрды да, терістікке қарай біржолата жонын бере бұрылып алған соң, ішін тартып, зор уілге басты. Жаңа түскен ұлпа қар ен даланың бетінде жыланша ирелеңдеп, жер бауырлай тіміскілеп кезіп жүр. Жел гулеген сайын қарлы жыландар бастарын қайта-қайта көтеріп алып, естері шыға ойнақшып мидай араласа жөнеледі. Көкке шапшып шаншылып, бір-біріне айбат шегіп ысылдап, арбасып тұрады да, жерге сылқ етіп құлап, мың бұратылып, ұмар-жұмар домаланған күйі қайта жоғары шиыршық атылады. Боран көтеріліп кетті...»
Не деген сурет! Не деген бейнелер!
Проза – тілменен, сөз өнерімен сурет салу. Онсыз кейіпкердің мінезі, заманның болмысы, уақыттың лебізі ашылмайды. Көз алдыңа елестейтін, кейіпкердің мінезін ашатын, оқушыны тамсандыратын нәрсе сурет қой.
Қалың романды бір аптада оқып шықтым. Сұлумұрт, Халел мен Жәлел, Райхан мен Күргерейдің тағдыр талайы, жүріп өткен жолдары елестеді. «Жапандағы жалғыз үй» қазақ даласына жасалған кеңес дәуіріндегі жағымсыз әрекеттерді әшкерелеу болатын.
Кеңес өкіметі орнап, қазақ даласы бодандық қамытын мойнына ілгендегі кезең туралы ақиқатты мейлінше ашып көрсеткен көркем шығармадағы тың және тыңайған жерлерді игеру деген сылтаумен қазақ даласының астаң-кестең, апыр-топырын шығарғаны шындық. Қазақтың атам заманнан бері қалыптасқан тұрмыс-тіршілігін тізеге баса отырып өзгертіп, отарлаушы елдің өз дегенін істеген жылдар. Өздерін осы елдің қожайыны сезінген басқыншылар. Оларға жарамсақтанған, аяр, екіжүзді өз ішімізден шыққан шолақ белсенділердің қулық-сұмдығы, қырық айлалы іс-әрекеттері жағамды ұстатып, жүрек шаншыған.
«Жапандағы жалғыз үй» романын көтеріп тұрған Қарасай бейнесі кезінде талай-талай әңгімеге арқау болды, – дейді жазушы Рамазан Тоқтаров. – Өте күшті, жан-жақты шыққан бейне, кез келген қазақ шаруасы одан өзін көрді. Сол үшін де ғой авторға түртпектің көбейіп кеткені. Соңына көлеңкелі біреулер түсті. «Ол адам өмірде бар ма? Прототипі кім? Оның айтқан сөздерін кімнен естідің?» деген қитұрқы сұрақтар көбейіп кетті. Ол аздай, социалистік реализм әдісімен қаруланған біздің кейбір сыншыларымыз да Қарасайдың бейнесінен елде-күнде жоқ құбыжық көре бастады. Сол себепті де жарық көрісімен Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған, талқылау тұсында барлық межеден өткен бұл роман: «Жағымсыз кейіпкерін басты қаһарман еткен» деген желеумен сыйлыққа да ілінбей қалды...» («Сәкен сері – Ел жайында, Ел – Сәкен сері жайында», Алматы, «Жазушы тойы», 355-бет).
* * *
«Ақан сері» дилогиясы қазақ әдебиетіне үлкен олжа салған, құнды дүние. Роман туралы кезінде талай сыншы, талай жазушы өз пікірін жеріне жеткізе айтып, баспасөз бетінде жариялағанын көзіқарақты оқырман жақсы біледі. Сәкен Жүнісов 50 жасқа толғанда сөз шебері, көрнекті суреткер Ғабит Мүсірепов:
«...Біздің Сәкен осы жасында біраз іргелі, атаулы туындылар берді. Ол – қазір отыз жылдық мерекесін атап өткелі отырған тың эпопеясына орай сонау кезде жазылған «Жапандағы жалғыз үй» романы және басқа әңгіме, повестері еді. Оған қоса Ақан жайлы екі томдық шығарма және жазылды. Әрине, творчествода әркімнің өзіндік көзі болуы қажет. Сол Ақанды мен де жазғанмын. Айтарым, Сәкен өз кейіпкерін өзінше қадір-қасиетімен, ақындық, серілік жарқындығымен, халықтың сұлу тілінің қуатымен мінсіз суреттеген. Ескі сүрлеуге де, дайын даңғыл жолға да түспеген, басқаның ізін қуып шиырламаған. Сонысымен маған қадірлі көрінетінін, әдебиетіміздің асыл қорына қосылғанын айта аламын...» («Социалистік Қазақстан» газеті, 1984 жыл).
Қазақ халқының мәдениетінде айрықша орын алатын Ақан сері сынды тұлғаның әдебиеттегі, сахнадағы, экрандағы жарқын бейнесі әлі де сан ұрпақ өкілдеріне тәрбиелік өнеге бермек.
С.Жүнісов прозамен қоса драматургия саласында да өнімді еңбек еткен. Оған оның өткен ғасырдың жетпісінші, сексенінші жылдары жазған, сахналанған пьесалары айғақ.
2003 жылы Мәдениет министрлігі өткізген «Астана-Бәйтерек» атты республикалық конкурста драматург Сәкен Жүнісовтің екі бірдей пьесасы бірінші орынға ие болды.
«Сәкен Жүнісов есімі қазақ оқырмандарына кеңінен таныс. Төкпе тіл, оралымды өткір ойларды, тұтас та жүйелі проблемалық мәселелер мен қоғам қажетіне ауадай керекті өміршең материалдарды түп етектен қалай ұстауды жақсы білетін драматург еңбегінің қай-қайсысы болсын оқырман, көрермен көңілін селт еткізбей қоймайды», деп жазады танымал театр сыншысы, Қазақстанға еңбек сіңірген өнер қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әшірбек Сығай. Сәкен ұлттық сахнамыздың сәні боларлықтай талай бір тамаша пьесаларды өмірге келтірді. «Ажар мен ажал», «Тұтқындар», «Жаралы гүлдер», «Әр үйдің еркесі», «Қызым, саған айтам», «Кроссворд», «Өліара», «Қысылғаннан қыз болдық», «Қос анар», «Кемеңгерлер мен көлеңкелер» деп аталатын көпжанрлы дүниелер көптеген театрымыздың шығармашылық шырайын кіргізіп, бірнеше режиссер, актерлеріміздің шеберлік мүмкіндіктерін көрермен қауымға әйгілеп берді. Автордың қаламынан туған жоғарыдағы онға жуық сахналық шығармалардың көркемдік деңгейі жөнінде солғын шыққандары кемде-кем десек, оның төрт туындысы бұрынғы одақтық және республикалық конкурстардың жүлдесін жеңіп алды, олар: «Ажар мен ажал», «Әр үйдің еркесі», «Өліара». Басқа дүниелері де Қазақстанның профессионал театрларының сахналарын түгел аралап шыққан. Драматург шығармаларына республикамыздың халық театрлары да үлкен ықылас қойғаны мәлім...» (С.Жүнісов шығармалары, 5-том, «Сәкен сері драматургиясы хақында», Алматы: «Таймас» баспа үйі, 2013 жыл).
* * *
Алланың қалауымен, дәм жазып Көкшетау облыстық телевизиясында бас редактор болып қызмет істеген жылдары Сәкен Жүнісовпен жақын танысып, араласқан жағдайым бар. 1994 жылы алпыс жасқа толарында Көкшетауға келген сапарында сұхбаттасып, телехабар дайындау барысында Бурабай кентіне, онда бірнеше жылдан бері салынып, сол кезде құрылысы тоқтап тұрған үш қабатты коттеджіне де барғанбыз («Өзі жоқтың көзі жоқ» демей ме? Сол коттедж «сақалды кұрылысқа» айналып, күні бүгінге дейін қаңырап бос тұр. Мен ол туралы кезінде «Ана тілі» апталығына және әлеуметтік желіге мақала жазғанмын. Өкінішке қарай, «Бұқпа» газетінің редакторы, белгілі қаламгер Төлеген Қажыбаев пен әдебиет жанашыры Мұрат Ыдырысовтан өзге ешкім пікір білдірмеді. Әсем Бурабай селосының шетінде, қалың орманға сұғына орналасқан үш қабатты, он екі бөлмелі коттедж осылай тұра берсе, енді жеті-сегіз жылда далада қалуы әбден мүмкін...).
Сәкен ағамен сұхбат барысында мен жазған шығармалардың ішінде қайсысы жүрегіңізге жақын деп сұраған едім.
– Қайсысы жақын деген сауалға кесімді жауап айту қиын, – деген еді Сәкең. – Мен прозамен қоса драматургиялық шығармалар да жазып жүрмін. Мәселе шығарма жанрында емес, жазылуында. Жұрттың айтуына қарағанда «Ақан сері» белді шығармам ғой. Алғашқы романым «Жапандағы жалғыз үй» де өзіме ыстық. «Заманай мен Аманай» өзіме ұнайтын секілді. Кезінде «Молодая гвардия» журналында басылып, жүлдегер атандым. «Новый мир» журналы басқалы жатқанда, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне байланысты жарық көрген жоқ. Ол кезде қазақтан безген уақыт болды ғой. Ол жеке әңгіме... Артынан «Новый мир» журналының бас редакторы Сергей Залыгин кешірім сұраған...
«Заманай мен Аманай» повесімді орысшаға аударған – белгілі жазушы Владимир Солоухин. «Қызым, саған айтам», «Жаралы гүлдер», «Кемеңгерлер мен көлеңкелер» сынды пьесаларымды да кемітпеймін.
Ата-анаға он баласы да бірдей. Ешқайсысын алаламайды. Біреуі ерке, екіншісі тентек дегендей... Ал оқырманға жазушының бір шығармасы ұнаса, келесі біреуі ұнамайды. Өйткені оқушы талғамы әртүрлі. Жалпы, шығарманың тағдырын шешетін парасатты оқырман мен уақыт қой. Осы тұрғыдан келгенде менің шығармаларыма оқырманымның біразы риза секілді. Әлбетте, көңілің өседі. Халқыңның алдында ұятқа қалсаң, масқара сол емес пе? Ал оқырман «Әй, соны қойшы?» десе, онда жазбаған артық... Оқымай қояды. Ал мақтап жатса, зорлап мақтатып жатқан жоқсың ғой... «Ақан серіні» Ақан қылған Сәкен, Сәкенді Сәкен қылған – Ақан» деген сөздерді талай естідім. Соған қарағанда халық «Ақан сері» романымды жақсы көрсе керек...
Одан соңғы әңгімеміз «Жапандағы жалғыз үй» туралы болды.
– Тың бізге бір тың дүние, серпіліс әкелді, – деп сабақтады жазушы жауабын. – Қалғыңқырап отырған адамды түртіп жібергендей... Трактормен келіп: «Әй, тұр! Тұрмасаң, мынау үйіңнің қабырғасын сөгіп алып кетемін...» дегендей...
Бәлкім біз техниканы кейіндеу меңгерер едік. Тың – тездетті. Біз өзі түртпесең, ұйықтап жүре беретін, бейберекеттеу елміз ғой. Міржақып Дулатұлының: «Оян, қазақ!» деп жүргені бекер емес. Бізді ояту керек! Көрпемізді жұлқып, жылы жерден суыққа шығарып, сергітпесе болмайды. Себебі кең байтақ жеріміздің жерасты байлығына тоқмейілміз. Риза болу өз алдына, сол байлықты иемденіп, іске жарату керек. Жапондар жері аз болғандықтан, ауласына жүз түрлі гүлді егіп қойып, соны иіскеп отырады. Жер көлемі шағын болған соң, тырбанып, еңбек етпей қайтсін? Ауызыңды ашып отыра берсең, үлкен жеріңнің күні ертең ұлтарақтай болуы оп-оңай...
Қытайлар да солай. Құрт-құмырсқаны жейтіні, күн көру үшін. Оған күлуге болмайды. Дұрыс істейді. Бір миллиардтан астам адам, осылайша тірлік етіп жатыр. Бізде бір кісіге 1,5-2 шаршы шақырым жерден келеді екен. Малымыз өзі жайылып келеді. Рақат! Жылқымыз қыс бойы тебінде. Өз азығын өзі тауып жейді. Міне, осы жағынан келгенде тың бізге – Оян, қалғи берме! – деп ескертті. Тыңның сорақы жері – мал жайылымын қалдырмай жыртып тастады. «Жапандағы жалғыз үйде» ол жазылған. Маған сол үшін кезінде, партияның бағдарламасына қарсымысың деп кінә тақты. Мен: «Жоқ, қарсы емеспін. Никита Хрущевтің қиғаштық жасағаны, қазақ мектептерін жауып тастағаны, ана тілімізді жоғалтып жібергені, бізді менсінбегені, қазақтардың арасынан мықты кадрлар шықпайды дегені, міне, осыларға қарсымын деп жауап қайтардым.
Қазақ – дарынды халық. Мұны мен қазақ болған соң айтып отырғам жоқ. Өзге ұлттармен салыстырам ғой. Тек бізге әредік-әредік: «Ей, басыңды көтер! Оян! Қатарыңнан қалма! Анау әдемі үй салып жатыр. Сен неге салмайсың? – деп түртіп отыру керек. Орыс, шешен, неміс, өзге де ұлттар үй салып жатса, «қолынан келеді ғой» дейміз, Ал қазақ салып жатса: «Әй, бұл ақшаны қайдан алды екен? Қайтіп салып жатыр?» ден күмәнданамыз.
Тың бізді қамшылады...
* * *
Сәкен Жүнісов жан-жақты, парасатты өнердің әрбір саласынан өзін танытқан тұлға екендігін қазақ оқырманы жақсы біледі. Асқан таланты үшін қазақ зиялылары оны Сәкен сері деп атаған. Ол карикатуралар салған, домбыра, пианино, мандолин аспаптарында ойнап, ән айтқан. Мұнымен қоса ол қазақша күрес сайыстарына қатысқан. 2014 жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша қазақ зиялыларының қолдауымен деректі фильм шығарылды. Фильмнің тұсаукесерінде қарындасы Роза Жүнісова ағасының өмірі мен шығармашылығы туралы айта келіп, жазушы өмірін Ақан сері тағдырымен теңестірді.
«Сәкен сері» деген атты кезінде көрнекті жазушы Ғабит Мүсірепов берген көрінеді. Ол туралы Ғабеңнің айтқан сөзі бар.
Сәкең 60 жасқа келгенде, белгілі ақын Өтежан Нұрғалиев «Сәкен» атты ұзақ өлеңін:
«...Жұлдыз көп әркімдердің жетегінде,
Біреулер хошеметке еті өлуде.
Ақ туын Абылайдың бірге қосып,
Сәкенді Ақан сері көтеруде!..», деп жазған екен.
Ән падишасы, қазақтың біртуар ақыны Ақан сері Қорамсаұлы айтылған жерде әйгілі жазушы, дарынды драматург Сәкен Жүнісов еріксіз еске түсері хақ. Қаламгердің ел мен руханиятты қорғаған, қолдаған намысы – әдебиеттің қасиетіндей еді.
Толымбек Әбдірайым,
жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты