• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Білім 02 Ақпан, 2024

Адал адам – қоғам тәрбиесінің жемісі

213 рет
көрсетілді

Елімізде білім саласына жасалып жатқан қолдау аз емес. Жыл сайын қаржысы ұлғайып, салынған құрылыстар қатары артып келеді. Мысалы, Қызылорда облысында осыдан 2 жыл бұрын білімге бұйырғаны 174 млрд теңге болса, биыл 291 млрд теңге бөлінді. Бұл – облыс бюджетінің 44,8 пайызы. Жыл аяғына дейін тағы ұлғаятыны анық. Біржылдық қазынаның қақ жартысына жуығын алған саладан қайтарым сұрар кез келді. Бірақ жүргізілген тексерулер бұл бағыттағы соқталы мәселелер азаймай тұрғанын көрсетеді.

Жетістік пен кемшілік

«Білімді ұрпақ. Адал адам. Өркениетті қоғам» атты білім саласындағы мәселе­лерге арналған кеңейтілген жиында өңірдегі білім беру ұйымдарының бүгінгі деңгейі, білім мен тәрбие жұмыстарының барысы, ҰБТ көрсеткіші бойынша қала, аудан, ауыл мектептерінің орташа білім сапасы, жасөспірімдер тәрбиесіндегі мұғалім және ата-ана жауапкершілі­гіне қатысты мәселелер талқыға түсті. Облыс­тық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов саладағы бас­ты көрсеткіштермен қатар көп көзіне түсе бермейтін кемшін тұстарды да бүкпесіз айтып, оның себеп-салдарларына тоқталды.

Облыстағы 328 мектепте 181 804 оқушы білім алады. Былтырғы оқу жылымен салыстырғанда шәкірттер қатары биыл 1935 балаға көбейген. Осы жылы 3 мемлекеттік, 7 жекеменшік мектеп жаңадан ашылды. Өткен жыл қорытындысымен білім сапасын, ҰБТ көрсеткіші мен оқушылардың олимпиадалар мен ғылыми жобаларға қатысуын, спорттағы нәтижелерін, балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзу­шылық көрсеткішін, мұғалімдердің кәсіби байқаулардағы жетістігін сара­лаған рейтинг жасалды. Өкінішке қарай, жалпы орта білім беретін 275 мектеп қатысқан рейтингте 30 мектеп қана жоғары деңгейден көрінді. 129-сы – орта, ал 116 білім ошағы төмен көрсеткіш танытты.

– Мектептердің 88,7 пайызы орта және одан төмен болуы облыстағы санаулы білім ошағында ғана жұмыстың жолға қойылғанын көрсетеді. Рейтинг қорытындысында кейінгі 3 жылда аймақтағы 81 мектепте мұғалімдердің де, оқушылардың да облыс деңгейінде нәтиже көрсетпегені анықталды. Осылар­дың арасындағы 7 білім ошағында теріс бағыттағы жағдайлар байқалған. Аралдағы №248 орта мектепте бала суицид жасаса, Шиелі, Жаңақорған аудан­­дарында оқушылар қаңғыбастыққа салынып, есепке алынған, – дейді бас­қар­ма­­ басшысы.

Мемлекет тарапынан бірдей мүмкіндік жасалып жатқанымен көрсеткіштегі ала-құлалық көп нәрсені аңғартады. Алда нәтижесі төмен мектептер бойынша жеке даму жоспары әзірленіп, олардың басшылары жұмысының тиімділігі жете сараланады. Сонымен қатар көш соңында ілбіп жүрген мектеп-лицейлер мәртебесі де қайта қаралады.

Педагог кадрлардың кәсіби деңгейі мен біліктілігі – білім беру сапасы көрсеткішінің негізі болуға тиіс. Басқарма басшысы алдағы уақытта мұғалімдердің сапалық құрамына ерекше назар аударылатынын атап өтті. Көршілес Түркістан, Жамбыл облыстарымен салыстырғанда бізде педагог-шеберлердің үлесі өте төмен. Бұл ұстаздарымыздың белгілі бір деңгейді қанағат тұтып, әрі қарай ізденбейтіндігінің көрінісі.

 

Көше кезген балалар

Жиында былтыр облыста­ жасөс­пі­рім­дер 68 қылмыс жасап, 84 жасөспірімнің қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны айтылды. Олардың 24-і орта мектеп оқушылары болса, 52-сі – колледж студенттері. Тұрақты өткізілетін жедел профилактикалық шаралар мен акция­лар, рейдтер шеңберінде 6521 құқық бұзушылық анықталып, қаңғыбастық пен кезбелікке салынған 306 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылыпты. Тағы 345-іне әкімшілік хаттама толтырылған.

– Түнгі уақытта үйінен ұзап, заңды өкілінсіз ойын-сауық орталықтарын жағалап жүрген 5745 жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Міндеттерін орындамаған 363 ата-анаға әкімшілік хаттама толтырылды. Жеті ата-ана сот құзырымен құқығынан айырылса, тағы да 7-нің құқығы шектелді. Девиантты мінез-құлықты 5 жасөспірім мектеп-интернатына, ауыр қылмыс жасаған кәмелетке толмаған 3 бала Абай облысындағы ерекше режімдегі жабық интернатқа орналастырылды. Бала болашағы мектеп пен отбасындағы ортақ тәрбиеден қалыптасады десек те кейбір үйелменде бұл іске мән бермеушілік байқалады. Мезгілсіз уақытта баласын көшеге жіберген 121 ата-ананы есепке алдық, – дейді полиция генерал-майоры Мақсұтхан Әбіләзімов.

Кәмелетке толмаған баланың жеті қараңғы түнде ойын-сауық меке­ме­лерінде болуына жол берген 137 кәсіп­керге, темекі бұйымдарын сатқан 9 дүкен иесіне әкімшілік хаттама рәсімделді. Департамент бастығы жасөспірімдерге арналған үйірмелерді көптеп ашып, олардың уақытын қауіпсіз ортада өткізіп, дамуына мүмкіндік жасау, құқық­тық мәдениетті, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіндіру бағытында білім беру аясын кеңейтіп, кәмелетке толмаған құқық бұзушыларға, олардың ата-аналарына психологиялық көмек беретін орталықтар ашуды ұсынды. Құқық қорғаушылар бұл ортақ міндеттен сырт қалмай, лайықты үлес қосады.

 

Жалған диплом мен күмәнді тағайындау

Жалпы орта білім беру ұйым­да­рындағы заңдылықтардың сақталуы және құқық бұзушылық профилактикасы прокура­ту­раның ұдайы назарында. Былтыр прокурорлар Жаңақорған ауданындағы білім бөлімінде жарты миллиард теңгеге жуық қаржыны қолды қылғандарды анық­тап, 15 мектептің бухгалтерлері жаза арқалаған. Жақында тексеру қоры­тын­­дысы тағы сол аудандағы білім бөлі­мін­дегілердің бюджет қаржысына қол сал­ға­нын анықтап отыр. Қазір қылмыстық іс тіркеліп, тергеп, тексеру жүргізіліп жатыр.

– Мектептерде санитарлық, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы, оқушылардың информатика кабинет­те­рінде заңсыз контенттерге кіруі, шәкірт­терді тасымалдау, ыстық тамақ­пен қам­та­масыз ету бағытында заң бұзу­шы­лықтар көп. Бүгінде уәкілетті органдарға қада­ғалау актісі енгізіліп, кінәлілер әкім­­ші­лік жауапкершілікке тартылды, – дейді облыс прокурорының орынбасары Нұрболат Дүйсенбаев.

Қызылорда қаласы мен Шиелі, Қармақшы аудандарындағы мектептерде балаларға берілетін тағам көлемі нормаға сәйкес болмай шыққан. Қазалы ауданындағы үш мектептің асханасында оқушыларға сақталу мерзімі өткен тағамдар берілген. Прокурорлар асханаларды тұрақты тексеру үшін мектептерде құрылған комиссиялар жұмысының жағдайды түзетуге еш ықпалы жоқтығын айтты. Олардың тексеру нәтижелері еш жерде бекітілмейді. Сондықтан да олардың құрамына ата-аналар комитеті мүшелерін қосқан жөн.

Мектептердегі күзет қызметінің жұ­мысы да алаңдатарлық жағдайда болып тұр. Прокурорлар бейсауат адам­дардың білім ошақтарына кедергісіз кіріп-шығуын тәжірибеден өткізіп, Жалағаш ауданындағы №31, Қызылорда қаласындағы №261 мектепке қалаған затыңды кедергісіз кіргізуге болатынына көз жеткізген.

Мемлекеттік білім беру ұйымдарының басшылығы мен педагогтерді қызметке тағайындау, лауазымнан босату­ тәр­тібі де сақтала бермейді. 2021-2023 жылдары облыс орталығындағы 26 мектеп директоры осы қағида талапта­рына қырын келетін қадамға барып, 50-ден аса мұғалімді конкурстан тыс қабыл­даған. Осындай деректер өзге аудан­дар­дан да анықталып жатыр. Әуелгіде лаборант, хатшы немесе іс жүргізуші ретінде қабылданған кадр бір аптадан соң мұғалімдікке ауыстырылып отырған. Қы­зыл­орда қалалық білім бөлімінің бас­­шысы конкурс талаптарын ескермей, қарамағындағы мамандарды білім ошақ­та­рына мұғалім ретінде тағайындап келген.

Прокурорларды бұрын жеке мектепте оқушыға қасақана дене жарақатын салған мұғалімнің көп ұзамай облыс орталығындағы №218 мектеп дирек­торының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалып, араға 1 күн салып білім бөліміне әдіскер ретінде қабылданғаны таңғалдырып отыр. Орта мектептерде жалған дипломмен жұмыс істеушілер қатары да тыйылмай тұр. Осындай фактілер Қызылорда, Байқоңыр қалалары мен Қармақшы, Қазалы аудандарында анықталыпты. Бұл бойынша тиісті шаралар қабылданады.

Облыс прокуроры орынбасарының ұсы­н­ысы – арнайы комиссиялар ай сайын білім бөліміне қарасты ұйымдар жалақы­ла­рын қазынашылық органдармен салыс­тыруы керек. Сонда ғана мектептерде бюджет қаржысының жұмсалуын бақы­лау­ күшейіп, заңсыздықтар дер кезінде анық­талады.

Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы жоғарыда аталған келеңсіздіктерге кінәлі тұлғалардың қызметтік мәселесіне қатыс­ты­ шешім қабылдау қажеттігін қадап айтты. «Бұрын балаларды ыстық тамақпен қамтуға 2 млрд теңге қарастырылатын. Қазір оған 5 млрд теңгенің үстінде қаржы бөліп отырмыз. Қосылып отырған 3 млрд теңге тағы 4 мектеп салуға емін-еркін жетер еді. Осынша ақшаны «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» жіберуге болмайды. Оған жол бергендердің бәрі жауапқа тартылуы керек», деді.

Мәжіліс барысында облыс әкімі білім басқармасы басшысына ҰБТ тапсыруға дайындық, оқушыларды сапалы білім, демалыспен қамту, кадрлық мәселелерге қатысты жан-жақты зерделеп, шешім қабылдауды тапсырды. Жиын барысында құқық қорғаушылар келтірген деректер 10 күн ішінде зерттеліп, жауапты тұлғаларға шара қолдану қажет.

 

Қызылорда облысы