• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Тарих 01 Ақпан, 2024

«Ұран» – ұлттың үні

179 рет
көрсетілді

Ақ патша тақтан тайған Ақпан төңкерісінен кейін Қазақ даласының әр түкпірінде ұлт зиялылары бас қосып, автономия жайын ақылдаса бастады. Әрине, сол кезеңде ұлт болып ұйысу үшін ең керекті құралдың бірі газет болатын. Бөкейлік белсенділердің тез арада бас құрап, жарияға шығарған басылымы – «Ұран» газеті.

Кеңес өкіметі жылдары Батыс Қазақ­стан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттері 1918 жылы 17 қара­­шадан бастап шықты делініп келді. 2013 жылы осы газеттердің 95 жыл­ды­ғы­на орай қос газеттің тарихын зерттей жүріп, жаңалық аштық.

 

«Орал өңірі» «Ұраннан» бастау алады

2012 жылы Мәскеу мұрағаттарынан «Хабар»-«Известия» газетінің 1918 жылдың аяғына дейін шыққан сан­да­рының көшірмесін түгелге жуық әкелгенбіз. Міне, осы газеттің алғашқы нөмірінде, араб әліпбиімен жазылған нұсқасында облыстық кіндік комитеттің №12 хаттамасы жарияланған. Онда «бас­пасөз тарату ісі ілгерілеп, жемісті һәм пайдалы болуы үшін Астраханнан келген жаңа баспахана мен Хан орда­сындағы «Ұран» баспаханасы бірік­тіріліп, ол баспахананы басқару ісі жолдас Выгдорщикке тапсырылсын» делінген. Хаттамадағы «баспасөз тарату ісі ілгерілеп...» дегеннің өзі бұрын барды жаңа жүйеге ыңғайлап жалғастыруды меңзейді. Осылайша, «Ұран­ның» орнын «Хабар»-«Известия» газеті басқанын дәлелдейді.

Тарихқа қарасақ, Батыс Қазақстан өңірінде шыққан «Қазақстан» (1911–1913), «Ұран» (1917–1918), «Хабар»-«Известия» (1918), «Дұрыстық жолы» (1919) газеттерін шығару барысында көптеген азамат бас біріктірді. Бірақ осы басылымдардың бәріне бірдей белсенді атсалысқан екі тұлға бар. Олар – Ғұмар Қараш және Ғабдолғазиз Мұсағалиев. Ғұмар Қараш «Қазақстан» газетіне редакторлық етсе, Ғабдолғазиз Мұсағалиев жазылу жұмыстарын ұйым­дастырып, қаржы жинауға және тара­туға көмектеседі. Ал «Ұран» газетіне редак­торлық еткен – Ғабдолғазиз Мұса­ға­лиев. Газетте Ғұмар Қараштың көп­теген мақаласы жарық көрген, тіпті газеттің мақсатын айқындайтын «Ұран» атты өлеңі де жарық көрген. Ал бұл тұлғалардың «Известия»-«Хабар» газе­тіне де қатысы барлығын 1968 жыл­ғы 17 қарашадағы газеттің елу жыл­дық мерекелік нөміріндегі Тамимдар Сафиевтің мақаласы дәлелдей түседі. Онда «Хабар» және «Қазақ дұрыстығы» аталып, екі тілде шыққан газет орнына бір ғана қазақ тілінде газет шығару мәселесі талқыланғандығы, көпшіліктің ұйғарымымен газет атауы «Дұрыстық жолы» болып өзгертілгенде, оның редакция алқасында Ғұмар Қараш, Мұстафа Көкебаев, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Халел Есенбаев, мақала авторы Тамим­дар Сафиев кіргендігі айтылған. Осымен-ақ бұл тұлғалардың баспасөзбен тығыз байланыста болғандығы көрінеді. Өкі­нішке қарай, кеңес дәуірінде осындай ұлт зия­лы­ларының халқы үшін жасаған қыз­меті айтылмады. Тіпті ағартушы, ақын, ойшыл Ғұмар Қараштың еңбегі түгіл, атын атауға тыйым салынды. Көбінесе «Известия»-«Хабар» газетінің редакторы,  Ішкі ордалықты басқарушы облыстық кіндік (орталық) комитет төрағасы Степан Милютиннің аты ғана аталып, бас­қасы көлеңкеде қалды.

Ғұмар Қараш пен Ғабдолғазиз Мұсағалиев екеуі де – қазақ тарихында ойып алатын орны бар, ел үшін жан­кешті еңбек еткен, баспасөз саласы ар­қылы халық санасын оятуға орасан еңбек сіңірген тұлғалар. Бұл газеттер қо­ғамдағы саяси жүйе қанша өзгерсе де, мүм­кіндігінше халық үшін аянбай қыз­мет етті.

Біз ол кезде баспасөз саласын зерттеу­мен жаңадан айналысып жүргендіктен, әр тапқанымызды жаңалық ашқандай болыппыз. Бірақ кәнігі кәсіби мамандар бұны әуелден білген екен. Алматы қаласындағы Ғылыми кітапханада «Орал өңірі» газетіне қатысты формуляр бы­лай толтырылыпты: «Қызыл ту». Орал­дың губерниялық партия комитеті мен атқару комитетінің газеті. Орал, 1922–1929.

1917 ж. июлінен – 1918 ж. – «Ұран»; 1919 ж. – «Дұрыстық жолы»; 1919–1920 жж. – «Сахара таңы»; 1920–1930 жж. – «Қызыл ту»; 1931–1957 жж. «Екпінді құрылыс»; 1958–1964 жж. – «Октябрь туы»; 1965 ж. 1 янв – «Орал өңірі» деп аталады».

Міне, мұнда газеттің «Ұраннан» бас­талатынына еш күмән тумайды. Жүйе­леп, тап-тұйнақтай етіп көрсеткен.

Әрине, «Ұран» газетін кеңес өкіметі тұсында баспасөздің бастауына негіз етуге саясат жол бермеді. Бұған Сәкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» романында: «Бөкей ордасының біраз оқығандары, ақын, молда Қарашұлы бас болып, «Ұран» деген газет шығарып, «Алашорданы» ұран қылып тұрды...» де­ге­нінің өзі дәлел. Алашорданың айна­ласындағының бәрі «халық жауы» бол­ғандықтан, газет те осы санатқа жат­қызылып, іздегенде «әп» дегеннен-ақ таба алмауымыздың сыры осында болар.

 

«Ұран» қалай табылды?

Біз «Ұран» газетінің түпнұсқасын, не көшірмесін таба алмай, көп жүрдік. 1911–1913 жылдар аралығындағы жарық көрген «Қазақстан» газетін Ресей мұра­ғат­тарынан іздеп тапқан тәжірибеміз бойынша ресейлік көптеген мұрағат пен кітапханаларға сұрау салдық. Өкі­ніш­тісі, ешбірінде сақталмапты. Бірақ газеттің шыққаны, көптеген тұлғаның көзімен көргені, оған өздерінің бағасын бергені анық. Не мұрағат, не мұражай, не кітапхана, не жекелеген адамдардың қолында сақталуы мүмкін деген оймен індетіп, іздестіруімізді жалғастырдық. Алғашқы қуанышты хабарды ғалым Мақсат Тәжімұрат жеткізді. Ол Алматы қаласындағы «Республикалық кітап мұражайы» мекемесінен «Ұран» газетінің бірнеше санын тапқан. Біздің жанұшырып іздеп жатқанымызды естігендіктен, құн­ды дүниені бізге беруді жөн санапты. Тіпті электронды көшірмесін жасатып, алып кетуге дайындатып қойған. Барып алдық. Тігіндінің бетіне былай деп жазылыпты: «Халық ақыны Надралиев Андаштың (1889–1954) жеке қорынан. Бұрынғы Астрахан облысы, Бөкей ордасы, қазіргі Жаңақала ауданы, Жаңа қазан аулында дүниеге келген». Мұражай қызметкерінің айтуы бойынша газет тігіндісі 1978 жылы тапсырылған.

Араб әліпбиімен жазылған баспа­сө­зіміздің бастауы қара шаңырақ­қа жетісімен әріптесім Қазбек Құт­ты­мұ­рат­ұлы кирилл жазуына аударуға кірісіп кетті. Әр нөмірі аударылған са­йын оқып, қызығымыз басылмай желігіп отырғанда тағы бір жақсы хабар келді. Хабаршымыз Жәңгір хан атындағы тарихи-этнографиялық мұражайдың директоры Нұржан Төлепов «Ұран» га­зетінің көшірмесі Батыс Қазақстан облыстық өлкетану мұражайында сақ­тау­лы тұрғанын көріпті. Зерттеуші, ғалым Мұстафа Ысмағұлов жинаған қор­дың ішінде «Ұран» газетінің де көшір­ме­лері бар екен. Ағамызға алғысымызды айтып, облыстық өлкетану мұражайына бардық.

Мұстафа Ысмағұлов көзі тірісінде жинаған бірнеше қап құжатты мұражайға тапсырғанын білетін едік. «Қазақстан» газетін алғаш тыңғылықты зерттеген де осы адам. Кеңес заманындағы со­ла­­қай саясаттың кесірінен халыққа жария ете алмады. Мұстафа ағамыз таптырмайтын «Ұран» газе­тінің фотокөшірмелерін де бір пап­каға салыпты, тіпті осы газеттің бас редак­то­­ры әрі ұйымдастырушысы Ғаб­долға­зиз Мұса­ға­лиевтың көптеген ең­бегін жинақтап, зерделепті. Мұражай бас­­шы­­лығымен келісіп, осы еңбектердің көшір­месін алдық.

Қолда бар газет көшірмелерінен түй­геніміз, «Ұранның» шамамен 40–50 нө­мірі жарық көрген. Біз 10 нөмірін таптық. Нақты айтсақ, мына нөмірлер: №6, 1 қыркүйек, 1917 жыл, жұма; №7, 12 қыркүйек, 1917 жыл, сейсенбі; №8, 26 қыркүйек, 1917 жыл, сейсенбі; №9, 7 қазан, 1917 жыл, сейсенбі; №20, 31 желтоқсан, 1917 жыл, жексенбі; №24, 16 ақпан, 1918 жыл, жұма; №28 (датасы белгісіз); №30 28 (10) наурыз, 1918 жыл бейсенбі; №38 16 (3) мамыр, 1918 жыл, бейсенбі.

Бүгінгі күні бұның өзі – үлкен олжа. Сон­дықтан әзірге осыған қанағат етеміз. Алдағы уақытта атқарар жұмыстың көп­ті­гі айтпаса да түсінікті.

ХХ ғасырдың басы – қазақ елін отар­лаудың белсенді деңгейіне көш­кен сәті. Бір отарлаушының орнына екіншісі ауысып, халық кімге сене­рін, кімнің айтқанымен жүрерін білмей, дұрыс­ты­ғы­на жөн сілтегендердің айт­қаны жаппай халыққа естілмей, абдыраған кез еді. Осы сәтте барша қазақтың басын бір мақсат, бір мүддеге тоғыстыруға қауқарлы тек қана газет болды. Осыны жете түсінген қазақтың зиялы қауым өкілдері Батыс өңірінде тұңғыш рет тұрақты, жүйелі басылым – «Қазақстан» (1911–1913) газетін шығарса, одан әрі «Ұран» (1917), «Известия»-«Хабар» (1918), «Дұрыстық жолы» (1919) басылымдарын ұйымдастырды.

 

«Қазақтың» бауыры

Тарихшы, алаштанушы Дихан Қамзабекұлы «Ұран» газеті жөнінде: «Ішкі Ордада (Бөкейлікте, Астрахан қаласында) 1917 жылы 14 мамырдан бастап шыға бастаған қоғамдық-саяси бағыттағы басылым... «Ұран» газетінің №2 саны 1917 жылы 28 шілдеде шыққан. Соған қарағанда, басылым тұрақты жариялана алмаған» деп жазады (Әнес Ғ. «Алаш, Алашорда» энцик­лопедия, А. «Арыс», 2009). Ал кейін табылған «Ұран» газеті сандарының алғашқы бетінде газеттің «1917 жылғы 28 шілдеден бастап шыға бастағаны» анық жазылып тұр. Яғни Ордада газет шығару туралы шешім 1917 жылдың сәуір айында өткен Ішкі ордалықтың зиялылар сиезінде қабылданып, көп кешікпей жүзеге асқан болып тұр.

Сәкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» атты кітабында былай дейді: «...Әр жерде-ақ газет шығара бас­тады. Семейде – «Сарыарқа» газетi, Ташкентте – «Алаш» газетi, соңынан «Бiрлiк туы». Бөкейлiкте, Астрахан қаласында – «Ұран» газетi. Ақмолада – «Тiршiлiк» газетi, Орынборда – бұрынғы белгiлi «Қазақ» газетi.

Бұл газеттер, «Тiршiлiктен» басқа­сы­ның бәрi, бiр бетте болды. Бәрi Орын­бор­да­ғы «Қазақ» газетiнiң ықпа­лымен жүрдi. Бәрінің құлақ күйін «Қазақ» газеті бұрап беріп, нұсқау беріп отыратын болды. «Қазақтың» басындағылар Қазақстанның әр жеріндегі ниеттес адамдарына нұсқау беріп, хат жазып жатты. Газеттердің бәрі көзжұмбай ұлтшыл болды. Ұлтшыл болған соң, еріксіз байшыл газет болды. Бәрінің ортақ туы «Қазақ» газеті болды. (57–58-бет).

«Ұран» газеті әу баста қазақтың өз автономиясын жариялауды мақсат тұтқан Алаш қайраткерлерімен бір көз­қараста, бір ниетте болғандығы анық байқалады. Орынбордағы жалпы­қазақ сиездеріне дайындық, делегат сайлау, айырым мүф­тилік құру, т.б. тақы­рыпта өте құнды дерек­тер көп. Сонымен бірге Бөкейліктің тағы бір үлкен проблемасы Астрахан губерниясынан, орыс қолтығынан құтылып, қазақ облыстарының қатарына қосылу мәселесі болған. Осы кезеңдегі жер дауы, орыс тарапынан (ақ болсын, қызыл болсын) қазақ ауылдарына жасалған түрлі зорлық, шапқындар «Ұран» газетінің бетінде ашық жазылған. Газеттегі «Қазақ большевиктері қалай пайда болды?», «Қазақ өз жерінен қалай айырылды?» деген тақырыптағы сараптамалық мақалалар сол заманның шындығынан хабар береді.

Қазіргі белгілі деректер бойынша «Ұран» газеті 1918 жылдың ортасына дейін шығып тұрған. Біздің қолымызға түскен соңғы нөмір – 1918 жылғы 16 мамырда шыққан №38 саны. Бұл газеттің жалпы қанша саны шыққаны, тарихи тағдыры, басқа да мәліметтері зерттеуді қажет етеді.

 

Жантас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

алаштанушы

 

Орал