• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Әлем 05 Ақпан, 2024

Босқын қайда барады?

199 рет
көрсетілді

Қазір әлемде босқын үдерісі жылдан-жылға үдеп, үлкен проблемаға айналып барады. Халықаралық қоғамдастық жаһанның қауіпсіздік жағдайын жақсарта алмай тұр. Оның бір көрінісі – байырғы қонысынан баз кешкен адамдардың көбеюі. Әрине, олардың «астынан су шықпаса», мекеннен ауып несі бар? Мұны майшаммен зерттеп жатқан БҰҰ мен Еуроодақ та әзірге ортақ шешім таба алмай, пұшайман болып отыр.

БҰҰ босқындар жөніндегі Жоғар­ғы комиссар басқармасының (БЖКБ) дерегі бойынша әлемде мәжбүрлі қоныс аударған адамдар саны 110 миллионнан асқан. Оның 36,4 миллионнан астамы – босқындар. Баспана іздеп бос­қан 6 миллион адам бар екен. Ха­лық­аралық ұйым сарапшылары мұ­­ның негізгі себебі сұм соғыстың салдары­нан екенін айтады. Бұған қоса саяси қу­ғын-сүргін, түрлі қақтығыс пен зор­лық-зомбылықтың да зардабы тиіп тұр.

Бүгінде кәрі құрлық «босқындар лагеріне айналып барамыз» деп байбалам салғанымен, босқындарды ең көп қабылдап отырған ел – Иран мен Түркия. Әрқайсысы 3,4 миллион адамды паналатқан. Германия мен Колумбияда 2,5 миллионнан астам жұрт босып жүр. Ал Пәкістан 2,1 миллион босқынды қабылдаған.

Германия демекші, Еуропаға жеткен­нің қолы көкке жететіндей көре­тін­дерге бір кейісті кейс ұсынуы­мызға тура келіп тұр. Қазір өзі босып, бордай тозып жүргендерге түрлі шабуыл жасап, қысым көрсету дерегі де аз емес.

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Германияның өзінде хостелдердегі 121 бос­қын­ға шабуыл жаса­лған. Осы елдің «Neue Osnabrücker Zeitung» газетінінің де­ре­гіне сүйенсек, 2022 жылы бос­қын­дар­ға арналған бас­па­на­лар­дан тыс жерде 1 248 шабуыл фактісі тіркелген.

Қазір жер бетінде жел қуған қаңбақ­тай сабылған адамдардың 52%-ын үш ел­дің азаматтары құрап отыр. Ол – Сирия (6,5 млн), Ауғанстан (6,1 млн), Украина (5,9 млн). Сонымен қатар жер-жиһанда «азаматтығы жоқ» деген санаттағы адам­дар бар. Оның өзі 4,4 миллион бол­ған. Мұндай «ауадағы» адамдардың қата­рын­да қаракөздердің де бары бай­қалады. Азаматтығы жоқ адамдар былтырғы санақ бойынша, әлемнің 97 елінде кездескен. Бұл ретте бір маңызды деректі көзіміз шалды, босқындардың және халықаралық пана іздеушілердің 69%-ы көршілес елдерден келетіні анықталған.

Көршіге біз де кенде емеспіз. Малы аралас, қойы қоралас Құдай қосқан бақандай бес көршіміз бар. Ресми деректерге сенсек, елімізде босқындардың саны көп емес. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлі­ме­ті бойынша, елімізде Ауғанстан, Өзбекстан, Сирия, Украина, Қытай елдерінен келген 325 босқын тұ­рады. Бұл қатардан солтүстіктегі көршімізді көрмедік. Бірақ Ішкі істер министрлігінің 2022 жылғы дерегіне сәйкес, елімізге Ресейден 396 946 адам келген. Ал еліміздегі босқын куәлігі берілген адамдардан тыс 635 пана іздеушілер тіркеліпті.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2022 жылғы 23 сәуірдегі бұйрығы бойынша, елімізде босқын мәртебесін беру туралы қа­ғи­дасы бекітілді. Босқын мәртебесін алуға пана іздеген адам елімізге келген күннен бастап 5 күнтізбелік күн ішінде заңда белгіленген тәртіпке сай өтініш бере алады. Өтініш түскен күні Қазақстанда пана іздеген адамның куә­лі­гі үш ай мерзімге беріледі. Бола­шақ­та оның мерзімі тағы үш айға ұзар­тылуы мүмкін. Куәлікті алған соң елі­міз­де тұруға кедергі жоқ.

Босқындар ісі – өте нәзік мәселе. Сондықтан оны сауатты һәм салмақты жүргізу үшін жуырда Алматыда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігінің Көші-қон комитеті, БҰҰ БЖКБ, БҰҰ-ның босқындар ісі жөнін­дегі агенттігі бастаған еліміздің 19 жергілікті атқарушы органының қызметкерлеріне ар­налған босқындарды қорғау сала­сын­да­ғы ұлттық және халық­аралық заңға арналған екі күндік семинарда біраз мәселе талқыланды.

«Ұлттық және халықаралық бос­қындар туралы заңның дәйекті қол­данылуын қамтамасыз ету аясында әлемдегі, сондай-ақ Қазақстандағы құ­­зырлы мекемелер мәжбүрлі қо­ныс ауда­­рылған адамдарды қор­ғауға, қол­дауға жағдай жасайды. Еңбек ми­нистр­лігімен және басқа серік­тес­тер­­­­мен ын­ты­мақтастығымыз қоныс аудар­ған адам­дардың құқықтары мен мүм­кін­дік­тер жетілдіруге ықпал етеді», деді БҰҰ БЖКБ Орталық Азиядағы өкілі Ханс Фредрих Шоддер.

Мамандардың айтуынша, біздегі босқындардың басым бөлігі елімізде қалуды көздейді. Олардың 70%-дан астамы 10 жылдан бері өмір сүрсе, жалпы санының 22%-ы елімізде дүниеге келген.

«Министрлік босқындар мәр­тебе­сіне қатысты 1951 жылғы Конвен­ция­­­ның және оның 1967 жылғы Хат­та­ма­сының ережелерін ескере отырып, Қазақстандағы босқындарды интег­ра­циялаудың әлеуметтік-экономикалық аспектілерін қамтитын Қазақстанның 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасын әзір­леді. Тұжырымдаманың ережелерін іске асыру ел аумағында босқындар мен пана іздеушілерді қорғау мен қолдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деді Көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев.

Көші-қон нұсқаулығына қарағанда, еліміздегі босқындардың мүмкіндіктері мол. Мәселен, босқындар еліміздің аумағына уақытша тұрақтаған кез келген шетел азаматы секілді іс жүзінде бірдей құқықтар мен міндеттерге ие. Ол медициналық қызметке, сот қорғауына, өз бизнесін ашуға, жұмысқа орналасуға құқылы. Айырмашылық тек жұмысқа орналасу кезінде зейнетақы жарналарын аудармайтын қарапайым жалдамалы жұмысшы ретінде ресімделеді. Яғни босқынға жергілікті атқарушы органдардан жұмысқа қандай да бір рұқсат алудың қажеті жоқ, оны шетелдік жұмыс деп санамайды. Олардың елімізде тұруға ықтиярхат алуға, тіпті азаматтық сұрауға мүмкіндігі бар. Кез келген босқын елінде қалған туыстарымен байланысуға уә­кі­лет­ті органдарға жүгіне алады. Негіз­гі талап – олар Қазақстан заңдарын сақ­тауға тиіс. Егер босқын шетелге шықса, көші-қон қызметіне алдын ала хабарлауы керек.

«Кейінгі 30 жыл ішінде Қазақстан халықаралық бейбітшілік пен тұрақ­ты­лықты нығайтуға үлкен үлесін қосып, Сириядағы бейбіт келіссөздерге жәрдемдесті, адам құқықтары жөніндегі көптеген келісімшарт ратификациялап, жүзеге асырды. БҰҰ-ның босқындар істері жөніндегі агенттігі БҰҰ-ның басқа мүшелерімен бірге Президент Тоқаевтың адам құқықтары саласындағы ұстанымын құптайды және қолдайды. Адам құқықтарын, соның ішінде бос­қындардың құқықтарын қорғау, тұ­рақты даму тұрғысынан ешкімді тысқары қалдырмау міндеттемесі елдер­дің эко­но­микалық дамуына әсер етеді», дейді Ханс Фридрих Шоддер.

Батыс Еуропа 1990-жылдары ауған жұртқа есігін айқара ашқанымен, кейінгі жылдары жағдай өзгерді. Қазір Еуроодақ ұлт­тық бірегейлікті сақтау және террор­лық қауіптің алдын алу маңызды екенін алға тартып, босқындарға уақытша бас­­пана беру мәселесін күрделендірді. Өйткені оларға қатысты қылмыстық көр­сеткіші күрт өсті. Германия мен Шве­циядағы әйелдерге жасалған зор­лық-зомбылықты, Франция мен Бель­гиядағы террорлық актілерді кейбір Еуро­палық БАҚ радикалды діни ағымдар ық­палымен байланыстырады. Осыған қарап енді Еуропа жосыған жұрттың бәріне жайылып жастық, иіліп төсек бола қоймайтынын аңғарамыз. Еуроодақ Жерорта теңізінен құтқарылған босқын­дар­ды жеткізетін солтүстік Африкада «қауіпсіз аймақтар» жүйесін құру және сол секілді мәселелерді қолға алған. Дегенмен мұның бәрі босудың себебін жоймай, салдарымен күресу болар еді. Сондықтан да әлем бойынша босқындар мәселесі әлі күнге дейін өткір күйінде тұр.

Бұған қатысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында еліміздің ұстанымын, бағыт-бағдарын және тұтастықты сақ­тауға назар аударған еді. «Көптеген елде инфляция өршіп, қымбатшылық болып жатыр. Мемлекеттер арасында түрлі текетірес, қарулы қақтығыс белең алды. Босқындардың саны 110 миллион­нан асты. Мұның бәрі Қазақстанға да салқынын тигізеді. Бірақ біз жаһандық дүрбелең дәуірінде өз бағдарымыздан адаспаймыз. Әрине, даму жолымыз әрдайым теп-тегіс, даңғыл болмайды. Ешкім де сырттан келіп, Қазақстанды көркейтіп жібермейді. Ол үшін еліміздің әрбір азаматы заман талабына сай болу­ға тиіс. Жалпы, халқымыз осындай дағ­да­рыс кезінде біртұтас болуы керек», деді Президент.

Саясаттанушы, конфликтолог Руслан Ахмағанбетов «Қазір еліміздің бос­қын­дарға қатысты ұстанымы оң» дейді.

«Босқындарға көзқарас гуманистік қатынас­тар­ға негізделуі керек. Бүгінгі Ауғанның басынан өткен сүргін, кеше біздің де басымыздан өтті. Мысалы, 22-33-жылғы қолдан жасалған аштық және 37-дегі репрессияны катакализм деп алсақ, сол кезде біздің көп азамат сол жаққа бас сауғалады. Адам өз туған жерінен босса, Жер-Ана ортақ. Адам ретінде өмір сүруге мүмкіндік болуға тиіс. Егер мұны жоққа шығарсақ, дүниедегі гуманистік құндылықтардың бәріне қарсы шыққанмен бірдей. Екін­ші­ден, әр мемлекет өз ке­ңіс­ті­гін сақтауға мүдделі. Демек, ша­ма­дан тыс мигрантты да, босқынды да көп қабылдауға тиіс емес. Себебі көп жағдайда бос­қын – мемлекеттің бірегейлігіне кері ықпал ететін адамдар. Олар осы жаққа келіп, қазақ тілін үйреніп, қазақ болып кетпейді. Мемлекет осының екі ортасын ұстануға тиіс. Өйткені босқын мәртебесін алғаннан кейін оның эко­но­микаға да әсері болады. Бұдан кейін оларды мемлекет қамтамасыз етеді. Сондықтан кейбір жақын көрші елдерден келгендерге босқын мәртебесін бере бермеудің тиімді жағы тағы бар. Өйткені бұл мемлекетке масылдықты күшейтеді», дейді саясаттанушы.