• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 05 Ақпан, 2024

«Сол оқытушы ұрады екен»: Ескендір Хасанғалиев консерваторияны неге аяқтамаған?

2655 рет
көрсетілді

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Біржан Хасанғалиев әкесі - танымал композитор Ескендір Хасанғалиевтің Қазақ ұлттық консерваториясын неге аяқтамағанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz. 

«Менің өмірім» бағдарламасына қонақ болған өнер иесінің сөзінше, әкесі консерваторияның соңғы курсында оқытушымен сөзге келіп қалып, оқудан шығып кеткен.

- Ол консеваторияда 6 жылдай оқып, соңғы курсында кетіп қалған. Өйткені, бір жағдай болған - оқытушымен ұрысып қалған. Мұғалімі негізі өте жақсы маман еді. Бірақ мінезі ашушаң болған сияқты. Соңғы курс. Дипломдық жұмыс. Орфей деген композитордың «Глюк» деген операсы бар, дипломдық жұмысына соны тақырып қылып алған. Қызу дайындық. Ол кезде әкем жас қой. Бір жағынан жұмыс жоқ, әлі соншалықты танымал емес. Кейде тамақ та ішпей қалады. Сонда сол мұғалім ұрады екен. Сондай әдеті бар, - деді Біржан Хасанғалиев.

Бұл әдеттің қазіргі заманға сай келмейтінін де атап өткен ол бүгінгі студенттер ондай мінезі бар оқытушыны сотқа да беруі мүмкін екенін жеткізді.

- Бір рет қатты ұрып жіберген. Әкем де шыдамай «Неге олай істейсіз?» деп мұғалімнің қолынан ұрып жіберген. Сол кезде ол кісі ректорға барып «Не менің студентім кетеді немесе мен кетемін» деген екен. Ал сол кісінің күйеуі Цуканов деген ҚазССР-дің мәдениет министрінің орынбасары болған. Сол кісінің жұбайы болған ғой. Содан оқудан шығып кетті, - деді өнер иесі әкесі туралы.

Одан кейін Ескендір Хасанғалиевті консерваторияға қанша шақырса да, сол намысына тиген оқиға 10-15 жыл бойы жүрегінде қалып қойыпты.

- Сөйтіп консерваторияны бітіре алмады. Кейін әл-Фараби атындағы Шымкенттің өнер институтында білім алып, соны аяқтады, - деді Біржан Хасанғалиев.