Осы күні қаламен қатар ауылға да құрылыстың небір үлгісі жетті. Шаруаға жайлы болса, жер шалғайлығына қарамай, алыс елді мекендерде де шаһардағыдай зәулім үйлер салып жатқандар көп. Бірақ Жалағаштағы киіз үй пішіндес баспананың орны бөлек.
Ел назарын аударған ерекше баспананы Асылбек Алғашов деген азамат салған екен. Бүгінде Алматы облысының тұрғынына айналған ол кісінің әке-шешесі осы үйдің орнындағы шаңырақта тұрыпты. Жыраққа қоныс аударған соң, қараусыз қалған үй ескірсе керек.
Өзінің айтуынша, атасы қолы шебер ұста болған екен. Әулеттерінде ата жолын ұстағандар да болған. Осыдан да 2–3 жыл бұрын көне баспана орнына киіз үй формасында жаңа баспана көтеруге бел буған. Іргетас құйып, үйдің қабырғасын темірмен көтерді. Екі жылға созылған құрылыстың аяқталуы А.Алғашовтың 70 жасқа толған мерейтойымен тұспа-тұс келіп, жаңа шаңырақта әке-шеше аруағына Құран бағыштапты.
Үй диаметрі – 10 метр. Баспанадағы шаңырақ пен қазақы қалыптағы жиһаз, қабырғадағы кілемшелер көзге жып-жылы көрінеді. Этностильдегі үйде асхана, жатын бөлмесі де бар. Сандық үстіне жиылған жүк, домбыра мен қамшы да көзге бірден түседі.
Киіз үй пішіндес баспанаға жастар жағы қатты қызығатын көрінеді. Ерекше үйді көруге өзге өңірлерден арнайы келетіндер де көп екен.
ҚЫЗЫЛОРДА