• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Ақпан, 2024

Айналайын, Бидайық, жол шалғай, жетер күн қайда?

1306 рет
көрсетілді

Сәті түсіп таяуда Бидайыққа барып қайттық. Тоқанайдың тұсынан Қызбелге бұрылған соң, әрі қарай қозғалу қиын болатын шығар деп едік, жол тегіс екен. Өткен жазда көліктің бензин багын тесіп жіберген кескір қыр, кесек тас төселген жолдың бетін қар басып, ой-шұқырын түгел толтырып тастапты. Қызбел асып, Бидайықтың шетіне келіп бір-ақ тоқтадық. Енді ауылға кірейік десек, жол жоқ. Әрі-бері айналып, кірер із таппадық. Сөйтсек, бұл мекенге ел қонғалы кіреберіс жол салынбаған екен.

Көлікті күре жолдың бойына қал­дырып, тізеден қар кешіп ауылға жаяу кірдік. Анадайда Міржақыптың кесенесі, қарсысында музейі тұр. Бидайық кезінде Жангелдин ауданындағы ең бай кеңшар болған деседі. 30 мың гектар жерге дән еккен. 187 үй түтін түтетіп, мыңға жақын адам тұрған. Тоқсаныншы жылдары кең­шар ыдырап, тұйықтағы ауыл 6-7 жыл жарықсыз қалғанда жұрт үдере көшкен. Қазір бұл ауылда небәрі 13-ақ үй отыр. Бәрінің азын-аулақ жері бар, егін егіп, мал өсіреді. Шаруашылығы жоқ бір-екі-ақ үй бар. Соның бірі – ерлі-зайыпты На­ғашыбай Бірманов пен Жұмазия Іңір­баева. Бұл отбасы Алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлының кесенесі үшін ғана отыр.

Бидайық бастауыш мектебі

Кесене маңайынан кісі көрінбеген соң, мектепке кірдік. Сәтін салғанда, мектеп меңгерушісі Жұмазия Іңірбаева Міржақып кесенесінің шырақшысы Нағашыбай Бірмановтың жұбайы екен.

Айтуынша, Бидайық бастауыш мектебінде 1-сыныптан 4-сыныпқа дейін 7-ақ бала оқиды. Оларға 4 мұғалім сабақ береді. Даярлық сыныбында 1 бала, шағын орталықта 2 бала бар. Осы үшеуін қосқанда, бас-аяғы 10 бала болады. 1-сынып жеке, 2-ші,3-ші сыныптар бірге оқиды. Ал 4-сыныпта бала жоқ.

«Ауыл балаларының бәрі сыртта. Өзімнің де бес балам бар. Үлкені Астанада тұрады. Қалған балалар осы тұңғыш баланың қолында тұрып жатыр. Ауыл шалғай, жол қиын, ауырып-сырқап қалсаңыздар, сіздерге де, бізге де қиындау болады ғой деп қалаға көшуге үгіттейді. Бірақ Нәкеңнің тапжылғысы келмейді. Көшейік десем, аманатқа қиянат жасауға болмайды деп қысқа қайырады. Тоқсаныншы жылдары кішкентайлы болатын болып, Нағашыбай мені Арқалыққа апарған. Сол жерден Гүлнар апайға қоңырау шалып, екеуі біраз әңгімелесті. Сонда апай: «Нағашыбай бауырым, әкеме енді өзің ие бол. Кесенені қараусыз қалдырма!» деп аманатын тапсырып еді. Содан бері шамасы келгенше кесене мен музейді күтіп ұстап, апамыздың аманатын арқалап келеміз. Шынын айтқанда, амалсыз, атамыздың кесенесіне бола отырмыз», дейді мектеп меңгерушісі.

Мектеп ұжымы пішіні «П» әрпіне ұқсайтын ғимараттың бір бұрышында ғана отыр. Үш сынып бөлмесі бар. Қалған бөлігі жабық, қаңырап бос тұр. Білім ошағы жылына 30 тонна көмір түсіріп алады. Пеші кәдімгі ауылдағы тұрғын үйдің пеші сияқты, мұғалімдер отыратын бөлмеден жағылады. Бидайықта интернет байланысы өте әлсіз. Сондықтан жергілікті жұрт ұялы байланыстан гөрі, үй телефонын жиі пайдаланады.

«Бұл жерде интернет мәселесі қиын. Ұялы телефонмен дұрыстап сөйлесе алмаймыз. Ауылға келе жатқан адамдар жолда қалса, хабар да бере алмайды. Көлігі жолда қалған талай адам осы ауылға жаяулап жетіп, көмек сұрап келген. Одан кейін Міржақып атамызды зерттеп жүрген студенттер, мұғалімдер кесененің, музейдегі жәдігерлердің фотосуретін сұрайды. Оны суретке түсірерін түсіресің ғой, бірақ сұраушыға жіберу қиын. Мектепте интернет бар, бірақ байланыс нашар. Осы интернет мәселесін шешпесе болмайды». Жұмазия әлдене есіне түсіп кеткендей, алдында тұрған баулы телефонның құлағын көтеріп, әлдебір цифрларды басып-басып жіберіп: «Нағашыбай, алыстан кісілер келіп тұр. Біз музейге бара береміз», деді.

 

Міржақып кесенесінің шырақшысы

Міржақыптың кесенесі мен музейі біртұтас мемориалдық кешен сияқты бір қоршаудың ішінде. Алдымен музейге кірдік. Көп кешікпей, жұрт Міржақып кесенесінің шырақшысы деп атап кеткен Нағашыбай ағамыз да жетті: «Қыстың ортасында қайдан жүрсіздер? Боран көтеріліп кетсе, жолда қаласыздар ғой. Бұл жақта не байланыс жоқ...», деп жанашырлық танытып жатыр.

Осы жердің бүкіл жұмысы Нағашы­бай ағамыздың мойнында. Кесененің шы­рақшысы да, мұражайдың меңге­рушісі, экскурсоводы, еден жуушы, аула сы­пырушы, күзетшісі де – осы кісі. Отыз жылдан бері Алаш рухына тәу етіп, ұлт руханиятына қызмет етіп отыр. 13-14 жыл бойы жалақысыз отырған кезі болса да, ешқашан еңбегін бұлдамады. Қазіргі алатыны – 72 мың теңге. Қолында бірді-екілі малы бар, соған тәубе етіп жүрген қанағаты мол, жүрегі таза, қажырлы жан. Айтпақшы, Міржақыптың зиратына алыс-жақыннан құран бағыштай келген ғалым, зиялы ақсақал, студент, жасөспірім оқушының бәрі алдымен Нағашыбайды іздейді. Нағашыбай да олардың ешбірін алаламай, көптен ат ізін салмай кеткен нағашысы келгендей қуана қарсы алып, қой сойып, қазан көтеріп, жайылып жастық, иіліп төсек болып қызметін көрсетеді. Жақындары Нәкеңнің осындай пейілінің кеңдігін, қолының ашықтығын «қырық қойы бар еді, содан екі-ақ қозысы қалды» деп әзілге бұрады. Ал Нағашыбай үйіне ат мінген бір адам түссе де, автобус мінген қырық адам түссе де, сол қонақжай қалпынан ай­ныған емес.

«Әкем марқұм «Осы Міржақыптың қызына ешқандай бір көмегім болмады менің» деп өкініп отыратын. Өзіміз барды да, жоқты та көрдік, кеңшар ыдырап, жұрттың көбі көшіп кетті. Сонда да осы музейімізден айырылмай, ұстап қалдық. Талай жыл жалақысыз жүрдім. Азын-аулақ малым бар. Жұбайым мек­тепте жұмыс істейді, айлық алады. Соның ақшасына осы музейдің жыр­тығын бүтіндеп, сырлап, шамамыз келгенше күтіп отырдық. Бір жылдары электр желісінде жұмыс істеп жүрген Құр­манғазы деген ағамыз тоқ тартып, жарық кіргізіп берді. Содан кейін біраз жақсарып қалдық. Бұрын кесенеге қой-ешкі кіріп кете берген соң, жұрттың моншаға жаққан резеңке доңғалағынан қалған сымды тартып, қоршап қойып жүрдім. Бір күні Гүлнар апайдың ұлдары Нұрлан, Ерлан, Міржақыптың аталас туысы болып келетін Бақберген Өтеулин ағамыз келіп, музей мен кесенені қосып, темір шарбақпен қоршап берді. Музейдің сыртындағы силикат кірпіш құлап қалып, көшеден силикат жинап, жігіттерді ұйымдастырып, осы қабырғаны қаладық. Мұны екі рет қаладық. Кейін Бақберген ағамыз келіп, оны қайтадан құлатып, кірпіштен дұрыстап қалап берді. Музей мен кесененің айналасына төсемтас төседі. Бақберген ағай былтыр Ресейден ұста жалдап, талай жылдан бері жұлым-жұлым болып тұрған күмбезді қаптап берді. Бұл жерге көбіне мен қазақпын деген жүрегі иманға толы, оқыған-тоқығаны көп азаматтар келеді. Ішінде үлкен кісілер болады. Атамыздың басына келіп, құран оқып, дұға бағыштап ұзақ ойланып-толғанып отырады. Ол кісілердің ішінде не болып жатқанын қайдан білесің? Алай-дүлей болып жататын шығар. Келіп-кетіп жатқан кісілердің әрқайсысы – бір әлем. Жылап-сықтап алатындар да болады, талай көзіміз көрді. Бала-шағасын ертіп әкеліп, үлгі-өнегесін айтып жататындар да аз емес. Қонақүй жоқ болған соң, біз­дің үйге қонады. Оларды құр шаймен жібер­мейсің. Алып ұрып қойымызды соя­мыз, қонағасын береміз. Мені қолдап, қанаттандырып отыратын құдай қосқан қосағым Жұмазияға ерекше ризамын. Бірауыз сөзімді жерге тастамай, келген қонақтардың қонағасын, шай-пайын беріп, қанша шаршаса да қабақ шытып көрген емес. Өзіммен қоса жүр ғой. Бұл кісінің де еңбегі көп. Осы бір-бірімізді қа­бағымыздан ұғынысып, барға да, жоққа да сабыр етіп, сыйластық пен құрметтің, түсіністіктің арқасында осы кесенені тас­тап кетпей отырмыз», дейді Нағашыбай Бір­манов.

Міржақып кесенесіне келушілер көп. Алматы, Семей, Түркістан, Тараз, Көкшетаудан келеді. Бір жылдары екі автокөлікпен Ресейдің қазақтары келіп кетті. Жаз бойы қонақ үзілмейді. Нәкең солардың бәрін күтіп алып, музейді аралатып, ондағы жәдігерлердің тарихымен таныстырып, Алаш арысының зиратына апарып, құранын бағыштап, одан үйіне шақырып ас-суын беріп, қондырып шығарып салады.

 

Мұражай жөндеуді қажет етеді

Сырты келісті қызыл кірпішпен қап­талғаны болмаса, от жағатын пеші жоқ шағын музейдің іші азынап тұр екен. Сөредегі тарихи фотосуреттер мен құн­ды құжаттар суықтан қорғанғандай қу­сырылып, оратылып қалайын деп тұр. Оны Нағашыбай меңгеруші күн жылыған соң, үтіктеп, дұрыстап орнына қояды. Қыс бойы жылу кірмеген ғимараттың едені жазда көгеріп кетпеу үшін жылына бір рет линолеумін сыртқа шығарып жа­йы­п, астын құрғатып, қайта төсеп қояды.

Музейдің бірінші қабатында Мір­жақып Дулатұлының мүсіні, оның ар­тындағы қабырғада Алаш ардақтысының мүрдесін орап алып келген кілем ілулі тұр. Карелияның Сосновец стансасындағы Міржақып қабірінің басында тұрған бес жұлдызды ескерткіш сол жақ бұрыштан орын алыпты. «Атамыздың мүрдесін елге алып келген делегацияның құрамында болған ғалым Марат Әбсемет ағамыздың айтуынша, Міржақып атамыз Сосновецте адам емдеген, фельдшер болған. Орман өсімдіктерінің қайсысы қай ауруға ем, соны зерттеп, кітап жазған. Сол жерде Міржақып атамыздың бейітін күтіп жүрген адам болған. Оның алдында екі әйел күткен екен, мынау солардың бірінің баласы екен. Міржақыптың мүрдесін бейіттен қазып алып кетіп бара жатқанда жылап тұрып «Мен анамның аманатын орындадым», деп Гүлнар апайға сәлем айтып жіберген екен», дейді Нағашыбай Бірманов.

Суық ызғар басқан музейде Алаш ардақтысының бейнесі бедерленген тоқыма кілем, «Қазақ» газетінің көшір­месі, біртуар қайраткердің өмірінен сыр шертетін тарихи фотосуреттер,

Мір­жа­­қып отырған абақты бөлмесі, Соло­вец монастрінің макеті, Гүлнар Мір­жа­қыпқызына арналған арнайы бұрыш, Гүлнар апайдың көйлегі, тағы да басқа құнды құжаттар сақтаулы тұр. Бұл жәді­гер­лер дәл осы күйінде енді бір жыл тұр­са, бүлініп, жоғалтып алуымыз мүм­кін.

Музей экспозициясы тым қарабайыр, қабырғаға желімделген фотосуреттер жү­деу көрінеді. Ғимараттың төбесі ала­са, іші күңгірт болғандықтан, әр жәдігердің жазуын оқып, анықтап, ажыратып көру қиын. Экспонаттар жүйесіз, ретсіз тұрғандай болып көрінді.

«Өткенде облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев келіп кетті. Биыл музейді жөндеуден өткіземіз, қосымша штат бөліп қалуымыз мүмкін деген уә­десін беріп кетті», дейді Нағашыбай аға.

 

Жол азабын тартқан білер

Қостанайдан шыққан көлік тақтайдай  тегіс тас жолмен тайпалтып келе жатып, Қыз­белдің жолына түскен соң, шоқа­лақ­тап кібіртіктейді де қалады. Ешқашан асфальт көрмеген көтерме жолдың бүгінде әбден тозығы жетіп тұр. Жазда көліктің ішін саңылау-саңылаудан кірген қою шаң басып кетеді. Көлік доңғалағы атқан қиыршық тас табанның астын атқылап, не баллонды жарады, не бензин багын тесіп шығады. Қызбел мен Бидайықты жалғап жатқан 40 шақырым көтерме жолдың жағдайы бұдан да жаман.

Жергілікті тұрғындар жол мәселесінің жазда да, қыста да қиын екенін айтып отыр. «Жазда мына жолға кәдімгі табиғи қиыршық тас төсеп қойған, содан талайының доңғалағы жарылды, та­лайының бензин бәгі тесілді. Әй­теуір кесенеге келген кісілердің бәрі қатты қиындық көріп келеді. Осы грей­дерді дұрыстап жөндемесе болмайды. Ал жаңбыр жауса, қандай көлік болса да жүре алмай қалады. Жылына Мір­жақыптың зиратына құран оқимыз деп қаншама адам келеді. Көбі жете алмай қалады. Былтыр 5-6 студент ауылға 12 шақырым жетпей сазға батып қал­ды. 2 бала жаяу келіпті. Қалған 2-3 бала көлікте қалыпты. Осы ауылдағы Есен деген азамат алып келді. Диплом қорғаймыз деп жүрген балалар екен, осы үйден шай-суын ішіп, қонып кетті. Жете алмай кері қайтып кетіп қалғандар да көп. Мысалы, былтыр Рудныйдағы Міржақып Дулатұлы атындағы мектептің мұғалімдері мен оқушылары 17 адам болып келе жатып, дәл ауылдың іргесіне келіп тұрған жерінен автобустары сазға батып, жүре алмай кері қайтып кетті. Ауыл­дан үш машина көмекке барып еді, олар жеткенше, кетіп қалыпты», дейді шырақшы.

Алайда жол ауыртпалығына қарамас­тан Бидайыққа келгісі келетіндер көп. «Қостанайға біліктілік арттыру курсына барғанымда бізді Алматыдан келген Әсел Қайырбекқызы деген кісі оқытты. Өзімізді таныстырғанда Міржақып атамыз жатқан Бидайықтан екенімді, жолдасым атамыздың кесенесінің шырақшысы екенін, кесененің қасында музейі бар екенін айттым. Хоббиімізді сұрағанда, атамыздың басына жұрт көп келетінін айтып, хоббиім – осы кісілерді күту дедім. Тренеріміз алдында ғана «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмін көрген екен. Содан күнде сабақтың соңында «жол пұлын төлейін, мені ауылыңа апарып келші» деп айта берді. Қазан айы болатын, жаңбырлы кез. «Біз жаққа жол қиын, дұрыс көлік болмаса, орта жолда қаламыз. Оның үстіне, жаңбыр құйып тұр, бізді ешкім апара қоймас» дегеніме құлақ аспады. Бірақ оқытушымның көңілін жықпай, жақын жердегі біраз адамдардан сұрастырып дұрыстау көлік іздеп едім, табылмады. Ақыры Астанада тұратын балаларымды шақырттым. Қостанайда жаңбыр құйып тұр. Ауылға хабарлассам, жаңбыр жоқ дейді. Сосын қонақ кісіге: «Жол алыс, осы жерден 500 шақырымдай болады. Жаңбыр тисе, жол езіліп, саз болып қалады. Олай болып жатса, ренжімейсіз, кері қайтамыз» дедім. Құдай қалаған шығар, ауылға аман-есен жеттік. Музейден шыққан қонағымыз Міржақып атамыздың басына барғанда егіліп жылап, көңілімізді босатты. Жаңбыр сіркіреді сол кезде», дейді Бидайық бастауыш мектебінің меңгерушісі Жұмазия Іңірбаева.

Жангелдин ауданы әкімдігінің мә­ліметінше, Қызбел, Бидайыққа баратын аудандық маңызы бар «Тоқанай-Саға» автомобиль жолын орташа жөндеуден өткізу жөнінде техникалық құжат әзір­­­леніп, ведомстволық сараптамаға жібе­рілген. Құрылыс-монтаждау жұмыс­та­рына 463 млн теңге керек екен. Сондай-ақ «Тоқанай-Саға-Бидайық» автомобиль жолының 60-62-ші, 70-72-ші, 79-83-ші, 81-88-шақырымдарындағы учаскелерде жол бетін тегістеу, 20-40 мм фракциялы қиыршық тас төсеу және су өткізу құбырларын жөндеу жұмыстары жос­парланып отыр. Қазір сметалық құжат дайындалып 169 млн 980 мың теңге көлемінде қаражат бөліну үшін тиісті басқармаға бюджеттік өтінім жіберілген.

Бір жылдан кейін бүкіл ел болып Алаш ардақтысының 140 жылдығын атап өтерміз. Сол кезде жан-жақтан ағылған жұрттың көбі мерейтой аясындағы іс-шара мейлі Қостанай, мейлі Торғай немесе Қызбелде өтсін, Бидайыққа соғып, Мір­жақыптың басына зиярат жасамай кетпейді. Оған дейін жолды жөнге келтіріп қойсақ игі еді.

 

Қостанай облысы,

Жангелдин ауданы