• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Сұхбат 05 Ақпан, 2024

Күмбірлеген күйге елжіремейтін қазақ жоқ

597 рет
көрсетілді

– Төлеген Шаңғытбайұлы, Астанада кейінгі жылдары күй өнеріне баса мән беріліп, «Күй анасы» қорының жұмыстары көзге көріне бастады. Аталған қор туралы айта кет­сеңіз.

– Соңғы үш-төрт жылда Астана әкімдігінің қолдауымен және «Күй анасы» республика­лық қорының бастамасымен қазақ­тың басты ұлттық құндылығы­ның бірі – күй мұрасын насихаттау мақсатында көптеген мәде­ни іс-шаралар жүзеге асырылды. Былтыр елордада алғаш рет «Астана – күй қанатында» атты күйшілер сайысы өтті. 40-тан астам үміткерден ұсыныс түсті, соның ішінде 36-сы байқауға қа­тысты. Дарынды жастар өз мүм­кіндіктерін көрсете білді.

Бұрын өткізілген күй дода­ла­рының шарттарын қарап шық­тық. Жеңімпазды анықтаудың бірне­­ше шарты дайындалды. Сәйке­сін­­ше, қатысушыға атақты күйшілер­­­дің туындысын орындаумен қа­тар міндетті түрде өзі шығар­ған күй­­лері болуға тиіс деген талап қо­­йылды. Бұл оңай емес, әри­не. Домбырашының бәрі күй­ші емес. Композиторлық қабі­ле­ті бар екенін анықтау және оның шы­­­ғар­машылық дарыны­на қол­дау көрсетуді мақсат тұт­тық. Бай­қауға 14-35 жас аралы­ғын­дағы жастар қатысты. Додаға түс­­кендер Музыкалық жас көрер­мен театрының сахнасында өнер­лерін паш етті. Көрерменнің пі­кі­рі қазылар алқасының ше­ші­мімен сәйкес келуін анық­тау үшін қатысушының өнері­не көрсетілген қошемет те ес­керілді. Байқау халықтың көз ал­дында, ашық және жария түр­де өтті. Шынайы жүйріктер озып шық­қанын көрерменнің ықыласынан сезініп отырдық.

– «Күй жәрмеңкесі» төрт жылдай тұрақты өтіп келеді. Жұртшылықтың ықыласы қалай?

– Бұл Дина шешеміздің кө­рікті ескерткішінің салтанатты ашылу рәсімінде айтылған ұсы­ныстан бастау алды. «Дина ес­керт­кіші алдағы уақытта рухани-мә­дени шаралар өтетін алаң бол­са, онда күйдің құдіретін түсін­діретін, насихаттайтын шаралар өтсе екен» деген идеядан ту­ды. Неге өнердің жәрмеңкесі бол­масқа? Бізде Д.Нұрпейісоваға ес­керткіш орнату туралы ұсыныс жасаған кезден бастап құрылған ақылдастар алқасы бар. Сондағы ел ағаларымен ақылдаса келе, күй­дің жәрмеңкесіне тоқтадық. Кәсіби музыка мамандары, соның ішінде домбыра мен күйді зерттеген ғалым ұстаздар мен ұлтжан­ды қоғам қайраткерлерінен құрал­ған қазылар алқасы бекітіледі. Қатысушыларға еркіндік бер­дік. Өнерлі адамдарды арнайы шақырудан аулақпыз. Баспасөз құралдары және интернет желісі арқылы күй жәрмеңкесі өтетіні туралы хабарландыру таратамыз. «Домбыра тарту шеберлігім бар, байқауға қатысамын» деген кез келген адам өнер көрсетуіне жағдай жасаймыз. Бас жүлде­ге кәсіби шеберлердің қолынан шық­қан, талаптарға сай жасал­ған, яғни «сөйлеп тұрған» үкілі домбыра беріледі. «Күй анасы – Дина» атты энциклопедия­лық кітапты табыс етеміз. Оның ішінде құнды деректермен қатар Дина Нұрпейісованың 25 күйі QR-кодқа жазылған. Нәтижесінде, халық ішінен әлі үлкен сахна­лар­ға шыға қоймаған небір жас дарындар көзге түсті. Сөйтіп, жас дом­­бырашының жолын аша­мыз. Кішкентай балалардың тала­бын қақпаймыз.

«Күй жәрмеңкесінде» өткізе­тін жақсы дәстүріміз бар. Күй­ші, қазақ өнерін өркендетуге еңбегі сіңген қоғам қайраткерлерінің бірі ортаға шығып, «Күй анасы» қорының қаражатына алынған домбыраны жас талапкерге сыйлап, батасын береді. Біз тұр­мысы төмен, ұлттық аспапты са­тып алуға қаражаты болмай жүр­ген адамдарды іздеп табуға ты­рыстық. Мысалы, бір жолы қа­ра­пайым еңбек адамының баласына домбыра берілді. Танымал өнер иесінің батасымен домбыра алған балалардың ұлттық құндылығымызға сүйіспеншілігі оянбауы мүмкін емес.

– Қазақтар қуанары сөзсіз. Бастамаларыңызды басқа отан­дастарымыз қалай қабылдап жүр?

– Бір мысал келтірейін. Дина ескерткішінің жанындағы күй­шілер аллеясын жасап, шаңы­рақ­ты орнатып жатқан едік. Қасы­мыз­ға бір топ өзге ұлт өкілі келді. Не істеп жатқанымызды сұрады. Мен «бұл – халқымыз­дың күйші-композиторларының құрметіне салынып жатқан мәң­гілік белгі. Ал шаңырақ сол өнер иелерінің рухына тағзым ету үшін өтетін қақпа іспеттес. Сондық­тан әр адам оң қолын жүрек тұ­сына қойып, басын иіп өтеді. Сосын барып даңқты күйшілердің есімдерін оқып танысады. Сол мақсатта жасалып жатыр», деп түсіндірдім. Сонда он шақты өзге этнос өкілдерінің сегізі қолдарын жүрек тұсына ұстап, бастарын иіп, шаңырақтың астынан өтті. Міне, осындай оқиғаға куә болдық.

Мұнда тарихи мазмұны те­рең, елдік мұрат жазылған Күл­тегін тасы бар. Қорқыт бабадан бастап қазақтың 101 күйші-ком­позиторының есімдері жазылған ескерткіш тасты өзге жерден көр­ген жоқпын. Көрнекті тұлғаға ор­на­тылған ескерткіш жай ғана қара тас сияқты көшенің бір бұры­шында жетімсіреп тұрмауға тиіс. Ол халықты ізгілікке бастайтын, өнерге баулитын демалыс аймағы болуға тиіс.

Дина ескерткіші алдында кон­церттік бағдарламалар қойыл­ған­да орындықтар жеткізіліп жүр. Бірқатар көрермендер тұрып тың­дайды. Келешекте сол маңда амфитеатр салынса деген арма­нымыз бар. Сонда ол рухани ор­та­лыққа айналады. Наурыз мей­­рамын ұйымдастыруға болады. Біз амфитеатрдың жобасын жасап қойдық. Күйшілер аллеясында субұрқақ болса қандай керемет! Сенбі, жексенбі және мейрам күндері қала қонақтары мен тұрғындары серуендеп жүрген­де халық күйлері және Сүгір, Құр­манғазы, Тәттімбет, Дина шы­ғар­малары орындалып жатса, ол да бір ғанибет! Күмбірлеген күйді естісе, жүрегі елжіремейтін қазақ бар ма?!

– «Күй жәрмеңкесінің» елге әсері қалай деп ойлайсыз?

– Екінші рет ұйымдастырыл­ған «Күй жәрмеңкесіне» Дина шешеміздің туған өңірі Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданындағы Қали Жантілеуов атындағы балалар музыка мек­тебінің елуге жуық шәкірті арнайы келіп қатысып, өнерлерін көрсетті. Қала жұртшылығы үл­кен ықылас танытты. Мәселен, кей дом­бырашыдан қайта тар­туын өтінді.

Жалпы, әрбір «Күй жәрмең­кесіне» жиналғандар саны 150-ден кем болмайды. Жеті рет өт­кен­де мыңға жуық адам қа­тысты деп есептеймін. Жамбыл ес­керт­кіші алдында өткен «Күй жәр­меңкесі» халықтың көп жиналуы­мен есте қалды. Соңғы жылда­ры орыс, неміс, корей және бас­қа ұлт өкілдері күй кешін үл­кен қы­зығушылықпен тамашалай­тын болды. «Маған кітап бер­се­ңіз» дей келіп, күйшілердің өмір жолы, ұлттық өнеріміз тура­лы сұрай­ды. Жоғары оқу орын­да­ры­ның студенттерінен 7-8 ерікті алдырамыз, олар өзге ұлт өкіл­де­рінің барлық сұрақтарына жауап бе­ріп, салт-дәстүріміз, өнеріміз жайлы баяндайды. Жалпы, осындай мәдени іс-шаралар елді ынты­маққа, бірлікке шақырады.

«Күй жәрмеңкесі» биыл да жал­ғасын табады. Осы күндері Нау­рыз мерекесіне дайындалуда­мыз. Өткен жылы Дина ескерт­кіші жанында екі киіз үй тігіп, мал со­йып, өнер додасын ұйым­дастырып, Наурыз мейрамын алғаш рет өткізген едік. Биыл одан­ да гөрі жандандыра түсеміз.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұх­батында Наурыз мейрамының маңыздылығын айта келіп, оны жаңаша атап өту керектігін мә­лімдеді. Мен бұл бастамаға толық қосыламын. Наурыз мерекесі тамақ ішумен және концерт өткі­зумен шектелмеуге тиіс. Қазақ хал­қының сан түрлі өнері бар. Ұлт­тық ойындары мен киімдері, озық салт-дәстүрі қаншама. Көрме ұйымдастырып, соларды қайта жаңғыртқымыз келеді. Осындай маңызды іс-шараларға зиялы қа­уым өкілдері белсенді қатысса, құба-құп болар еді. Бір-ақ мысал: Біз өткізген Наурызға Халық қаһарманы, тұңғыш ғарышкері­міз Тоқтар Әубәкіров келіп, құр­метті қонақ ретінде қатысты. «Ұш­қыш-ғарышкер келді!» деген­де халық ерекше ықылас танытты. Жиналған қауымда есеп жоқ. Абылай хан даңғылы бойында тұратын тұрғындар өте көп келді. Басында екі қазан тағам жететін шығар деп ойлап едік. Алты қазан тамақ пісірілді, бәрі де тегін таратылды. Халықтың ұйымдастырушыларға деген ризашылығы шексіз болды. Сонда олар: «Бұрын-соңды бұл маңайда мұндай шаралар өт­пейтін еді. Кейінгі жылдары осы жерден бір жаңашылдық көріп жүрміз. Бұл жер мәдени демалыс орталығына айналды», деді.

Ендігі бір ойымыз, Дина ес­керт­кіші мен Күйшілер аллеясын Астананың саяхатшылар бара­тын аймағының картасына енгіз­сек дейміз. Сол жерде ұлттық өне­ріміз және домбыраның қадір-қасиеті туралы құнды деректер айтылса орынды болар еді. Сонда шетелдік меймандар қазақтың өне­рі, әдебиеті мен мәдениеті жө­­нінде мол мағлұмат алатыны сөзсіз.

– Жалғыз күй емес, барлық құндылықты насихаттай береді екенсіздер.

– Жуырда кілем тоқитын Ауғанстан қазақтары келіп, олар: «Бізге табан тірейтін мүмкіндік жасасаңыздар, жүзге жуық қыз баланы кілем тоқуға үйретер едік. Түрікмен, Иран кілемдері былай тұрсын, байқауларда олардан озық шыққанбыз. Аң мен құс, қош­қармүйізді өрнекпен тоқыған­да, кілемдерімізге таңқалмайтын­дар жоқ. Соның бәрін басқа ел­де жасағанымызға қынжыламыз. Ұлттық байлығымыз Қазақстан­да өркен жайса деген мақсат­пен алдарыңызға келіп тұрмыз», деді. Осы орайда, Астанада арнайы орын бөліп, ұсталардың, қолөнер шеберлерінің қалашығын немесе орамын неге жасамасқа?! Бұл ұсынысымды елорда бас­шылығына жеткіздім. Қазақ хал­қының 1 500 ұлттық аспабын бір өзі ұстап отырған ­Аза­мат Бейсенәліұлы есімді жігіт бар. Өзі жасап, өзі орындайды. Қос­шы қалашығының әкім­дігі жер учаскесін беріпті, бар­лық аспабын сонда сақтап отыр екен. Ойпырмай, 1 500 аспабы бар қандай халық бар? Соны Астананың төріне алдырып, ұлт­тық аспаптар мұражайы етіп, жар­қыратып қойса қандай ғани­бет? Бұл – еліміздің байлығы. Қан­шама баланың ұлттық аспапқа қызығушылығы оянар еді?

– Дұрыс айтасыз, аға. Игі­лікті істеріңіз жүзеге аса берсін.

 

Әңгімелескен –

Жәнібек ӘЛИМАН,

«Egemen Qazaqstan»