7–18 ақпан аралығында Чехияның Нове-Место қаласында биатлоннан қысқы әлем чемпионатының жалауы желбірейді.
Былтырғы дүниежүзілік дода дәл осы уақытта Германияның Оберхоф қаласында өткен еді. Аталған жарыстың жалпы есебінде Норвегия құрамасы озды. Олар 5 алтын, 5 күміс және 3 қола медальды олжалады. Екінші орынды Швецияның биатлоншылары иеленді. Қоржынында 2 алтын, 2 қоласы бар Францияның спортшылары үшінші сатыға жайғасты. Сондай-ақ жүлде алғандар қатарында Германия (1 алтын, 2 күміс), Италия (1 алтын, 1 күміс, 2 қола) және Аустрия (1 қола) құрамалары бар.
Биылғы жарыста барлығы 12 жүлде жиынтығы сарапқа салынады. Чехияда Қазақстанның туы астында Галина Вишневская-Шепоренко, Полина Егорова, Алина Скрипкина, Ольга Полторанина, Әсет Дүйсенов, Никита Акимов, Кирилл Бауэр және Александр Мухин сынды спортшылар өнер көрсетеді.