Қоян жылының соңы малсақ қауымға тым жайсыз тиді. Желтоқсанда жаз бойы жаумаған жаңбыр жауып, ойпаң жерлер былай тұрсын, қырат-қырдың өзі ылғалға мелдектеп қалды. Іле суық түсіп, сіресіп қатты. «Жылқы жұтқа ұшырады. Жергілікті маңызы бар төтенше жағдай жариялау керек», дейді қолына құрық ілген жылқышылар.
Жаз бойы қуаңшылық болып, шөп бой салып өспей бұғып қалды. Қытымыр қыстың нақ ортасында нөсер жаңбыр жауды. Әншейінде жыл он екі бойы өз күнін өзі көреді деген жылқы жарықтық қыс түскелі тілін тістеп тұр. Жаз бойы қамап баққандықтан қоңыр күзге дейін жілігіне май бітпей, қысқа жүдеу түсті. Дәл биылғыдай қыс қаһары, табиғат тәлкегі төңірегінде ескі естелікті тірілткен көнекөз қариялардың өзі мұндай жайсыз маусымның соңғы рет қашан болғанын тап басып айта алмайды.
– Атам да, әкем де жылқы баққан, – дейді Үлгілі ауылының жылқышысы Амантай Дүкенов.
– Құтты құрықтарын маған ұстатып кетіп еді. Мен баламның баласына «көрмегендерің жылқы болсын, жылқының жанына жоламаңдар» деп тапсырып кетемін. Отыз үш жыл жылқы баққанда биылғыдай сұрапыл жағдайды көрмеппін. Бес жасымда атқа міндім, жабағы үйретіп, түнде жылқы іңірлеттім. Әкемнің үзеңгісіне жармасып, түнгі күзетке шықтым. Көзімді ашқаннан көргенім көкалалы көп жылқы. Жылқымен бірге оттап, бірге жусадым. Ал биылғы қыс сұрапыл. Көктемге дейін табаны күректей екі ай бар, жүген ұстап қалмасақ жарар еді деп уайымдап жүрміз.
Шоқ жұлдыздай шағын ғана Үлгілі ауылында екі табын, ұзын-ырғасы мыңға жуық жылқы бар. Қыс ортасына дейін мал азығы бар ауыл тұрғындары бірді-екілі жүдеген жабағыларын ұстап алған. Қалғандары әуелі Аллаға, сосын жылқышыға сеніп, басқа амалымыз бар ма деп қарап отыр. Енді қайтсін, қораға қамап бағайын десе қол қысқа. Жаздың күні мал азығын қамдап-ақ алар еді, шабындық жоқ. Егін егетін жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер ауылдың іргесіне дейін жыртып тастаған.
– Егін екпесін демейміз, ексін. Жердің игілігін көру керек қой, – дейді ел ақсақалы Абзал Қасымбеков. – Бірақ бір түсініксізі, төрт түлік малымен күн көріп отырған ауыл тұрғындарының жайын ешкім ойламайтыны. Мәселен, егістік жер бөлінгенде ауылдағы малдың санына байланысты жайылымдық, шабындық жер қалдырылуы керек қой.
Жерді ретсіз бөлудің бір көрінісі Зеренді ауданындағы Садовый елді мекенінде. Ауыл тұрғындарының жекеменшік малын бағу үшін елді мекеннің маңында мүлде жайылым, шабындық жер қалдырылмаған. Он мың гектар жер ауылдан төтесінен түскенде елу-алпыс шақырым қашықтықтағы Ақадыр ауылының арғы бетінде. Орта жолда облыс орталығының саяжайлары, Шағалалы өзені, Көкшетау – Атбасар бағытындағы тасжол, иін тірескен егістік. Мал бағады деп қалдырылған жерге қанатты құс болмаса, төрт аяқты мал жетуі мүмкін емес. Осыдан кейін жергілікті жердегі әкім-қаралардың қандай қисынға сүйеніп жерді бөлгенін түсініп көріңіз.
Біз тілдескен Үлгілі ауылында да дәл осындай көрініс. Ауылда мал баршылық, жоғарыда мың қаралы жылқы бар екенін айттық. Қара мал да екі табын. 800 бас шамасында. Оған қойды қоссаңыз, қыруар малға қаншама жер керек.
– Жазда қуаңшылық болып жылқы қорегі бетеге булығып шықпай қалды, – дейді Амантай Тәшенұлы. – Тісіне ілігер ештеңе болмаған соң жылқы тұрақтамай тұр. Кей күндері алпыс-жетпіс шақырым жерге дейін кетіп қалады. Таяуда ақтүтек боран болып, Біржан сал ауданының алты-жеті мыңға жуық жылқысы қосылып кетті. Айырып көріңіз. Көк мұзда мініс аты да жүре алмайды. Жіліншегі қиылып қалған. Жаяу жүріп жеті мың жылқыны ажырата аласың ба?!
Жылқышының айтуына қарағанда, желтоқсан айында жауған жауынның әсерінен шамамен бес сантиметрге жуық мұз қатыпты. Кейін отыз сантиметрге жуық қар түскен. Қаңтардағы соңғы жауыннан жер бетін кере қарыс мұз жапқан. Сіңіріне ілініп әзер тұрған тай-жабағы түгілі, құр ат, бесті бие, атан жілік айғыр да тебіндей алмайды.
– Қаншама жерді бауырына басып отырған егін егетін серіктестіктерге елдің өкпесі қара қазандай, – дейді Амантай Тәшенұлы. – Олар жұрттың жайын ойлап, тым болмаса сабанын тастап кетсе ғой. Біз, жылқышылар бір-бірімізбен хабарласып, жағдайымызды біліп отырамыз. Іргедегі Солтүстік Қазақстан облысының егістік алқаптарында сабан көпенелері сол қалпы тұр. Ендігі арада екі облыс бір-бірімен келісіп көмек қолын созса. Бәрібір көктем шыға ол сабан ешкімге керек болмай қалады ғой. Ал қазір тым болмаса тай-жабағы садақа деп биелерімізді аман алып қалар едік. Далаға шықсаң, малдың өлексесінен көз тұнады. Аузын үріп, сирағын сыпырған малымыздың аштықтан іші кеуіп, теңкиіп жатқанын көргенде жылағың келеді. Негізінде жылқы малы қайратты ғой, ақтық демі таусылғанша жығылмайды. Жығылды екен, тұрғызу мүмкін емес.
Оның арғы жағында сойылдай тағы бір мәселе бар. Қыраулы қыстың беті қайтып, көгеріп көктем келгенде, даладағы өлексені кім жинайды. Ит-құстың жегенінен қалғаны сасып, борсып, жұқпалы аурудың ошағына айналмас па екен. Ауданның Үлгілі ауылындағы жағдай осы болғанда, іргелес қоныстанған Құдықағаш ауылында да жағдай мәз емес. Қырық-елу түтіні бар ауылдың босағасына 400 бас жылқы біткен. Малсақ қауым жылқы қолға қараған соң қысқа қамдаған жем-шөбі таусылған соң саудагерлерге жаутаңдап отыр. 17-20 килолық шөп бумасының құны 1 800-2 000 теңге көлемінде екен. Осындай бағамен мал бағу мүмкін бе?!
– Шабындық және жайылымдық жер шаруа қожалықтарында ғана бар. Егін шаруашылығымен айналысатын серіктестіктер табалдырыққа дейін тақап жыртып тастады. Өздері мал бақпағаннан кейін мал азығын дайындамайды. Біздің ауыл мал ұстауға мүлдем қолайсыз болып барады. Іргеміздегі «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жеріне баруға болмайды. Ендігі бір амал, тозығы жеткен жайылымдарды жаңарту. Ол үшін осы жердің игілігін көріп отырған серіктестіктерді әлеуметтік жауапкершіліктерін адал атқаруға шақырып, екпе шөп егіп берсе дейсің, – дейді Құдықағаш ауылының жылқышысы Балташ Ахметов. – Бәлкім, елдің ырысы ортаймасын деген оң ниет болатын болса, жергілікті маңыздағы төтенше жағдай жариялау керек шығар. Даладағы жылқының аузына тиетіні күзде тамырына дейін қурап қалған өлі қау ғана. Қазір жылқы бозға тоқтамайды. Таяуда Жаңаталап, Кеңащы, Сәуле, Аңғал батыр, Мәдениет тәрізді ондаған ауылдың он бес мыңға таяу жылқысы Теңіздің түбіне дейін ығып барды. Мидай араласып кеткен соң тәмам жылқыны бөліп алу өте қиын болды.
Дәл осындай жағдай Жаңалық ауылында да орын алған. Жекеменшіктің жылқысын бағатын Амангелді Сүлейменовтың айтуына қарағанда, екі табын жылқының ішіндегі ұсағы тегіс қолға қараған. Мал ішінде шығын өте көп. Екі жүз килолық бір бума шөптің құны 22 мың теңгеге жеткен. Былтырғымен салыстырғанда екі есе өсті. Оның өзінде де таба алсаң.
Тоқсан түтіні бар Кеңащы ауылында төрт табын жылқы бар. Ұзын-ырғасы мың жарымға жуық, қара мал үш жүздің шамасында. Оған қойды қосыңыз. Жылқышы Абай Нұрмағамбетовтің айтуына қарағанда, мал бағуға бөлінген бес мың гектар шамасында жер бар. Бірақ қыруар мал қысы-жазы жайылым ауыстырылмай бағылғандықтан, тозығы жеткен. Оның үстіне жайылымдық жер болғанымен, шабындық жер жоқ. Мал азығын қамдай алмаған соң малсақ қауым жыл сайын шөпті сатып алуға мәжбүр. Ауылдағы ағайынның алға басқан қадамын кері кетіріп тұрған мәселе осы.
– Кейінгі жылдары әділеттілік орнығады деген үміт те болды, – дейді Абай Нұрмағамбетов.
– Кейде игерілмей жатқан қыруар жер мемлекет меншігіне қайтарылды деген хабарды естиміз. Біздің облыста да мыңдаған гектар жер кері қайтарылыпты. Сол жерлер кімге беріліп жатыр? Тағы да мықтылардың меншігіне айналып кеткен жоқ па?
Біз тілдескен ауыл тұрғындары мен жылқышылар жағдайдың дәл осылай қалыптасуына жайылымдық және шабындық жерлердің ел тілегін ескере отырып әділ бөлінбеуінде дейді. Ауыл тұрғындары жер болса бізге басқа ештеңенің қажеті жоқ, өз күнімізді өзіміз көрер едік деп отыр.
Биылғы тығырықтан шығудың жалғыз жолы – ат тұяғы жететін көрші өңірлерден талғажау етер сабан тасу. Өткен егін орағы кезінде ылғалдың көптігінен астық сапасыз болды. Дені ұнға жарамайды. Ұнға жарамаса да жемге жарайды ғой. Астығын сата алмай отырған шаруашылықтармен хабарласып, малсақ қауымға жәрдемдессе. Бәлкім, қоян жылының қиындығынан сонда аз шығынмен шығып кетер ме едік.
Ақмола облысы,
Біржан сал ауданы