• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 07 Ақпан, 2024

Елімізде жаңа өндіріс орындары ашылады

260 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысы барысында Қазақстанның экономикалық өсу межесі туралы айтты. Оған қоса елімізде жаңа өндіріс орындарын ашу мен жұмыс істеп тұрған комбинаттарды түбегейлі жаңғырту бойынша нақты тапсырма берді, деп жазады Egemen.kz. 

«Еліміздегі өндірістің дамуына тың серпін беру қажет. Баршаға түсінікті және тиімді индустрия саясатын жүргізу үшін былтыр жеке министрлік құрылды. Содан бері біраз уақыт өтті, енді жұмыстың нәтижесін көрсету керек. Министрлік саланың даму бағдарын анықтап, инвесторларға жол көрсетуі керек. Озық технологияны қолданатын жаңа өндірістер ашу қажет. Алайда, нақты шаралар мен әдіс-тәсілдер дайын емес. Өндірістің дамуына серпін беретін жобалардың тізімі бар, дегенмен, бұл жұмыс та толық аяқталмаған. Бұл өндірістер экономика құрылымын өзгертуге, еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалауға және технологиялық өсімді қамтамасыз етуге тиіс. Әзірге мұның ешқайсысы іске асқан жоқ», деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы Үкімет халықаралық қаржы институттарымен, трансұлттық корпорациялармен және отандық кәсіпкерлермен арадағы сындарлы диалогты нығайта түсуі қажет екенін айтып, жаңа өндіріс  орындарын ашу, жаңғырту мәселесіне тоқталды.

«Мемлекет болашақта еліміздің экономикалық өркендеуіне негіз болатын ауқымды әрі инновациялық жобаларды бірінші кезекте қолдауы қажет. Осы тұста, жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғыртумен қатар, еліміз үшін мүлде жаңа өндіріс орындарын ашуға баса мән беру керек. Жалпы, еліміздің болашақтағы индустриялық келбеті қандай болады, қандай кәсіпорындар маңызды рөл атқарады деген сауалдарға жауап болуға тиіс. Уақыттың талабына сай белсенді жұмыс істеу керек», деп түсіндірді Президент.

Қасым-Жомарт Кемелұлы қазіргі өндіріс орындарын түбегейлі жаңғырту мәселесі тағы бір маңызды міндет екенін айтты. Ел Президентінің айтуынша, бұл жұмысты, ең алдымен, әбден тозған металлургия комбинаттарынан бастау керек. Өйткені, ондағы жағдай өте нашар деуге болады.

«Себеп – бәрімізге белгілі. Өндірісті дамытуға және жаңғыртуға қажетті инвестиция салынбайды. Соның салдарынан дайын өнімнің қосылған құны төмендейді, сапалы жұмыс орындары азаяды», деп толықтырды Мемлекет басшысы.