• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Алматы 07 Ақпан, 2024

Аз қабатты құрылысқа қайта оралады

129 рет
көрсетілді

Мегаполистегі соңғы жаңалықтардың бірі – Алматы әкімдігі қаланың 2040 жылға дейінгі Бас жоспарына сәйкес әзірленген егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын (ЕТЖ) мақұлдады. Бас жоспарда мегаполисті дамытудың моноцентристік моделінен полицентрлікке көшу қағидасы көрсетілген, яғни қала «Шығыс қақпасы», «Тарихи орталық», «Солтүстік», «Оңтүстік-батыс», «Батыс» сынды 5 қоғамдық және іскерлік қызмет орталықтарына бөлінеді.

Мегаполисті дамытудың басты ұс­танымы – жұртқа жақын, тұрғындар жаяу бара алатын жерлерге балабақшалар, мектептер, медициналық мекемелер мен аялдамалар салу. Ең бастысы, Алматыда егжей-тегжейлі жоспарлаудың жаңа жобасында аз қабатты құрылысқа басымдық берілген.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин жаңа ЕТЖ-ның жай-жапсарын баяндай отырып: «Бүгінгі таңда біз құрылыс салумен айналысатындарға ЕТЖ-ны нақты басшылыққа алу керек­тігін ұқтырып отырмыз. Құрылыс салушы алты қабатты тұрғын үйді ЕТЖ-дағы шарттарды қаперде ұстай отырып, эскизі мақұлданғаннан кейін ғана жобаны жүзеге асырады. Естеріңізде болса, бес қабатты ғимараттың нөлдік бұрышында тоғыз қабатты ғимараттар салынса, жаңа ЕТЖ-да мұның жолын кестік және әркім «білгенін» істемеу үшін бұл аймақтарды демалыс орындарына айналдырдық. Біз қаланың өз ережесі бар екенін білдіріп отырмыз», деді.

Алматыда жан-жақты жоспарлаудың жаңа жобаларына сәйкес, базар аумақтары да көгалдандырылады. Мысалы, Алмалы ауданында Розыбакиев көшесінің бойын­дағы «Тастақ» және «Көтерме сауда» базарларын, Жетісу ауданындағы Сол­түстік айналма жолы бойындағы базар­ларды жаңғырту, сондай-ақ су қорғау белдеулерін абаттандыру мен тазар­ту көзделген. Жалпы саябақтарды, сквер­лерді, бульварларды қоса алғанда, жасыл желектер алаңын 2030 жылға дейін 3 есе ұлғайту қарастырылған.

Сонымен қатар жүрдек көлік қаң­қасын және өзара байланысты көше­лер желісін енгізу есебінен қаланың барлық аудандары бір-біріне қосылып, шаһар тұрғындары қаланың кез келген жеріне оңай бара алады.

Баспасөз брифингінде урбанист Свя­тослав Мурунов бекітілген жаңа ЕТЖ-нің тағы бір ерекшелігі орамдық құрылысқа мән беруі дей келе: «Алматының поли­орталықтарындағы жаңа құрылыс қа­ланың тарихи жоспарына сәйкес жүргізіледі. Орамдық құрылыс – бұл тұрғын үй кешендері тығыз салынған қала емес, көшелер «торы». Бұл жоспар Барселонаның Эшампле жобасындағы 133-те 133 метрлік қағидасына ұқсас 150-де 240 метрге дейінгі көше торын қамтиды. Барселона жобасының ерекшелігі, ауа айналу үшін қала кеңістігін оңтайландыруға деген талпыныс қана емес, «баршаға арналған қала» үшін жағдай жасаудан тұратын кеңістіктегі әлеуметтану идеясын жүзеге асыру. Бұл тұжырымдама қоғамдық игіліктер мен кеңістіктерге тең қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, әрбір тұрғын үшін әлеуметтік теңдік пен қалалық ор­таға қолжетімділігінің маңыздылығын көрсетеді», деді.

«Қала тұрғындары арасында жүргі­зілген сауалнама жұрттың негізінен қа­лалық өмір салтына талпынатынын көрсетті: тұрғындар үйіне жақын жерде жұмыс істегісі, мейрамхана және өзге де қызмет түрлерін басқа аудандарға бармай-ақ, өздері тұратын маңнан тапқысы келеді. Сондықтан ЕТЖ бүгінде қала құрылысы тұжырымдамасына кәсіби мамандардың ықпал ететінін құрылыс салушыға ұқтырады. Енді құрылыс салушы әкімдікпен не салғысы келетінін мұқият келісуі керек, соның арқасында бір-біріне мінгесіп қалған тұрғын үйлер салу тоқтайды», дейді сарапшы.

Қысқасы, қаланың әр ауданындағы құрылыстың орамдық торына көптеген функционалды нысан кіреді, бұл жұмыс­пен қамту мен жұмыс орындарын құру мәселесін шешуге ықпал етпек.

«Бүгінде біз адамдар мамандығы мен жұмыс орнын жылдам өзгертуге мәжбүр болатын кезеңде өмір сүріп отыр­мыз. Ал бұл қала билігінен жұмыс орын­дарының қалай құрылатынын дәл әрі нақты тұжырымдауды талап етеді. ЕТЖ-да мәдени орталықтар, үл­кен эколо­гиялық өндірістік кеңістіктер мен кеңсе ор­талықтарының құрылысы қарас­ты­рылған, соның арқасында жұмыспен қамту деңгейі 45%-дан кем болмауы мүмкін», дейді Святослав Мурунов.

Сол сияқты жаңа ЕТЖ-да инженерлік желілер үшін өту арналары қарастырылып отыр. Бұл шара жол және тротуар жабынын қопармай, көгалдарға зиян келтірмей жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді.

«ЕТЖ-да қызмет көрсетуші персонал, жөндеу материалы мен жабдықтары үшін ұзындығы 27 шақырым өту арналарын орнату көзделеді. Бұл әдіс Самал шағын аудандағы құрылыс кезінде сыналып, бірақ толық енгізілмей, аяқсыз қалған еді. Мұндай әдіспен коммуникация орнату қымбатырақ, алайда ұзақ­мерзімді келешекте айтарлықтай қаражат үнемдеуге мүмкіндік береді», деп отыр бас­қарма өкілдері.

 

АЛМАТЫ