• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Ұлттық спорт 08 Ақпан, 2024

Көшпелілер ойындарына дайындық қалай?

175 рет
көрсетілді

Әңгіменің әлқиссасы Түркиядағы IV Дүниежүзілік көшпелілер ойындарынан басталды. Екі жыл бұрын көрікті Изник шаһарының қақ төрінде, дәлірек айтсақ, 2022 жылдың 3 қазанында Түркияның Жастар және спорт министрі Мехмет Касапоглу дүбірлі доданы қорытындылап тұрып, 102 мемлекет өкілдері алдында «ендігі V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын өткізу құрметіне бауырлас қазақ жұрты ие болды», деп салтанатты түрде жариялаған еді. Ақжолтай хабар бір демде Алаш даласын аралап кетті. Со­нымен, міне, ойдағы жоспардың орындалар күні де жақындап қалды. Абыройымен қатар жауап­кершілігі де зор аламанды өткізуге дайындығымыз қалай? 4 мыңға жуық спортшымен сынға түсетін ұлттық құрамамыз қалай жасақ­талып жатыр?

Қай заманда болсын халықаралық спорт сайыстарын өткізу адамзатты достыққа, мемлекеттерді татулыққа ша­қыратын іс-шара болып есептелген. Қазір де солай. Уақытында қоғам құбылыстарын жіті бақылап, баға беріп отырған Эрнест Хемингуэй Олимпиа ойындарының маңызы жөнінде былай толғаған: «Жер-жаһан Олимпиалық ойындарсыз да күнкөріс шекпей ме? Тарих-ананың уақыт атты перзенті оған қайғыра қоймаса керек. Олай десек, Олимпиада өткізудің жеребесіне жанталаса түсіп, шары асса, ұйымдастыру ісінің қат-қабатына малтығуға неге әуес, ендеше, ірі қалалардың бас иелері? Бұған бейбітшілік елшілерінің бір-бірімен шүйіркелесер жиыны – Олимпиада әлдеқашан жауап берген. Егер жаңа ғасырда жаңа Феодосий (Олимпиада ойындарына тыйым салған Рим императоры) шыға қалса, бүкіл халықтың одан үлкен мазақ етер адамы болмас».

Рас, көшпелілер ойындарын ұйым­дастыру – еліміздің этноспорт қозғалысын әлемдік деңгейде насихаттау жолындағы ең ұтқыр жобалардың бірі. Сонымен қатар халқымыздың қонақжайлылық дәстүрі арқылы күллі түркі халықтарының рухани, мәдени тұтастығына ықпал ететін зор мүмкіндік. Осы ретте Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда көшпелілер ойындарын өткізудің мәні мен маңызына ерекше тоқталған еді. «Қазақтың тағы бір ерекшелігі – көне дәуір­ден бері келе жатқан өмір салты. Өзге елдер бізді көшпелілердің ұрпағы ретінде біледі. Бұл да – халқымыздың басты брендінің бірі. Келесі жылы менің ша­қыруыммен Қазақстанда V Дүние­жүзілік көшпелілер ойындары өтеді. Бұл қадам ұлттық спортты дамыта түсуге зор мүмкіндік береді. Сондықтан байрақты бәсекені жоғары деңгейде өткізуіміз керек», деген еді Қ.Тоқаев.

Хош, енді дайындық барысын баян­дайық. Ең алдымен, дүбірлі доданың өтетін орнына тоқталсақ. Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Бақ­дәулет Сәбитовтің айтуынша, таңдауда бірнеше қала болған.

– Әуел баста көшпелілер ойынын Алматы облысы Қонаев қаласында өткі­зуді қарастырғанбыз. Онда Қапшағай су қой­масы бар. Алатаудың табиғаты турис­терге ұнайды. Бірақ ол жерде инфра­құ­рылым жоқ. Әкімдік жол тө­сейміз, қонақүй саламыз дегенімен, дода­ның өтуіне не­бәрі жеті айдай ғана қалды. Жарысқа қажетті нысандардың құрылысы уақтылы аяқ­талатынына кепілдік жоқ. Содан кейін Шымкент қала­сын қарастырдық. Қаланың сырт жағында жаңадан са­лынған ипподром бар. Бірақ ол таудан алыстау болды. Ойласа келе, көшпелілер ойыны ұлттық спорттың Олимпиадасы болғандықтан, жа­ңа форматқа көшейік деген тоқтамға келдік. Сөйтіп таңдау Астанаға түсті, – деді Б.Сәбитов.

Бақсақ, басшының жаңа формат деп отырғаны ойынды бастан-аяқ цифрландыру жұмысы болып шықты. Олар бұл шешімге Түркия мен Қырғызстанның көшпелілер ойынын өткізудегі кемшін тұстарын ескере отырып келді. Онда цифрландыру жұмысы өз деңгейінде болмағандықтан жарыс спорттық емес, мәдени шараға көбірек ұқсап кеткен. Сондықтан Астанадағы жанкүйерлер сайыс өтетін ғимараттар мен этноқалашыққа арнайы цифрлы құжатпен ғана кіреді. Бұл – жаппай тәртіпсіздік пен құқық бұзушылықтың алдын алуға арналған тиісті шаралар. Осы арқылы ұлттық спортты Олимпиада қатарына кіргізуге бір табан жақындаймыз.

Тағы бір айта кететін жайт, халық­аралық жарысты өткізу барысында мемлекет артық шығынға жол бермеу жолдарын басты назарға алып отыр. Тиісінше, бір реттік кешендерді сала бермей, қолда бар спорт құрылымдарын іске асырады. Мәселен, жарыстың ашылу салтанаты «Астана Арена» стадионында болса, ұлттық күрес түрлерінен жарыстар Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы мен «Алау» мұз сарайында өтеді. Ал интеллектуалды ойын­дар «Думан» кешенінде ұйымдастырылады. Доданың жабылу салтанаты «Қазанат» ипподромында болады. Қа­зіргі уақытта бұл ипподромда күрделі реконструкция жүріп жатыр. «Астана Арена» стадионы мен «Алау» мұз сарайы да жөндеу жұмыстарын бастап кетті. Мамандардың айтуынша, қайта жаңарту жұмыстарынан кейін «Қазанат» ипподромы бір уақытта 10 мың көрерменді қабылдай алады.

Ендігі кезекте спортшыларымызға тоқталайық. Ұлттық құрама 2023 жылғы ресми жарыстардың нәтижесі бойынша жасақталды. Қазір олар оқу-жаттығу жұмыстарын бастап кетті. Тәжірибе алмасу мақсатында дайындықтың екінші кезеңін спортшыларымыз шетелде жалғастырады.

– Біздің спорт қай мемлекетте жақсы дамыған болса, спортшыларымыз­ды сонда жібергелі жатырмыз. Мысалы, садақ­шыларымыз – Малайзияға, балуан­да­рымыз – Гүржістанға, ал көкпар­шы­ларымыз Қыр­ғызстанға барады, – деп түсіндірді Б.Сәбитов.

Осы орайда мына нәрсені білгіміз келді. Хош, Малайзия мен Гүржістаннан үйренеріміз бар шығар. Алайда көкпар ойынынан өмір салты бір, тарихы тамырлас қырғыз ағайындар қалай алға шығып отыр? Мәселенің мәнісін ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы Ақыл­бай Манкеевтен сұрап көрдік.

– Қырғыз көкпарының дамыған себебі мынада: олар көкпарды күллі спорттың төбесіне көтерген. Перзентінен бастап Президентіне дейін көкпарға ықылас танытады. Бұл мемлекет идеологиясының жемісі деп білемін. Ал біздегі көкпарға лайықты көзқарас әлі қалыптаспаған. Қарапайым мысал келтірейін, бапкерлер жиналыстарында олимпиалық ойындар ғана елеп ескеріледі. Көкпарды ешкім сұрамайды. «Кеме келсе, қайық судан шығады» дегендей, қайықтай қалтылдап тұрған көкпарға назар аудармаса болмайды. Тағы айтарым – жарнама мәселесі. «Өтті» деген мөр үшін елеусіз, ескерусіз, турасын айтқанда, жанкүйерсіз өтіп жатқан көкпарлар көп-ақ. Бір сөзбен айт­қанда, чемпионатты атасының асындай өткізе салатын ұйымдастырушыларға жіті тексеріс керек.

Бас бапкердің базынасы мұнымен аяқталмайды. Оның айтуынша, өңір басшылары тез арада нәтижеге қол жеткізу үшін өз шабандоздарын дайындаудың орнына жаппай легионерлерді сатып алып жатқан көрінеді. Соның кесірінен өсіп келе жатқан өз өңірінің спортшылары додадан шет қалып қояды. «Мықты көкпар мектебін қалыптастыру үшін кемінде 10-15 жыл күтіп, еңбек ету керек», дейді ол.

Жә, көшпелілер ойындарына қайта ора­лайық. Астанадағы аламан ел үшін ғана емес, додаға түскен ер үшін де пайдалы болмақ. Бұрынғы көшпелілер ойындарында чемпион деген ат қана болмаса, спортшылар жала­қысына бірде-бір үстемақы төлен­беген. Ұлттық спорт орталығының баспа­сөз хатшысы Қайырхан Мәуленнің мәлімдеуінше, биылғы көшпелілер ойындарында осы мәселе толық шешілді. Жеңім­паздарымызға халықаралық дәрежедегі спорт шебері, елімізге еңбегі сіңген жаттық­тырушы атағы берілетін болды. Негізгі жалақыға пайыз қосылады. Бұл жа­ңалықты естіп көңіліміз сүйінді, күмә­німіз сейілді.