Биыл қыста еліктер Павлодар қаласын жиі жағалап жүр. Өзен маңайындағы жайылмаларды мекендейтін жануарлар кейбір сәтте қала көшелерін кезіп, азық іздейтінге ұқсайды.
Ертіс өзенінің жайылмасында бүгінде шамамен 1 360 елік бар деп есептеледі. Мемлекеттік табиғи қаумалда аңшылық жасауға тыйым салынған. Орманды жерлердің көбінде қар соншалықты қалың емес. Еліктердің тебіндеп жайылуына мүмкіндік мол. Дейтұрғанмен тұрғындар жануарлардың шаһарды жиі үйірсектей бастағанын түсіне алмай дал.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаевтың сөзінше, «Ертіс жағалауы» табиғи қаумалы 2017 жылдан бастап мемлекеттік мәртебеге ие болғалы бұл жерлерде жабайы жануарлардың саны еселеп өсіп келеді. Аңшылыққа тыйым салынғаны себепті еліктер, өзге де түз тағылары еркінсіп, қалаға жиі келгіштейді.
– Еліктер көбіне өзен бойындағы тоғайлар арасын мекендейді. Ашық алаңқайларда, ойпаң жерлерде қар қалың түсіп, тебіндеуіне кедергі келтіріп жатуы ғажап емес. Қалаға азық іздеп келіп жүрген болуы керек. Жалпы, бұл жағдай былтырдан бері байқалып отыр. Бұған қоса жайылмадағы қаумалға ерекше мәртебе беріліп, аңшылықтың кез келген түріне тыйым салынғалы жануарлар адамдар тұратын елді мекендерге қарай жақындай бастағаны байқалады. Қазіргі күні жайылма маңайында 1 360 елік бар деп есептеледі. Ал облыс бойынша былтыр күзде біздің орманшылар 4 225 елікті санады, – дейді инспекция басшысы.
Жергілікті орманшылар еліктер көп жүретін алаңқайларда 78 оттық жасап, әр он күн сайын ол жерлерге жануарлар жейтін азық апарып салады. Оттықтар көбіне жануарлардың іздеріне қарай құрылады. Орманшылар биыл жайылмадағы сүтқоректілер үшін 3 тонна шөп, 500 бұтақты бума және 14 кг тұз дайындаған. Қорықшылар бұған қоса мыңдаған шаршы метр жердің қарын аршып, еліктердің оттықтарға кедергісіз жетуіне мүмкіндік те жасап қойыпты.
Жайылманы еліктен өзге ақбөкен, жабайы шошқа, орман сусары, жанат тәрізді ит және бұлан мекендейді.
Павлодар облысы