Адамзат өркениеті ежелгі Грек-Рим мәдениетінен күш алып, орта ғасырда ілгері тұғырға қол жеткізді. Бірақ діни ахуалдар, үстем тап пен төменгі тап тартысы, Еуропадағы шіркеулердің қасаң түсінігі ғылым мен мәдениетті ойсыратып бақты. Іле жаңа ғасыр шуағы таралып, түрлі ойшыл ықпалымен тұңғиық түсініктердің тоңы жібіді, азат сана мен адамның жеке құқығы алға шықты. Әдеби шығармалар қаулап өсіп, еркін ой құсы көкті шарлады. Ендеше, «пейіш пен тозақ айтысы» дегендей, орта ғасыр мен жаңа ғасыр тартысына назар салалық.
Жаңа ғасыр: Әрбір ескілік өзімен бірге ескілік туғызады. Және олар ақымақ адамша өзінің қай сатыда екенін ешқашан білмейді. Сондықтан да ол әлдеқашан қолданыстан шыққан терминдер мен жауыр болған түсініктерін санаға күштеп таңуға құмар. Мәселен, сіз өзіңізді орта ғасырмын дейсіз, «барлық құндылықтардың бастауы менде жатыр» дегіңіз келеді. Орта ғасыр әдебиеті адамзат үшін не жасады? Адамзатқа нені үйретті? Бәлкім, Шекспирді көлденең тартатын боларсыз. Әлбетте, Шекспир рухының біршама кезеңді шытырман сұсымен әлдилегені рас. Бірақ оның өз торына өзі қамалып, көпсөзділікке ұрынған, түбірі суицидке бастайтын тұнжыр философиясын жаңа ғасыр қошеметпен қарсы алады деп ойлайсыз ба?
Орта ғасыр: Орта ғасыр әдебиеті дегенде жөн-жосықсыз Шекспирді суыртпақтай жөнелгеніңізге жол болсын! Орта ғасыр бұл – Данте, бұл – Петрарка! Бұл – Дуфу мен Ли Бай, Хафиз бен Хаям! Бұл – ғылымдардың басы болған Ибн Сина, Әбу Абдолла Әл-Хорезми, Бируни! Бұл – әрқайсысының бейіті бүгінде күмбезге айналған әулиелер мен қасиетті дәруіштер шоғыры. Парсы саздары мен Тұран әдебиетінің екпінін қайда қоймақсыз? Кез келген дүниенің соңы мен төмен ағысы емес, бастау бұлағы құнды. Ал жаңа ғасырдың бастау бұлағы орта ғасыр екені талассыз ақиқат.
Жаңа ғасыр: Әр қоғамда, әр кеңістікте жаңа бұйым келгенде оған ескі бұйым орын беріп, төрге шығарады. Мәселен, 100 вольттық жарық шам пайда болған соң, ескіше шақпақ таспен от жағып, өлімші алауына телміріп отыру ақымақтық саналар еді.
Орта ғасыр: Шамды ойлап тапқан Эдисонның не дегенін білесіз бе? Эдисон: «Мен электр тоғын Мұхиддин ибн Арабидың «Футух атул-Мәккия» кітабынан таптым», деп ағынан жарылған. Міне, ол осы сөзімен-ақ орта ғасырға бас иіп тұр. Ал даңқты Гетенің көзіқарақты оқырман жақсы білетін «Шығыста жеті ғаламат ақын бар, солардың ең осалы менен мықты», деген пікірін қайда қоймақсыз? Габриэль Гарсиа Маркестің «Мені жазушы болуға итермелеген «Мың бір түн» еді» дейтін сөзін білесіз бе? Мәселен, Пер Беранже, Иван Крыловтар үлгі алған грек ойшылы Эзоптың тамыры көне үнділік «Кәлилә мен Димнәдан» шыққанын неге мойындағыңыз келмейді? Португалдық жазушы Жозе Сарамагоның Нобель сыйлығын алған «Соқырлық» атты шығармасы Түркінің «Жұмжұма» дастанында әлдеқашан жырмен кестеленіп қойғанын білсеңіз етті. Сіздер өздеріңізге жаңа ғасыр деп ат қойып, біздегі қордаланған бай құнарды түрлі формаға салып, біршама күрделендіріп, тонын айналдырғаннан өңге не жаңалық алып келдіңіздер? Сондықтан да жаңағасырлық туындылардың көбі ішкілік үстіндегі достықтай құнсыз тартады. Гамлеттегі Полоний не деуші еді? «Сіз өзіңіз сөздің өңін аудара қоюға керемет машықтанып алыпсыз!»
Жаңа ғасыр: Дүниеде қанша адам бар болса, олардың ішкі сезінуі де бір-біріне ұқсамақ емес. Сіз орта ғасырда дидактикамен ағаштың сыртқы қабығын жырласаңыз, жаңа ғасыр оның ішкі қабаттарын, түбірін, көзге көрінбес сырларын сезіне біледі. Оны сіздерше құрғақ сөзбен емес, символистік, сюрреалистік образдармен өрнектеді. Екіншіден, «адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді» дейді. Ал әдебиетте тұлғаның шын тұлғасы өзінің шығармашылық жолын, миссиясын қалай аяқтай алғанымен білінеді. Егер тұлға таудың шыңына жетсе, оған көп септігін тигізген тау ортасындағы сатылы тастар емес, ең бірінші өзі! Ол өзін әлгі тастарға қарыздар сезініп, төменге именшектей берсе, шыңға ешқашан жете алмас еді. Жә, орта ғасыр түбіріміз делік, бірақ ол өзінің қартайып, әлдеқашан әлжуазданғанын мойындаса керек-ті. Сіздер католиктік шіркеудің ой-танымынан аса алмаған қайта құруға дейінгі Еуропа әдебиетінің, оның еңбек өлеңдері мен әдет-ғұрыпқа негізделген діни гимндерін, Тәурат парафразалары тұнған клерикалық әдебиетін қалайша ақтап алмақсыздар? Және феодалдық қатынастардың пайда болуынан, өркендеген феодализмнің сарқыншақтарынан құралған прозаларын алға тартқыңыз келеді. Құр көкірек кере бергенше, өздеріңізді ұйықтан алып шыққан ежелгі Грек-Рим өркениеті мен ертерек ояна білген Француз ағартушылығына салауат айтқандарыңыз жөн болар.
Орта ғасыр: Егер бүкіл адамзат баласын жаңа штат бойынша қайта құру жайлы сөз болса, алдымен сізден бастар едім! Жаңа ғасыр Петрарканың демінен, Франсуа Вийон мен Данте, Мильтон, Хафиз, Румидің шылауынан биікке қол соза алған жоқ. Керісінше, әлі күнге солардың әсерінен шыға алмай келеді. «Дүниеде жаңадан пайда болған ештеңе жоқ». Бәрі ескі. Сондықтан оны алғаш құрғандар мәңгілік ұлы болып қала береді.
Жаңа ғасыр: Сірә, сізбен сөз жарыстырудың керегі шамалы секілді, бірақ біліп қойыңыз: жаратылыс есіктері адам шашынан он есе, тіпті жүз есе көп. Қоғам олардың жартысын да ашып біткен жоқ. Сондықтан ғылым, өнер, мәдениет кеңістігі жыл сайын жаңара бермек. Тіпті сағат сайын әрбір зат өзгеше атау алып, табиғат тұтастығы да өзгеше түрге енбек. Еркіндіктің өзі азапқа айналған қоғам мен үстемдік жүргізгенді құдіретті санайтын тобырлық комплекстің де жойылатын мезгілі келеді. Адамзат баласының жеті қат жер астына дейін сіңген көз жасы раушан кейпінде қайта өнетін дәуір алыс емес. Тұла бойына көнбістік пен құмырсқа мінез дарыған кейбір иілгіш ағаштар оталар, орнына күнсүйгіш бұталар бүр жарар. Оһ, сонда жайдың оғы жазықсызға емес, жауызға түсер. Ұрпақтың сана диірмені тек жаңаша, тек жаңаша айналар!
Орта ғасыр: Әр адамның өмірбаяны болатыны секілді әр халықтың, әр әдебиеттің өз өмірбаяны болады десек, бір халықтың санасы екінші сатыға көтерілу үшін, кемінде, үш ұрпақ алмасуы қажет. Тіпті мұның өзі күмән туғызады.
Жаңа ғасыр: Ол сол дәуірдің, халықтың тегіне, мыңжылдық кодына байланысты болса керек.
Орта ғасыр: Мүмкін.
Жаңа ғасыр: Біз, жаңа ғасыр, өзімізге дейінгі қалыптасқан қасаң түсініктерді бұзушы ұрпақпыз. Жаны азапталған Фауст: «Апыр-ай, ғылым – шексіз, өмір – шекті, биіктен бір мұнара көрінсе етті!» деуші еді. Алыс жағалаудан маягі жалт-жұлт еткен бір мұнара көремін. Ол – жаңа сөз, жаңа ой, жаңа ұғым мұнарасы.