• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Алматы 16 Ақпан, 2024

Алматының сейсмикалық иммунитеті қандай?

399 рет
көрсетілді

Алатаудың баурайында етек-жеңін жиып қана жатқан Алматы шаһары кейінгі күндері тынши алмай, ауық-ауық күрсініп қояды. Жуырдағы жер тербелісін қала тұрғындары анық сезді. Сейсмолог-ғалымдар кейінгі елу жылда жер сілкінісі мегаполиске тым жақын жерде алғаш рет болғанын айтып жатыр.

Сын-қатерлер себебі

Төтенше жағдайлар де­партаменті 23–26 қаңтар аралығында Қазақстанда 1,8 мыңнан астам жер сілкінісі тір­келгенін, оның 11-і Алматыда өтіп, магнитудасы 2 балл болғанын хабар- лады.

«Сейсмологтер сілкіністің әсе­рі әлі күнге дейін жалғасып жатқанын ай­тып жатыр. Оның қашанға дейін созылатынын болжау қиын. Жер сілкіні­сінің ошағы орналасқан аймақтың сейс­микалық деңгейі, жер қыртысының геоло­гиялық құрылымы, тектоникалық ерекшеліктері және басқа да параметр­лер себеп болуы мүмкін», деп түсіндірді Алматы қалалық ТЖД.

Әзірге дүйім жұртты дүрліктірген сілкініс сейсмологтер үшін де жұмбақ. Ғалымдар жер дүмпуі білінген ауданның аз зерттелгенін және нақты болжам жа­сау­дың қиын­дығын айтып отыр. Бел­сен­ділік азайып, афтершоктардың беті қайтты. Сілкіністердің тереңдігі жер­дің үстіне көтерілген сайын оның әсері де әлсірей бастайды екен. Демек Алма­ты­мыздың ауық-ауық күрсініп, бір сілкініп қалу себебі де осында жатса керек.

Ақпарат көздерінен 12 балдық жер сілкінісі бізге жақындап қалды деген деректі де көзіміз шалды. Ал ға­лым­дар 12 балдық жер тербелісі әлемде бол­мағанын, бірақ ықти­малды­лығы бар екенін айтады. Ал 11 балдық жер сілкінісі есте жоқ заманда Қытайда болған деседі. Ғылыми дәйектемелерде жердің бедерін өзгертіп, өзен мен мұхит­тарды теріс ағызып жіберетін көрсеткіш осы екені айтылады.

Сейсмикалық белсенді аймақта тұр­­ған­дықтан, кез келген уақытта қан­дай да бір күштегі жер сілкіністері бо­­луы мүмкін екенін бәріміз білеміз. Рес­­пуб­ликалық сейсмологиялық желі стан­сала­рының көбі елдің оңтүстігі мен оң­түс­тік-шығысында орналасқан. Алма­ты қаласына келсек, бар болғаны 11 ке­­­шенді станса және 6 күшті қозғалыс бе­кеті бар. Олардың технологиялық деңгейі, сейсмикалық тербелістерді оқу мүмкіндігі – тақырыбы бөлек әңгіме. Ал сейсмикалық сегментте жұмыс істеп жатқан ғалымдарға кем дегенде екі есе көп станса қажет.

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев өткен жылдың шілде айында 2023 жылдың екінші жартысынан бастап ғимараттардың сейсмикалық төзімділігін тексере бастайтынын, 2017–2018 жылдары жүргізілген сейсмикалық аудиттің қорытындысында қаланы 27 тек­­тоникалық жарықшақ кесіп өтетіні анықталғанын айтқан еді. 2023 жылдың қараша айында Алматының таулы аймақтарындағы заңсыз құрылыстарға бақылау күшейтіліп, бұзылып салынып жатқан 52 нысанды анықтады.

Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің сайтындағы Алматы қаласының қауіпсіздік құжатында мега­полистегі ғимараттардың құрылы­сы­на жауапты болу көрсетілген. Алма­ты аума­­ғындағы топырақ қабаты біркел­кі еместігі, жер бедері мен жерасты суларының деңгейі де әртүрлі екені, шығыс бөлі­гін­де топырақ шөкпе және жеңіл сұйы­тыл­ған сазды болып келетіні айтыл­ған. Ал қаланың солтүстік бөлігін­де, Райымбек даңғылынан төмен топы­рақ­тың түрі саздақ, құмды саз және құмды. Мамандар бұл факторлар алма­ты­лық­тар үшін қолайлы емес екенін, жерас­ты суы үстіңгі бетке жақын бол­ған­­­дық­­­тан, зілзаланың қарқыны 9–10 бал­ға жетуі мүмкін екенін талай­дан бері ай­тып келеді. Осы себептерге бай­ланыс­ты 80-жылдардан бастап Райым­бек даң­ғылынан төмен аймақтар­да темір­бетон беларқалықтары бар стандартты екі және үшқабатты үйлер салыныпты.

 

Мәжілісте жария етілген мәселе

Мәжілісмен Бақытжан Базарбек тектоникалық белдеу бойындағы аймақ­тарда, сондай-ақ сел және көшкін ай­мақтарында жер телімдерін беруге заңмен тыйым салуды енгізіпті. Сондай-ақ мәслихат пен әкімдікке қала аумағын дамыту қағидаларын әзір­леу және бекіту бойынша қосымша құзы­рет түріндегі ерекше мәртебе беріл­сін деген талап та депутаттың наза­ры­нан тыс қалмаған. «Жобалық-смета­лық құ­жаттаманы мемлекеттік сараптау және нысанды пайдалануға беру ке­зеңін­де қайталама сейсмикалық аудит шең­берін­де салынған ғимараттың мін­детті сейс­микалық ауди­тін жүргізу тәжі­ри­бесін енгізу», керек дейді Бақыт­жан Базарбек.

Алматыдағы жер қыртысының тербе­лісі әртүрлі амплитудамен бірнеше рет қайталанды. 23–27 қаңтар аралығында 22 афтер сілкініс сезілген. Бұл Алматыда және басқа да аса қауіпті аймақтарда сейсмикалық қауіпсіздік саласында қатаң және іргелі стандарттарды енгізу­дің маңыздылығын көрсетеді.

Осы саланың маманы Алтай Байшо­лақовтың айтуынша, жер сілкінісінен кейінгі дүмпулер немесе афтер сілкіністер жер қыртысындағы сейсмикалық энер­гия­ны шығару үдерісінің маңызды бөлігі екен. Маман айтып өткендей, бұл үдеріс жер сілкінісінен кейін бірнеше күн немесе кейде жылдар бойы жалғасуы мүмкін. Технологияның дамуы афтер сілкіністі бақылауға және зерттеуге мүмкіндік беріп отыр.

Таяуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласында сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері жөнінде кеңесте Алматыда болған тө­тен­ше жағдай кезінде тиісті органдар шұғыл әрекет етуге толық дайын бол­­мағанын, қала тұрғындары не іс­те­­рін білмей, абдырап қалғанын, бұл жиын­ның басты мақсаты – сын айту емес, нақты шешім қабылдау еке­нін еске салды. «Мысалы, жұрттың көпшілігінде «төтенше жағдайға қажетті шамадан» да жоқ болып шықты. Тиісті оқу-үйрету шаралары мектептен, тіпті балабақшадан басталуы керек. Бұрын Алматыда осын­дай тәжірибе болған. Соны қайта жаң­ғырту қажет. Себебі қазір азаматтарды төтенше жағдайға даярлау жүйесі талапқа сай емес. Құзырлы органдар халыққа жан-жақты түсіндіру жұмысын жүргізуге тиіс. Оқу орындарында, мем­ле­кеттік мекемелерде тұрақты жаттығу өткізіп тұру қажет. Бұл – өте маңызды. Осы жұмысты дереу қолға алу керек», деді Мемлекет басшысы. Қысқамерзімді сейсмикалық болжамдар жасаудың қиын екені бұрыннан айтылатын. АҚШ, Жапония сияқты державалар қысқа­мерзімді болжамдардан баяғыда бас тартқан. Себебі оған қатысты барлық үдерістің жылдамдығы туралы әлі тоқтамды пікір жоқ, оның қандай жыл­дам­дықпен өтетіні туралы ғылымда нақты дәйектеме айтылмайды. Сол себеп­ті ғалымдар өз міндеттерін «қара жәшік» тәсілімен орындап, жанама белгіл­ер бойынша долбар жасауға тура келе­ді екен. Жер сілкінісіне қатысты мәсе­леде статистиканың өзі әлсіз, себе­бі оның ешқайсысы бір-біріне ұқсамайды.

 

Ояу жатқан тектоникалық белдеулер

Алматы сейсмикалық жағынан 10 бал­дық жер сілкінісі болуы мүмкін деп болжанған әлемдегі жалғыз қала екенін ғалымдар әу бастан айтып келеді. Қала орналасқан қазандық шөгінді тау жыныстарына толтырылған. Кіші Алматы, Үлкен Алматы өзендерінің ағысымен келген уақ шөгінді тастардың қалыңдығы 3 км-ден асып кеткен. Текто­никалық белдеулердің үстінен ғимарат­тар салынып кеткен. Ғалымдар зерттеу жұмыстарына нақ осы фактордың кедергі келтіріп отырғанын айтудан жа­лық­қан емес. Сондай-ақ олар Алматы маңындағы ақаулар ғимараттармен жа­был­ғандықтан, зерттеу өте қиын екенін талай уақыттан бері қозғап келеді. Бізге белгілі тектоникалық белдеулердің басым көпшілігі әлі күнге дейін ояу жатыр.

Сейсмолог-ғалым Мұхтар Хайдаров «Информбюро» порталына берген сұхбатында сейсмикалық белсенділіктің жоғарылаған аймағында тұрамыз, әсіресе Еуразияның қауіпті аймағында қоныс тепкенімізді тілге тиек етіпті. Біздің аймақтың сейсмикалық қауіптілігін тек Жапониямен ғана салыстыруға болатын көрінеді. Алматының сейсмикалық иммунитетінің жыл өткен сайын әлсі­реуіне ішкі және сыртқы факторлар да әсер етеді екен. Ал «ҚазҚСҒЗИ» АҚ бас директоры Бегман Құлбаев журналистермен кездескен кезде бүкіл ғимаратты сейсмикалық күшей­ту бойынша кешенді күрделі жұмыс­тарға 80–90 млн теңге қажет екенін, бұл сомаға үйдің іргетасын, кіребе­рістерді, шатырды, ішкі едендерді, жүк көтергіш қалқаларды, соның ішінде пәтерлерді нығайту құны кіретінін, бір іргетастың сейсмикалық күшейту құны шамамен 5–6 млн теңге айналасында шығатындығын айтыпты.

Біз осы ретте геофизика ғылымдары­ның докторы, сейсмо­логия­ профессоры Әлқуат Нұрмағамбетовке хабарласып, мына келесідей мәселелерді талқыладық. Оның айтуынша, жел сілкінісі – адам факторына қатыссыз табиғи үдеріс. Жер-ана демалады, тыныс алады, күрсінеді. Оның сыртқы әсерін адамзат техногендік апат немесе жер сілкінісі деп қабылдайды.

«1983 жылы 10–15 жыл бойы жүргізіл­ген ғылыми-тәжірибелік зерттеулердің нәтижесінде Алматы қаласы табанынан бірнеше тектоникалық жарылымдарды анықтап, оларды картаға түсірдік. Біз картадағы кейбір ақауларды кейінірек нақтылау үшін нүктелі сызықтармен белгіледік. Жоғарыда айтылғандай, бұл жарылымдардың белсенді емес екен­ін, яғни оларда әлсіз және микро­дүмпулер ошақтары жоқ екенін атап өткен жөн. Бұл жарылымдардың әсері Верный (1887) және Кемін (1911) зілзала апаттары кезінде анық білініп, олар жер бетінде байқалған және де құрылысқа ауқымды әсер етті. Сондықтан бұл аймаққа ғимараттар мен құрылыстарды салуға қатаң тыйым салынуы керек. Бұл жолақ құрылыстан таза болуы керек», дейді профессор.

Айта кететін жайт, Алматы қаласы орналасқан жердің топырағы (грунты) жалпы айтқанда, үш түрге бөлі­неді: жақсы, нашар және өте нашар. Жақсы мен өте нашар грунттардағы тербелістер 1,5 балға дейін өзгереді. Міне, сондықтан да қалада жер сілкінісі күшін анықтағанда 4–5 балл деп орташа ұғымда айтылады.

Профессор жер сілкінісінің жер бетіндегі жойқын зардаптары бірнеше фактормен байланысты болатынын да қаперге салып өтті. Әрбір табиғи құбылыстың өзіндік өлшемі бар. Жер сілкінісінің қуаты «магнитуда» және «бал» деген өлшемдермен анықталады. Магнитуда – ғылыми термин, ол жер сілкінісі ошағынан бөлінген энергия мөлшерін сипаттайды, ал балл сіл­­кіністің жер бетіндегі әсерін си­пат­тай­ды. Әрбір жер сілкінісінің бір маг­­нитудасы болады және әр жерде әртүрлі балмен анықталатын күші болады. «Ал зілзала апатын осы күнге дейін неге алдын ала болжауға болмайды деген сұраққа мен былай жауап берер едім. Бұл – өте күрделі мәселе. Өйткені жер сілкінісі ошағы көзден тыс, жер қойнауында, яғни ондаған мың шақырым тереңдікте орналасқан. Сол ошақ аумағында қандай физикалық және химиялық үдеріс жүріп жатқанын біз білмейміз. Жер бетіне арнаулы аспаптар қондырып, тек солардың көрсеткіштерін ғана талдаймыз, Ол көрсет­кіштер сол жер қойнауындағы үдеріс­терді дұрыс сипаттай ма, ол да нақ­­ты белгісіз нәрсе. Бұл – біріншіден. Екін­шіден, жер қойнауының құрылысын, құра­мын және құрылымын әлі де нақты білмейміз, тек теориялық-тәжірибелік ізденістердің көмегімен жалпылама ғана деректер бар», дейді профессор.

Осыдан 100 жыл бұрын ғарышқа ұшу қиял-ғажайып болып көрінген. Бүгінгі таңда осы саладағы ғылым мен тех­никаның даму деңгейі қалталы аза­мат­тардың бәріне ғарышқа саяхаттап келуге мүмкіндік беріп тұр. Ал жер қойнауына бүгінде кеме түгіл, қа­ра­пайым дрон да жібере алмайсың. Сейсмология саласында іргелі және қолданбалы ғылым салаларының дамыту – өте маңызды. Мақсат – жаңағы айтылған екі мәселені жан-жақты зерттеу. Алдағы жылдары осы бағытта ғы­лым мен тәжірибелік зерттеулерді қар­қын­ды жүргізу қажеттігін айтады. «ТЖМ – табиғи және техногендік сипат­тағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, және т.б. сала­лардағы басшылықты жүзеге асыратын мекеме», дейді профессор.

Кеңес одағы тәжірибесіне сүйенсек (мұндай жағдайлар кездесетін), сейсмоло­гияның ғылыми-зерттеу бөлігін, яғни инс­титутты Ғылым академиясы құрамына, ал өндірістік бөлімін, яғни экспедиция­ны ТЖ министрлігіне беріп, араларын арнайы келісімшарттармен байланыс­тырса, бұл менің ойымша, дұрыс ше­шім болар еді. Қазіргі жағдайдың, өзі де ақсап тұрған ғылыми зерттеулер ТЖ министрлігіне өткеннен кейін, ті­пті жойылады. Ғылыми зерттеу жұмыс­тарынсыз сейсмологияның алға басуы мүмкін емес. Профессордың айтуынша, Мемлекет басшысының көңіл аударған мәселелерінің бірі – қалада «жер сілкінісін ерте ескерту жүйесінің» дер кезінде жұмыс істемегені. «Жер сілкінісін алдын ала болжау емес, ерте ескерту жүйесі сейсмикалық және ды­быстық толқындардың таралу жыл­дам­дықтарының ерекшелігіне негіз­дел­ген. Оның негізін ықтималды жер сілкінісі ошақтары аумағында орна­­тыл­ған сейсмикалық тербеліс датчик­тері (сейсмоқабылдағыштар) құрай­ды. Осы сейсмодатчиктер жүйесі сілкі­ніс ошағынан таралған алғашқы сейсми­калық толқынды тіркеп, тез арада оған сараптама жасап (толқын жер сілкінісі ошағынан тарады ма, әлде басқа тербеліс көзінен бе), автоматты түрде қосымша радиосигнал тарататын қондырғыны іске қосып, қаладағы төтенше жағдайлар департаментінде орналасқан Орталық серверге жібереді. Одан әрі алдын ала бекітілген схема бойынша радиосигнал объектілерге таралып, оларды электр жүйесінен айырады және т.б. Алғашқы сейсмикалық қума толқынның таралу жылдамдығы шамамен 6 км/сек, ал дыбыс толқынының таралу жылдамдығы 300000 км/сек яғни сілкініс ошағынан таралған радиосигнал Орталық серверге сол мезетте жетеді, Егер сілкініс эпицентрі Алматы қаласынан 60 км қашықтықта орналасты десек, онда сейсмикалық толқын қалаға шамамен 10 секунд уақытта жетеді, ал Орталық сервер сілкініс жайлы сол мезетте біледі. Сонымен, 10 секунд арасында қаладағы аса жауапты объектілер жүйеден ажыратылып, тұрғындарға сақтану шараларын қолдануға мүмкіндік туады. Бұл жерде бүкіл жүйенің әрбір бөлігінің сенімді жұмыс істеуі аса маңызды», деп сөзін түйіндеді профессор.

P.S. Осы мақаланы жазу барысында Алматыда сейсмокүшейткіш орнататын компаниялардың қызметіне сұраныстың өскенін байқадық. Апта басында әр шаршыға көрсеткен қызмет ақысы 100–150 мың теңгеге дейін өсіп кетіпті. Ал қаланың таулы аймағындағы коттедж үйлерге көрсететін қызмет түрі бұл сомадан бірнеше есе жоғары.

Қалада тұрғын үй кешендерінің кем дегенде 70 пайызы әлеуметтік бағдарламалар бойынша салынған. Олардың сейсмикалық қауіпсіздігіне кім кепілдік береді?

 

АЛМАТЫ