Күн тәртібіндегі келелі мәселенің бірі әрі бірегейі – гектар берекесін арттыру. Ауыл шаруашылығына мемлекеттік қолдау ретінде жыл сайын қыруар қаражат бөлінгенімен, өнім көлемі артпай тұр, қайтарымы көңіл көншітерлік емес. Егіннен есесі кеткен елдің мал шаруашылығын өркендету өрісі де кеміді.
Ырыздық үйлестіре білсең ғана молаяды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында ауыл шаруашылығының ахуалы туралы айтқан сөзінде: «Бір гектар жерден 10 центнер өнім алу – еліміз үшін мақтанатын көрсеткіш емес. Демек Қазақстандағы кәсіпорындарда сапалы тыңайтқыштар өндірілгенімен, агрохимия саласында мүлде жұмыс істелмейді», деген болатын. Тыңайтқыштың тақсіретін тартқандықтан, астықты өңір санатындағы біздің өлкеде гектар берекесі жылдан-жылға кеміп келеді.
Жер жүдеп, берерінің берекесі кетіп тұрғаны әмбеге аян. Мамандардың ұзақ жылғы ұтымды тәжірибесін жан-жақты талдап, мәселенің мәнісіне тереңірек үңілетін болсақ, бұл орайдағы олқылық алдымен тыңайтқышқа байланысты. Егістік алқаптарының көлемі көп болғанымен, өнім аз. Алысқа бармай-ақ қуаңшылық жылдарының өзінде тәп-тәуір өнім алуға қол жеткізіп отырған Ресейдің егіншілік мәдениеті бізден көш ілгері. Талдап көрелік. Ресей егіншілері егістік алқаптарын тыңайтуға айрықша мән береді. Біздің егіс алқаптарының әр гектарына 2,5 келі тыңайтқыш сіңірілсе, Ресейде бұл көрсеткіш 48 келіге жуық. Яғни он есе артық. Еуропа елдерінде әр гектарға – 130, Америка Құрама Штаттарында 170 келі тыңайтқыш пайдаланылады. Есесіне, олардың өнімі әлдеқайда жоғары.
– Ал біз қыруар жерді жыртып, қаншама техниканы пайдаланып, мемлекет тарапынан субсидия есебінде миллиардтаған теңге қаражат құйып отырсақ та, гектар берекесін арттыра алмай келе жатырмыз, – дейді биология ғылымдарының докторы, профессор, академик Әбілжан Құсайынов. – Табиғатта қайтарым заңы дейтін түсінік бар. Қарапайым тілмен айтатын болсақ, табиғаттан алғаныңды еселей қайтармасаң, жомарттығын көре алмайсың. Кәдімгі «Сиырдың сүті тілінде» дегендей, жерден алғаныңды уақтылы қайтарып беріп, күтпесең, қамбаңның құты қашатыны белгілі.
Оқырманға түсінікті болуы үшін сәл ғана таратып айта кетелік. Топырақтың құнары жер бетіне дән болып шығып, өз бойындағы қуаты әр жыл сайын азая бермек. Демек оны үстемелеп қоректендіріп отыру қажет. Кәдімгі қазақтың «алаған қолым береген» дегені тәрізді. Осы орайда бір гектарға себілетін 2,5 келі тыңайтқыш, әрине, аздық етеді.
Көң тасуға да көмек керек
Жомарт жердің пейілінің тарылуы тың игеру тұсынан басталған. Тусырап жатқан ен дала соқаның тісімен айғыздала жыртылды. Солтүстік өңірдің жазы желкем болып келеді. Жел суырған топырақ құрамындағы құнар уақыт өткен сайын азая бастады. Кейін кеңес үкіметі жерді эрозиядан қорғауға назар аударды. Шортандыдағы әйгілі А.И.Бараев институтының ашылуы да осы кез. Осылайша, топырақты қорғау жүйесі құрылды. Елімізде 12 миллионға жуық қара топырақты егістік алқап болса, құнарлылық 23-25 пайызға төмендеген. Қоңыр топырақты алқаптардағы құнарлылық 33-35 пайызға дейін азайған. Ендігі амал – органикалық тыңайтқыштарды қолдану. Бір түсініксіз жері, 600 түрлі химиялық заттарға субсидия қарастырылғанымен органикалық тыңайтқышқа қаражат бөлінбейді екен. Себеп – кез келген ауыл-аймақтың маңайында көң көл-көсір болып үйіліп жатыр.
– Көңді тасу үшін де қыруар техника, жанар-жағармай, қосалқы бөлшек қажет емес пе? – дейді шаруа қожалығының басшысы Құлан Болатов. – Әйтпесе көңнің ең жақсы тыңайтқыш екенін жер емшегін еміп жүрген диқандардың бәрі біледі.
Егер осы шаруа қолға алынса, елді мекендердің маңайы бейберекет үйіліп жатқан, жаз бойы күйіп, ауаны былғайтын көңнен тазарып қалар еді. Әрі құнары кеміп, жүдеу тартқан егістік алқаптар қоректік заттарға кенеледі ғой. Ғалым Әбілжан Тоқанұлының айтуына қарағанда, топырақтың бойындағы химиялық тыңайтқыштардың қуаты бір-екі жылға жететін болса, органикалық тыңайтқыштың құнары кемінде бес жылға жетеді. Тиімділігі көрініп-ақ тұрған жоқ па?
– Жалпы, субсидияны бөлудің қағидаттары қайта қарауды қажет етеді. Менің ойымша, субсидия түпкілікті өнімге берілуі керек. Мәселен, тауарлы-сүт фермасында өндірілген сүтке, ет бағытындағы шаруашылықта әр келі етке субсидия төленеді емес пе? Егін шаруашылығында да субсидия түпкілікті гектар берекесіне қарай төленгені әділ болар еді, – дейді Әбілжан Тоқанұлы.
Сапалы тұқым – егін берекесі
Шаруашылықтар егін орағы кезінде сабанды турап, алқапқа шашып тастайды. Бірақ бұл жерде де көзқарас әртүрлі. Ғылыми негіздемеге қарағанда, сабанды үгіп тастауды кері әсері де бар. Шіріп үлгермеген сабан топырақ құнарындағы азотты жұтып алады. Сабан үгіндісі тасталған жерге тиісінше, ғылыми есептелген азот сіңірілуі керек, әйтпесе егістік алқабындағы құнардың кемуі еселене түспек.
Гектар берекесін арттырудың тағы бір жолы – сапалы тұқым таңдау. Кейінгі жылдары ауа райы күрт өзгерді. Жыл сайын қуаңшылық қайталанып жатыр. Өткен жылы астықты Ақмола облысының көптеген ауданы қуаңшылықтың зардабын шекті. Жыл сайын тәп-тәуір өнімге қол жеткізетін Қорғалжын, Целиноград, Зеренді, Ақкөл, Бұланды, Бурабай, Біржан сал аудандары астықсыз қала жаздады. Кейбір алқаптарда гектар берекесі 4-5 центнерден ғана айналды. Күз бойы тынымсыз жауған жауынның әсерінен астық ылғалды болуы себепті тұқым тапшы. Әбілжан Тоқанұлының айтуынша, тұқымның тез, орташа, кеш пісетін сорттарын таңдау керек.
– Былайша түрлендіру шаруашылық үшін тиімді. Мол астық бір мезгілде пісіп жетілмейді де, ерте піскенін ерте, кеш піскенін кеш орып алуға болады. Осындай кестемен жұмыс істесе, қарбалас та азаяды. Ал қуаңшылыққа төзімді сұрыптар міндетті түрде керек.
Шетелдік тұқымға да сенім аз. Қанша жерден мақтаулы болғанымен, біздің табиғатқа бейімделмеген. Астық шаруашылығын алға бастыру үшін алдымен тыңайтқышқа, жерді өңдеуге, егіншілік мәдениетін жетілдіруге және тұқымды таңдай білуге назар аударған жөн. Ескі дағдыға салып жомарт жер мейірін төгеді дегенімізбен, гектар берекесі арта қоймайды. Қазіргі күні егіншілер гектар берекесін 25-30 центнерге жеткізіп отыр. Біз қыруар қаржы салғанымызбен, есесі қайтпай тұр. Ендігі мәселе – осы тараптағы жұмысты тиімді үйлестіру.
Жайылым жақсарсын десек...
Егін алқаптарымен қатар, шабындық, жайылымдық жерлердің де құнары кеміп кетті. Төрт түлік мал елдің іргесіндегі тоқымдай жерде жайылған соң, малға жұғымды, құнарлы шөп түрлері де азайған. Есесіне қурай басты, жусан жайлады. Мұның барлығы экологиялық апаттың қатері көбейіп, жан баласы жар басында тұрғандай әсер қалдырады. Топырақ эрозиясы жайылым тұрмақ, күміс көлдерге де зиянын тигізіп жатыр. Тақырыпқа тікелей қатысы болмаса да, осы тарапта бірауыз сөз айта кетелік. Қазір Көкшенің күміс көлдерін қамыс басып кетті. Былайғы жұрт бұрын мұндай емес еді ғой, қамыс басып, балдырға былығып кетуі несі екен деп таң-тамаша қалатын. Сөйтсек, күні-түні азынай соққан жел топырақтың құрамындағы бар құнарды ұшырып, көлге түсіреді екен де су табанына бөккен топырақ шөгінділерінен су өсімдіктері қаулап өседі екен.
– Елімізде 182 миллион гектарға жуық жайылымдық жер бар. Дүниежүзі бойынша Аустралиядан кейін екінші орындамыз. Жайылымдық жерге жарымай отырғанымыздың бірінші себебі – тиімді пайдалана алмай отырмыз әрі құнарлы жерлердің дені бейберекет жыртылып тасталды. Мәселен, Ақмола облысында 5 миллион гектар жайылымдық жер бар еді. Қазір 4,5 миллион гектар шамасында. Соңғы бірер жылдың ішінде ғана жарты миллион гектар жер жыртылды. Ол жерлер кәдімгі «жетек шаншысаң, арба өсіп шығады» дейтіндей құнарлы жерлер. Жайылым жер тарылған соң азық-түлік қауіпсіздігіне де нұқсан келеді, – дейді ғалым Әбілжан Құсайынов.
Ғалымның пайымды пікіріне құлақ түрсек, өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімдерін молынан өндіріп, дастарқан берекесін келтіріп тұрғандар – негізінен жеке шаруашылық иелері. Еттің 70 пайызын, сүттің 80 пайызын жекеменшік шаруашылықтар өндіреді. Әттеген-айы сол, оларға тиісті жағдай жасалмай отыр. Шабындық және жайылымдық жер округ әкімдерінің қарауында. Бірақ оларда жерді тыңайтатын қаражат жоқ. Қоғамдық жайылым жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, өңделуге тиісті. Өңдеудің екі түрі бар, біріншісі, табиғи жолмен. Төрт түлік малдың көктемгі, күзгі, қысқы жайылымдарын тұяқкесті етпей, әлсін-әлсін ауыстырып отырған ләзім. Жайылымдық жерлерді құнарландырудың ең оңай түрі – борана жүргізу. Борана жүргізсек, шөптің тұқымдық бүршігі қара топыраққа түседі әрі тамырына ауа барып, ылғалданады. Екіншісі, көпжылдық екпе шөптерді егіп, мәдени жайылымның көлемін ұлғайтуға болады. Егер қазіргі біздің тозығы жеткен шабындықтардың әр гектарынан бес центнерден өнім алатын болсақ, құнары жетілдірілген соң бұл көрсеткіш кемінде бес есеге дейін көбейеді.
Шабындық пен жайылымдық жерлерді құнарландыру ғылыми дәйектемеге дейін қолға алынуы керек. Ондағы ең басты ескеретін тұс – топырақтың құнарсыздануының қанша деңгейге жеткендігі. Оны тек мамандар ғана анықтай алады. Топырақ құнары тым төмендемесе, қолжетімді әдістермен шалғынның жайқалып өсуіне қол жеткізуге болады. Ал сортаң топырақтарды игеру тікелей ғылымның тегеурініне тәуелді.
Жер тиімді пайдаланылуы керек. Гектар берекесі артса, салынған қаржы да ел игілігіне еселеп оралатыны сөзсіз. Мал сүмесімен күн көріп отырған ауылдағы ағайын төрт түлік малын өсіру арқылы өзінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарта түседі. Бәрі бар, жер де, су да. Тек соны тиімді пайдалану ғана жетпей тұр.
Ақмола облысы