• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Театр 18 Ақпан, 2024

Арқалықта өнер апталығы өтті

127 рет
көрсетілді

Арқалық қаласындағы облыстық қазақ жас­өспі­рімдер театрында еліміз­дегі ең білікті деген театр сыншыларымен тәжірибе алмасу апта­лығы өтті. Біртуар жазушы, қазақ көркемсөзінің хас шебері Бейімбет Май­линнің 130 жылдығы аясында ұйым­дастырылған іс-шараға Т.Жүргенов атын­дағы Қазақ ұлттық өнер ака­де­миясының театр­­­танушы ғалымдары қатысты.

Білікті мамандар шалғай өңірдегі өнер ұжымының қойы­лымдарымен танысты. Сондай-ақ жастарға ақыл-кеңес беріп, бағыт-бағдар сілтеді.

Алатаудың баурайынан келген білікті мамандар апталықтың алғашқы күні Д.Урбанның «Тыш­қандар» ертегісі мен Р.Ку­нидің «Әзәзіл ақша» комедиясын тамашалап, қойылымның кем-кетігі мен ұнатқан тұстарына тоқталып, сахна шеберлігі, режисердің ше­шімі жөнінде өз пікірлерін айтты.

«Бүгінгі таңда шалғайдағы театр ұжымы қалай жұмыс істеп жатыр? Репертуарлық бағыты қалай? Спектакльдер қалай ойналып жатыр? Міне, біз осындай сұрақтарға жауап табу үшін бірталай жұмысты қолға алып жатырмыз. Жалпы, қазіргі кезде қазақ театрлары әлемдік теат­р контексінде үлкен белесті бағындыра алатынын көрсетіп отыр. Бағыт-бағдарлары да жақсы. Жастардың жаңа серпінмен алға басып бара жатқаны қуантады. Арқалық қазақ жасөспірімдер театрының тынысынан да хабардармыз. Қара шаңырақты ұстап отырған өнер ұжымының да еңбегі зор. Алыс аймақтарда өнер шаңырағын ұстап тұру үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өйткені кадр мәселесін шешу, актерлер мен режиссерлерді жұ­мысқа тарту, оларды осында келуге қызықтыру, көрерменді бау­рап алу – оңай дүние емес. Театрдың тамыры бүлкілдеп соғып, спектакльдер қойылып жатыр екен. Енді бұл ұжымның алдында үлкен мақсат тұр деп есептейміз. Бұл – өнер шыңына шарықтап көтерілуге ұмтылыс жасайтын театр бәйгелеріне қатысу. Біз кейінгі он жыл уақыт көлемінде үнемі республикалық театрлар фестивалі қазылар алқасының мүшесі болып жұмыс атқарып келеміз. Театр фестивальдарына қатысып, өздерін көрсетсе, нұр үстіне нұр болар еді», дейді бел­гілі театр сыншысы Бақыт Нұрпейіс.

Апталық аясында Арқа­лық театры­ның ұжымы Ш.Айт­ма­товтың «Ақ кеме», Г.Хугаев­тың «Қара шекпен», Ә.Ай­туар­дың «Туған күніңізбен, ана­шым!», А.Дударевтың «Кеш» спектакльдерін сахналады.

 

Қостанай облысы,

Арқалық қаласы