• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Өнер 18 Ақпан, 2024

Өзбек әншісінің сапары

355 рет
көрсетілді

Өзбекстанның еңбек сіңірген әртісі Мәдина Файзиеваның «Астана опера» театрындағы өнер сапары басталды. Классик композитор С.Рахманиновтың 150 жылдық мерейтойына арналған концерттік бағдарламасын музыкант өткен аптада фортепианолық музыкаға арналған жеке шығармашылығынан бастаса, ал 20 ақпан күні өтетін «Романспен кездесу» вокалдық музыка кешінде өзбекстандық мейман елімізге танымал отандық опера әншілері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, «Астана операның» жетекші солисі Бибігүл Жанұзақ және танымал баритон Азамат Жылтыркөзовпен бірге өнер көрсетеді.

Бұл – музыканттың елордалық сахнада алғаш рет өнер көрсетуі. Мәдина Файзиева – өз елінің жарқын пианистерінің бірі, әлемнің жетекші сах­наларында белсенді концерттік қызметінен бөлек, Өзбекстан Мемлекеттік консерваториясы арнайы фортепиано кафедрасының меңгерушісі. Әртістің шығармашылығы Италия мен Германияда өткен халықаралық байқаулардағы жарқын жеңіс­терімен, пианистерді даярлағаны үшін «Тасан­но» сыйлығымен, «Халықтық білім беру саласының үздігі» медалімен және «Жыл музыканты» сый­лығымен аталып өтті.

«Әлбетте, мен «Астана Опера» театрының даңқы мен оның атақты солистері туралы көп естідім. Қанық тембрлі, ғаламат дауысты әнші­лерінің арқасында Қазақстанның вокалдық өнері бүкіл әлемге танымал, – деп отандық опера өнеріне жоғары баға берген пианист әрі қарай әңгімесін елордалық көрерменге тарту етпек концертінің ерекшелігі турасынан тар­қатты. – Мен үшін Сергей Рахманиновтың тұтас шығармашылығы ерекше. «Романспен кездесу» вокалдық кешінің бағдарламасын, әрине, тамаша солистер Азамат Жылтыркөзов пен Бибігүл Жанұзақ ұсынды. Ал С.Рахманиновтың фортепианолық шығармаларынан құралған жеке концертіме келер болсақ, прелюдияларды іріктеуге негізінен вокалдық кеш бағдарламасын таңдауымыз себепші болды. Прелюдиялар көбінесе көркем бейнелі романстармен, көңіл күймен, эмоционалды сәттермен үндес келеді. Мұндағы параллельдерді шексіз жалғай беруге болады. №1 соната ре минорға келсек, бұл – С.Рахманинов шығармаларының ішіндегі сүйікті туындыларымның бірі. Соната бағдарламасы И.В.Гётенің «Фауст» трагедиясының кейіпкерлері мен сюжетіне негізделгені белгілі. Бірақ, әрине, әркім өзі үшін терең мағына аша алады. Қалай десек те, бұл соната адам өмірінің ажырамас бөліктерінің бәрін қамтыған – бітпейтін ой толғаулар, күмән, арпалыс, жақсылық пен зұлымдықтың, жарық пен түнектің текетіресі, сыршыл көңіл мен күйлер, болмыс философиясы».

Концерттер астаналық тыңдарман қауымға Мәдина Файзиеваның музыкант ретіндегі бейнесін екі түрлі кейіпте, екі орындаушылық жанрда – жеке орындаушылық және вокалистермен бірге ансамбльде паш етеді.

«Мен үшін жеке өнер көрсету дегеніміз – автордың еркіне барынша бағынған жағдайда өзін таныту мүмкіндігі. Қалай болғанда да, ком­позитордың туындысын өзіндік пайымдау. Ал шығармашылық одақта, әншімен музыкалық диалогте өнер көрсету сахнада өмір сүрудің өзге формаларын талап етеді. ХХ ғасырдың басында камералық вокалдық жанрдың дамуы бір ерекше қасиетпен сипатталды. Бұл фортепиано партиясының өсіп келе жатқан рөлі еді. Ол енді әншінің партиясымен тең дәрежедегі мәнге ие болды. Рахманиновтың романсындағы фортепианоның сүйемелдеуі дәл осындай ерекше байлығымен, бояуы мен пішіндерінің алуан түрлілігімен ерекшеленеді, оның үстіне әуезді жарқын, бедерлі вокалдық партия оның тығыз қалың өрнегі аясында анық көрініп, ешқашан солғын тартпайды. Сондай-ақ фортепиано жанында вокалдық желімен ұштасқан ерекше әуенді дауыс жиі білінеді, нәтижесінде екі серіктес арасында мәнерлі диалог пайда болады. Дегенмен мазмұндалудың күрделілік дәрежесі мен формасы қандай болса да, дауыс партиясы мен фортепиано әрдайым дерлік өзара тығыз әрекеттесіп, біртұтас ажырамас көркемдік тұтастықты құрайды. Сөзсіз, Бибігүл Жанұзақ және Азамат Жылтыркөзовпен бірге «Романспен кездесу» вокалдық кешінде өнер көрсетуіміз арқылы көркемдік біртұтас көріністі қалыптастыратын осынау үйлесімді әріптестікке қол жеткізгіміз келеді», деп ағынан ақтарылды музыкант.