• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Басылым 18 Ақпан, 2024

Керекудің бірегей басылымы

222 рет
көрсетілді

Керекудегі ақпарат саласының мінберіне айналған облыстық «Saryarqa samaly» газетінің шыға бастағанына 15 ақпан күні 95 жыл толды. Торқалы тоқсан бес жылда басылым қашанда халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаушы, қоғам өмірінің айнасы бола білді. Ел-жұрт басынан өткерген қиын-қыстау күндердің, қуанышты үндердің куәсіне, жақсылықтың жаршысы, игі істердің бастаушысына айналды.

«Сарыарқа самалы» газеті ең алғаш рет 1929 жылы 15 ақпанда «Кеңес туы» деген атаумен жарық көрген. Басылым­ның негізін ғұлама ғалым, әдебиеттану­шы Бейсенбай Кенжебаев сынды тұлға­лар қалап, тұңғыш редакторы болды. Алғаш араб әрпімен, кейін латынша гра­фи­камен жа­рық көрген. Алғашқы нөмі­ріне Бейсенбай Кенжебаев, Әмірғали Еп­ма­ғам­бетов және Кәрім Әжібеков қол қойған.

1930-1940-жылдары редакцияның дамуына Әубәкір Аяпбергенов, Балтабек Асанов, Жұмат Досқараев, Әбілқайыр Баймолдин, ағайынды Сағынбай, Зейін Шашкиндер, Зікірия Абдуллин, Сұлтан Лепесов және тағы да басқа жерлес қалам­герлеріміз зор үлесін қосты.

Өңірлік газетте көптеген белгілі тұлға­лар қызмет етті. Бұлардың арасында Қа­зақстанның Халық жазушысы, әйгілі «Ма­хаббат қызық, мол жылдар», «Ақиқат пен аңыз» кітаптарының авторы Әзілхан Нұршайықовқа ерекше тоқталуға болады. Әзілхан аға 1953-1956 жылдар аралығын­да «Қызыл ту» газетіне редакторлық ет­кен. Ол бұл туралы өз естелігінде: «Павло­дар жері мені әдебиет әлеміне көтерген космодромым» деп жазып кеткен.

Кейінгі толқынмен ақын-жазушылар Қалмұқан Исабаев, Қалижан Бекхожин, Қабдыкәрім Ыдырысов, Рамазан Тоқта­ров және өзге де қаламгерлер басылым­мен шығармашылық байланыста бол­ған, тырнақалды өлеңдері жариялан­ған. Редакцияда сондай-ақ ақын Есентай Ерботин, қаламгер Мейрам Асылғазиндар еңбек етті.

Газет өз тарихында үш мәрте атау ауыс­тырған. Кеңес туынан соң 1930 жылы «Колхоз», кейінірек «Қызыл ту», ал 1991 жылдан «Сарыарқа самалы» атанды. Аймақтағы аға басылымның жаңа белесті жолға түсіп, серпінді қадам бастайтын шағы Тәуелсіздіктің туы тігілген 1991 жыл­дың соңғы айларымен ұштасып жатыр. Осы кезеңде уақыт талабына сай шұ­ғыл түрде газет атауын өзгерту міндеті алға қойылды. Көтерілген мәселеге об­лыс­тағы барлық қоғамдық ұйымнан бас­тап, қатардағы қарапайым оқырманға дейін өз үндерін қосты. 1991 жылдың 26 қыркүйегінде облыстық басылымда жаңа дәуір басталды. Осы күні газеттің кезекті нөмірі «Сарыарқа самалы» деген атаумен жарқ етіп шыға келді. Бас редактор Ә.Мұхамеджанов оқырмандарға арнап «Ізгілік – үніміз, әділет – туымыз» деген арнайы мақала жолдап, газет әрдайым жұртшылыққа арқа сүйейтінін, бұл бастама да соның негізінде өмірге келгенін сөз етеді. Тарихтың жаңа бір парағы ашылды. Ұлттық үнпарақ өңір жұртшылығы үшін кез келген қоғамдық мәселені талқылауға арналған мінберге айналды.

Ұлттық рухани бағдаршам болу мақ­саты келелі ойларға жетелеп, газет бет­терінде жаңа айдарлар ашыла бастады. Ал араға екі жарым ай уақыт салып, Қазақстан өз Тәуелсіздігін жариялағанда облыстық үнпарақтың абыройы одан әрі арта түсті. Себебі, жұрттың азаттықтың дәмін ерте сезінуіне, рухани тұрғыдан серпілуіне басылым атауының ертерек өзгергендігі маңызды рөл атқарғаны айдан анық еді.

Газетте 90-шы жылдары жұмыс істе­ген аға буын журналистер Әжібек Жүсі­пов, Мұхамеджан Дәуренбеков, Айт­жан Бә­делхан, Төлеубек Қоңыров, Қажы­мұ­рат Смағұлов, Тұрсынбай Ибадул­лин, Бақыт Баймұратов, Өскенбай Тастем­ханов, Ғалымбек Жұматов, Шолпан Бай­ғалы, Фарида Бықай, Социал Әйте­нов, Мүбәрак Жаманбалинов, Арман Қани, Нұртөре Жүсіп, Ғалым Омархан және басқа­лары­ның сол тұстағы шығармашылық ізде­ністері мен бастамашыл ойлары оқырман қауымға жақсы таныс. Көп қиындыққа қарамастан журналистер қаламдарын ұштап, ел өмірінен тереңнен сыр шерте алды. Халықты серпілтіп, жақсылықтың нұрын септі.

Бейсенбай Кенжебаевтан кейін газетке әр жылдары Ғалым Малдыбаев, Хамза Сыздықов, жазушы Әзілхан Нұршайы­қов, Омарғали Құдышев, Сұбыхан Шо­шанов, Балтабай Сейсенбеков, Әлқожа Мұхамеджанов, Мұхит Омаров, Асыл Әбішев редакторлық етті. Редакция ұжы­мына бүгінде аймағымызға танымал қа­ламгер Нұрбол Жайықбаев басшылық етіп отыр.

Басылымның таралымы 2014-2015 жылдары 50 мың данаға дейін өскен уақыты болған. Бұл жетістігі үшін 2014 жылы ұжым Қазақстан Журналистер ака­демиясының жалпыұлттық сыйлығы «Ал­тын жұлдыз» дипломымен марапат­талса, ал 2022 жылы «Үркер» жалпыұлттық ­сый­лығын «Үздік өңірлік БАҚ» аталымында жеңіп алды.

 

Павлодар облысы